Қазақстан зайырлы, құқықтық мемлекет құруда халықаралық үлгіні назарға алғаны анық. Ширек ғасыр ішінде әлемге тек демократия жолындағы мемлекет емес, құқықтық құндылықты қастерлейтін ел ретінде танылды. Айта кететін жағдай, мұндай жетістікке сот-құқықтық реформалардың жемісті жолы мүмкіндік берген болатын. Әсіресе, сот билігінің орны мен мәртебесі айырықшы рөл ойнады.
Көбімізге мәлім, сот жүйесі – азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге арналған дербес билік тармағы. Әріден айтсақ, бұл – материалдық және процессуалдық заңнама белгіленген қатаң тәртіппен жұмыс істейтін иерархиялық жүйе. Сондықтан аталған жүйенің мән-маңызын ұғыну, судьялардың кәсіби және тәжірибелік дағдысын бағамдау үнемі назарда болу қажет.
Бүгінде сот жүйесі қызметкерлерінің имидждік көрсеткішін арттару мақсатында ҚР «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Заңы басымдыққа ие. Аталған заңға сәйкес, судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз әрекет етеді әрі тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Бұл өз кезегінде сот төрелігі жүйесін дамытып, азаматтардың талаптары мен мүдделерін қорғаудың ерекше моделіне қол жеткізуге жол ашпақ.
Жалпы судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау маңызды. Бүгінде аталған өкілетік тек Сот Қазыларына берілгенін білеміз. Бұл судьяларға түрлі қысым жасаудың жолын байлап, әділдік жолында адал қызмет етуге септеседі десек, артық емес.
Сондай-ақ соттар қызметінің заңнамалық және іс-жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіруді тілге тиек ету жөн секілді. Мұндай қадам соттардың құзыретін кеңейтіп, оның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда, Осы орайда қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-процесстік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің алар орны ерекше.
Бүгінгі судьялар мен сот саласы – дәстүрлі билер жүйесінің жалғасы іспетті. Билер жүйесі мемлекеттік ұстанымын, ел-жұрттың ой-санасы мен әлеуметтік деңгейін көтеруге ықпал жасады. Қазіргі Қазақстанның құқықтық мәдениетін қалыптастырды деуге де келетіні анық. Міне, осындай әділ шешім қабылдаған билердің жалғасы – судьялар бүгінгі елдің құқықтық болмысы үшін аянбай қызмет етіп келеді.
Біле білсек, судья мамандығы жеңіл бағыт емес. Сала маманы салқын ақыл, жоғары интеллект, үздіксіз білім арқылы еліміздегі сот жүйесінің дамытуға үлес қосады. Конституция мен «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Заңын бағдар қылып, сот төрелігінің барлық құрылымының қызметін мейлінше ашық болуға үндейді.
Сөз соңында айтарым, сот билігін ізгілендіруге бағытталған өзгерістер насихаттау тек судьялар ғана емес, барлық заңгер, ғалым, кез келген азамат ортақ үн қосып, атсалысу керек тақырып. Сол себепті, саладағы қордаланған олқылықтың түйінін тарқату тынымсыз еңбек пен тың ізедністі қажет етері сөзсіз.

Судья Э.Рыскулов

Жаңақорған аудандық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!