SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға көмектесті деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.

Бас прокуратура Қазақстан азаматының Вьетнамнан жеткізілгені туралы ресми мәлімдеме жасап, бейнежазба жариялады. Кадрларда Instagram желісінде миллиондаған оқырманы бар блогер Қайсар Қамзаны көруге болады.

Тергеу болжамынша, блогер 2025 жылдың қаңтар айынан бастап әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі үлкен аудиториясын пайдаланып, ақылы негізде заңсыз интернет-казино жарнамасын орналастырған және азаматтарды құмар ойындарға тартқан.

Ведомство мәліметінше, интернет-казиноны жарнамалағаны үшін оның криптовалюта әмиянына шамамен 200 мың АҚШ доллары түскен.

«Қылмыстық топ мүшелері 2021 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстан аумағында бірнеше заңсыз онлайн-казиноның жұмысын ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 миллиард теңгеден астам қаражат тапқан», – деді Бас прокуратура.

Сондай-ақ қылмыстық іс бойынша тағы тоғыз адамның қамауға алынғаны, ал өзге күдіктілерге іздеу жарияланғаны хабарланды.

Қазір Қайсар Қамза уақытша ұстау изоляторына қамалды. Егер сот кінәсін дәлелдесе, оған мүлкін тәркілеумен бірге жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Бұған дейін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында блогерге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат шыққан еді. Істі Қаржылық мониторинг агенттігі бастап, іздеу жұмыстарын ҚМА Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізген.

Кейін Қайсар Қамза өзіне іздеу жарияланғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірген. Артынша Қаржылық мониторинг агенттігі блогердің заңсыз ойын бизнесіне қатысы болуы мүмкін екенін ресми түрде мәлімдеді.

ҚМА мәліметінше, күдікті бірнеше жыл бойы Instagram желісінде «qais_arr» атымен блог жүргізіп, 2,4 миллионға жуық оқырман жинаған. Сонымен қатар ол Telegram желісіндегі «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасының әкімшісі болған, онда 368 мыңнан астам жазылушы болған.

Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталғаны 13 сәуірде белгілі болған. Мамыр айында блогер ұзақ уақыттан кейін алғаш рет оқырмандарына шығып, Вьетнамдағы ұсталуына қатысты пікір айтқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!