Нұр-Сұлтан мыңандағы Қосшы қаласында ер адам 9 жастағы баласымен жанжалдасып қалған құрдасын соққыға жығып, асфалтқа басын ұрғылаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Әлеуметтік желіде 9 жастағы екі бала ауладағы балалар алаңғайында жанжалдасып қалғаны, оны көрген балалардың бірінің әкесі екінші баланың жанына жетіп келіп, бас салып ұрып-соға бастағаны жазылған. 

«Ашуға булыққан 40 жастағы ер адам балаға жұдырық ала жүгірді. Ол аз дегендей, желкелей ұстап, баланың басын асфальтқа ұрғылады. Баланың көгермеген жері жоқ, соққыдан тістері түсіп, жағынан қан кетті, көзінің алдында үлкен ісік пайда болды. Ал оны соққыға жыққан әлгі адам сол күйі қамауға алынған жоқ», – делінген жазбада.

Жазба авторы кішкентай баланы қатыгездікпен ұрып-соққан ер адамныңзаң жүзінде барынша қатаң жазаға тартылып, зардап шеккен баланың емін толық төлеп беруін талап етеді.

«Өркениетті қоғамда балаға қол көтеретін мұндай адамдардың еркін жүруіне жоқ бермеу керек. Егер ол бүгін жазасыз қалар болса, ертең өзгелерді өлтірмесіне кім кепіл?», – деп автор Ішкі істер министрлігінен шұғыл шара қабылдауды сұрайды.

Желі қолданушылары бұл сұмдық жайтқа қатысты пікір білдіріп, кінәліні қатаң жауапқа тартуды талап етіп жатыр.

Ақмола облысы полиция департаменті оқиғаның болғанын растады. 

“30 мамыр күні Қосшы қаласының полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғыны 40 жастағы азаматтың үстінен шағым түсірді. Ол ер адамның 2012 жылы туған кәмелетке толмаған ұлына Қосшы қаласындағы үйлердің бірінің ауласында дене жарақатын салғанын айтты. Аталған факті бойынша баланың денсаулығына келтірілген зиянның ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі 8-тармағы «кәмелетке толмаған балаға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша тергеу жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасуда”, – делінген Stan.kz агенттігінің сұрауына жауап берген хабарламада. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!