Фото: ашық дереккөзден

Әйелдер тындырымды тірлік етсе де, қоғам олардың жетістігін бір ғана параметрмен пайымдайтын тәрізді. Яғни күйеуге шығып, ана атанғанды мұратына жеткен қыз деп таниды. Содан да болар, көбі кәрі қыздың көбейгеніне алаңдаулы. Өткен жылы 2 млн-ға жуық қазақстандықтың отбасын құруға асықпайтыны айтылды. Ұлттық статистика бюросы 230 мыңға жуық басы бос қыздың Түркістан облысында тұратынын мәлім етті. Солтүстік Қазақстан облысында тұрмыс құрмаған 45 мың әйел бар. Бұл көрсеткіш Алматыда да жоғары. Расымен оң босағада отырғандар орнын таппай жүр ме? Себеп қандай? Талдап көрелік.

Жалғызбасты болу қорқынышты емес

Ер адамдардың жазатайым оқиғадан көз жұмуы да кәрі қыз санын көбейтеді-мыс. Жасыратыны жоқ, санда бар санатта жоқ еркектердің бұған ықпалы тиеді. Яғни бұлар маскүнем, бомж, белсіз, ауру, дімкәс және қызтекелер деп демограф М.Тәтімов турасын айтқан еді. Иә, күйеуге шығып, бала таппау демографиялық ахуалға әсер ететіні рас. Бірақ карьера қуған кәрі қызды сынға алмай, жоғарыдағы себеп-салдарды да ескеру керек сияқты.

Сондай-ақ әлеуметтанушы Жанар Жандосова статистика халықтың қаржылық және әлеуметтік жағдайына байланысты екенін айтады. Кедейлер саны көп аймақта некелесу аз. Себебі жеке баспана мен жұмыс болмағандықтан отбасы болудан тартынады. Сөйте тұра қаржы отау құрмаудың жалғыз себебі емес. Кейбір адамдар жалғыз өмір сүріп үйреніп қалса, енді бірінде екінші жартысын іздеуге уақыт жоқ.

Ғалымдар жалғызбасты болудың артықшылығы мен кемшін тұсын айтып-ақ жүр. Расында оның биологиялық және психологиялық тұрғыда адамға әсер ететіні анық. Бірақ адекватты қыздар мұндай ықпал мен қаумалаған қоғам пікіріне байланысты күйеуге шығу туралы ойын өзгертпейді.

– Адамзат тарихында жалғыздықтың өлімге әкелетін кездер болған. Ата-бабаларымыз отбасында, қауымдастықта өмір сүрген. Адамдар жаудан, жабайы аңдардан аман қалу үшін, бір-біріне қамқор болу үшін бір шаңырақ астында өмір сүрді. Алайда ол заман артта қалды, қоғамымыз өзгерді. Егер бұрын қоғамнан тыс кез келген адам белгілі қауіпке ұшыраса, енді жалғыздық әр адамның жеке таңдауы.

Адекватты өзін-өзі бағалайтын әйелдердің мүлдем тұрмысқа шыққысы келмейтіні рас. Оларға жай күйеу қажет емес: тек жақсы көру және құрметтеу керек. Ондай бойжеткендер «бәрі тұрмысқа шығады», «досым да отбасын құрды» деп біреуді іздеп АХАЖ-ға бармайды, – дейді психолог М.Лабковский.

Иә, мансапта жолы болғанымен, махаббатта ұзақ таңдау жасайтындар бар. Сөйтіп күйеуге шығуға ыңғайлы жас 23-25-тен әрі асқанда жарына қоятын талап та қатаң болады. Ал 30-ға таяған қыздардың болмысы қатал болуы ер адамнан жылулық көрмегеннен десе, медицина мамандары 25 жастан асса да, сәби сүймеген кей арулар аналық инстинкгті жоғалтып алуы мүмкін дейді. Соның өзінде қазір «таңдаған тазға жолығады» деген тәмсіл қыздардың тұрмыс құруына түрткі емес. Жалғыздық жан тыныштығының шешімі болса, қу тізені құшақтап қалудың да ойлантарлық тұсы бар.

Махаббат оппозициясы: күш көрсеткенге көнбеймін

Психолог М.Бекайдар тым пассивті, тым активті болу тұрмыс құруды қиындата түсетінін айтады. Сондықтан орташа позиция дұрыс шешімнің бірі. Неғұрлым жасөспірім шақта күйеуге шығудың артықшылығы жиі айтылады. Жігіттер жағы мұндайда қызды «тәрбиелеп» аламыз деген пікірде. Ал 25 жастан асқан қыздардың мойынсұнуы екіталай. Олар тұрмыс пен тірлікке емес, ене мен қайын апаның қысымына бас шұлғып көнбейтін тәрізді. Сондықтан санала түрде қолдау көрсетіп, қорған болатын нағыз ер азаматты іздейді. Қазір белең алған зорлық пен жәбірді естіп зәресі ұшатыны содан, бәлкім. Өйткені статистика көңілді алаң етпеске қоймайды. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша өткен жылы зорлық-зомбылыққа қатысты 60 741 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Еліміздегі әйелдер мен қыздардың 16,4% өмір бойына, 5,6% күйеуі немесе жыныстық серіктесі тарапынан күш көрсету және сексуалдық зорлық-зомбылықты көріп отыр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты шығарылған қорғау ұйғарымдарының саны былтыр 75 мыңға жеткен. Тіпті сот құқық бұзушылардың мінез-құлқына 12 мың ерекше талап қойған екен.

