Адамзат тарихында жұмбаққа толы жолға шығу, құпия дүниені зерттеу секілді ұмтылыстар ешқашан тоқтамаған. Сол ізденістің табиғи жалғасы ретінде танылған «квест» жанры да ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін жетті. Бір кездері аңыздар мен хикаяның өзегін құраған бұл түсінік қазір нақты ойын форматына ауысып, білім берудің де, көңіл көтерудің де маңызды бөлігіне айналып отыр.
Алдымен «квест деген не?» сауалына жауап беріп өтсек. Көп жағдайда квест белгілі бір маңызды затты іздеуді немесе белгілі бір мақсатқа жетуді білдіреді. Бұл жолда қатысушылар оқиға желісіне еніп, түрлі қиындықты еңсеруге тиіс.
Квесттің алғашқы нышаны әдебиет пен мифологияда көрінеді. Қаһарман сапарға аттанып, жолай түрлі сынақтан өтеді. Құпияны шешіп, жоғалғанды тапты. Осы мазмұн кейінірек әдеби квест жанрының қалыптасуына жол ашты десек болады.
Көпшілік квесттің тарихы соңғы он жылмен ғана шектеледі деп ойлайды, алайда бұл қате түсінік. Латын тіліндегі «quere» сөзі, яғни «іздеу» мағынасын білдіретін ұғым, тарихта алғаш рет XIII ғасырдың соңында қолданылғаны белгілі. Дәл осы «quere» сөзінен кейінірек көне француз тіліндегі «queste» ұғымы туындап, «іздеу», «қуалау» мағынасын берген. Демек, алғашқы квесттерді қасиетті Граальді іздеген дөңгелек үстел рыцарларының сапарынан-ақ байқауға болады. Ал бүгінгі біз таныған квесттердің әлемге кеңінен таралуы бірнеше ғасыр өткен соң, жеті жүз жылдық өткеннен кейін жүзеге асты.
Ал жаңа дәуір бұл түсінікті ойын кеңістігіне көшірді. Алғашқы мәтіндік компьютерлік квесттер ойыншыға «жол бұрылды», «есікті аш», «жасырын нысанды тап» деген секілді командалармен бағыт беру арқылы аталған жанрдың заманауи үлгісін танытты. Уақыт өте келе графика жетілді. Әрбір тапсырма интерактивке айналып, ойын жанры кең өріс алды.
Қазіргі қоғамдағы квесттің формасы мүлде жаңаша. Бұл ұғым компьютерлік ойындарды жақсы көретіндер үшін таныс. Бірақ ол тек монитор арқылы ғана орындалатын тапсырмалар тізбегі емес. Шынайы өмірде де ұйымдастырылатын квест бөлмелері үлкен сұранысқа ие. Солардың ішінде ерекше танылған бағыттың бірі – қорқынышты квесттер. Қараңғы дәліз, тылсым дыбыс, кенеттен өшетін жарық адам бойындағы адреналинді оятып, ерекше эмоционалдық тәжірибе сыйлайды. Қорқынышты детальдар тек үрей ояту үшін ғана емес, сондай-ақ эмоцияның буымен жүрген адамды логикалық ойлауға жетелейді. Қатысушылар тосын жағдайдан сескенсе де, шешім қабылдауға мәжбүр. Сол себепті қорқынышты квесттер бүгінде жастар арасында батылдықты сынайтын, эмоциялық шиеленісті жеңуді үйрететін ерекше орта. Көбінің тіпті жүрегі дауаламайды, десе де бұл жанр шағын немесе үлкен компаниядағы достар үшін қызықты уақыт өткізудің таптырмас тәсілі десек болады.
Квесттің тағы бір маңызды бағыты – балаларға арналған білім беру ойындары. Мұндай квесттер мектептерде, балабақшаларда, жазғы лагерьлерде жиі қолданылады. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары үшін дайындалған тапсырмалар баланың ақпаратты жүйелеуіне, логикасын шыңдауына, тілдік және математикалық қабілеттерін дамытуына ықпал етеді. Кейбір квесттер белгілі бір ғылыми тақырыпқа арналады. Мысалы балаларға арналған жазғы тынығу лагерлерінде «Жеті қарақшы» деген секілді квест өте танымал. Балалар қазына іздейі, алайда тапсырмалар орындау арқылы, жылдамдық пен ақылдың арқасында ғана діттегендеріне жетеді. Бұл квест оларға тек қазынаны ғана беріп қоймай, сонымен қатар олардың логикалық қабілеттерін жақсартып, қиын жағдайға психологиялық тұрғыда дайын болуына бейімдейді.
Квест ойындарының құндылығы бір ғана көңіл көтерумен шектелмейді. Атап өткендей, олар адамның интеллектін жаттықтыруға, жадын күшейтуге, логикалық ойлауын дамытуға ықпал етеді. Мұндай тәжірибе стрессті төмендетіп, адреналин бөліну арқылы ерекше эмоциялық серпіліс береді. Квестке қатысушы күнделікті мәселені ұмытып, интернетке тәуелсіз ортада демалып, командамен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгере алады. Кейбіреулер үшін квест қызықты фотосессия жасауға да мүмкіндік туғызады. Психологтар да бұл форматты пайдалы деп санайды. Мысалы австриялық дәрігер Виктор Франкл мұндай ойындар жәндіктерден немесе бауырымен жорғалаушылардан қорқу сияқты нақты фобияларды жеңуге жәрдемдесетінін атап өткен. Бірақ мұндай шытырманға толы саяхатқа жасөспірімдер мен жастардың барғаны дұрыс. Аяғы ауыр немесе эмоционалды түрде барлық жайтты шынайы қабылдайтын жандар үшін ұсынылмайды.
Қорыта айтқанда, квест бұрынғыдай қиял әлеміндегі батырлардың сапары, компьютердегі ойын ғана емес. Ол қазір шынайы өмірдің қажетті бөлігі. Біреуге ол эмоциялық сынақ болса, екіншіге логикалық ойды дамытатын құрал есебінде көмектеседі. Ал жалпы алғанда квест заманауи қоғамның білім мен көңіл көтеруді біріктірген әмбебап ұғым.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!