– Әрине, адамның дегені емес, Алланың дегені, пешенеге жазылғаны болады ғой. Дегенмен күн сайын небір жағдайларға куә болып, түрлі ақпараттар естиміз. Отбасылық өмірге деген аздап қорқыныш туындайды. Бір жағынан жұмыс та жасағым келеді. Бұл тұрмыс құрсаң жұмыстан қол үзесің деген сөз емес. Әрине тұрмыс құрған соң сәбилі боласың. Ал бала деген үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жұмыс істей жүріп тәрбиелеу өте қиын. Дәл осы тұсқа келгенде өзімнің әлі дайын емес екенімді сезінем.
Сондай-ақ қазақ ұғымында әйел ер адамнан бір саты төмен тұруы тиіс. Мен бұнымен келіспеймін. Себебі дәл осы сөзге, одан кейін «әйелді бастан» деген мақалға сүйеніп, жарына әмірін жүргізгісі келетін ер адамдар толып жатыр. Мен осыдан қорқамын. Әрине, әркімнің санасына байланысты ғой. Бірақ ол сенің қабырғаңнан жаратылған, қабырға қисық болады демей ме… Ұрып-соғып түзеймін десең қателесесің. Сындырып алуың бек мүмкін. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түр-түрін естіп те, көріп те жүрміз. Барлығына бірдей топырақ шашпаймын. Әйелдің де кінәсі болады. Бірақ бұл ұрып-соғуға себеп емес. Ол сенің жеке меншігіңдегі затың емес, – дейді Маржан есімді ару.

«Тақиялы періштелердің» қалтасы қалың ба?

Қазір сүрбойдақтың да саны артты. Сондықтан мұның бәрі демографияға алаңдаудың дабылы дерсің. Жалғызбастыларды азайту бұрыннан бар. Осыған қатысты кезінде «ай сайын 5 мың теңгеден салық салса, азаматтар өздері ойлана бастайды. 25-тен асқан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мемлекетке салық төлеуі керек» деген ұсыныс та айтылған еді. Мәселен, Кеңес өкіметі кезінде отау құрмаған және балалы болмаған 20-45 жас аралығындағы қыз-келіншек пен 20-50 жас аралығындағы ер-азаматтар жалақысының 6 пайызын мемлекетке аударып отырған. Бірақ бұл халық санын көбейтуге арналған оң шешім болмауы да мүмкін. Өйткені әркім өз өмірінің иесі десек, таңдау соның қолында.

Уақыт жастықты ұрлайды. Десек те қыздар қауымы кәрі қыз атауына қарсы. Олар жүрегі мен көңілінің әлі де жас екенін айтып ағынан жарылады. Келесі тарап отбасылық жағдайдың минусқа ұшырамасы үшін жеке басына көңіл бөлмей, өкінген сәті барын жеткізді. Ал қалың мал мен мөлшерден асқан мәһр сұрайтын қыздар желіде қызу талқыға түсуде. Бәлкім олар құныққаннан емес, жайлы өмір сүрудің жайын қамдайтын болар. Кім білсін?!

– Өз адамымды, яғни жауапкершілігі мол жігітті жолықтыра алмай жүрмін. Отбасы – ең үлкен жауапкершілік. Ал қазір жігіттер жауапкершілік арқалағысы келмейді. Тіпті қара басын асырай алмай жүрген жігіттер де бар. Жеке, жалғыз жүріп қандай да бір жетістікке жетпеген (яғни үй не көлік ала алмаған) жігіт сені жарытпасы анық, одан кейін бала-шағасы болады, оларды тіпті асырай алмайды деп ойлаймын. Ақылы бар қыздар осы жағын да саралайды деп ойлаймын, – дейді А.Асылбекқызы.

Психологтардың айтуынша, ұлдың үйленбеуі, қыздың оң жақта отырып қалуының басты бір себебі – психологиялық блок. Ол білікті психотерапевт мамандарының көмегімен жүзеге асады. Мамандардың еңбегіне зер салсақ, блоктардың басым бөлігі төрт түрлі жағымсыз эмоцияның әсерінен туады екен. Олар ашу-ыза, реніш, қорқыныш және өкініш. Мәселен, «ажырасып кетпеймін бе?», «ажырасып кетсем жалғыз өзім баламды асырай аламын ба?» т.б. осы секілді болашақтан қатты қорқу психологиялық блоктың қорқыныш түріне жатады. Ал өкініштің типіне өз тәнін қабылдамау, «түу, еркек боп жаратылғанымда ғой» деп қыз бала болып туғанына өкініш білдіру, ер адамдардың өзіне көңіл толмауы жатады. Бұл қуатты кемітіп, отбасын құруды қиындатады дейді мамандар.

Расымен мансап пен махаббатты салыстырып, жар іздеген жігіттің қалтасын санамай немесе жасы келген қызды сынамай, алдымен түпсанамен жұмыс істеген абзалырақ. Сонда ғана мәселенің шешімін табуға болар.

Түйін. Деректерге сүйенсек, алақанда махаббат сызығы болады. Егер ол айқын көрінсе, адам міндетті түрде некеге отырады, ал ұзындығы жеткілікті және шынашақтан ары қарай өтіп кетсе, некелесетін адамыңыздың адамгершілігі жоғары болады. Расымен бұл фактілер қызықты. Бірақ үнділер секілді тағдырды алақаннан емес, маңдайдан оқитын халық болғаннан кейін пешенеге жазылғанын көресіз. Тек басқа қонған бақты кері теппесеңіз болғаны.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!