Жақында «Abai.kz» сайтынан Темірғали Көпбайдың «Жертөлесін» шолып шықтым. Мұнда адами құндылықтың құнын көк тиынға балаған Асан есімді кейіпкердің образы ой салады. Бір дозамен тәуелділікке ұшырап, «көкте қалықтап» жүргенді ғана қалаған Асанның әдеттегідей барар жер, басар тауы қалмайды.

 Соңында көп күттірмей келетін ажалдың жолына қарап, басы қаңғырып, тентіреп кетеді. Жазушы Бертольд Брехттің «Өлімнен емес, бос өмірден қорқу керек» деген сөзінің мән-мағынасын тарқатқан әңгімеде бүгінгі күннің шындығы жатыр…

Қылмысқа көбіне кімдер барады?

Байқап қарасаңыз, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл сұраққа көп ойланбастан нашақорлар деп жауап береді. Себебі елімізде ғана емес, бүкіл әлемде дертке шалдыққандар саны жылдан-жылға артпаса, кемитін түрі жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 процентке өскен. Ол жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.

Ал 19 миллионнан астам халқы бар Қазақстан үшін есірткіге елітудің көрсеткіші ұлттық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, елімізде 18,5 мыңнан астам нашақор тіркеуде тұр, оның ішінде 1,5 мыңы әйел, сондай-ақ 94 жасөспірім тізімге енген. Республика бойынша жыл басынан бері есірткіге қатысты 1400-ге жуық құқық бұзушылық анықталған. 600 әкімшілік құқық бұзу, 1800-ге жуық қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.

Өңірдегі ахуалды шет қалдырмас үшін облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Еркін Тұңғышбаймен тілдескен едік. Оның айтуынша, облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 100-ге жуық дерек анықталса, оның 17-сі есірткі затын сату, 2-еуі аса ірі мөлшерде сақтау, есірткі құралдарын жарнамалау, 59-ы есірткіге қатысты қылмыстық теріс қылықтарға қатысты. Заңсыз айналымнан 47 келіден жоғары есірткі заты тәркіленген.

Айта кетсек, биыл «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Жалағаш ауданы маңындағы ауылдан тағы бір есірткі алқабы анықталды. Облыс тұрғыны заңмен тыйым салынған сора өсімдігін ірі мөлшерде егіп, баптап өсірген. Нәтижесінде 1149 түп сора өсімдіктері анықталып, олардан үлгі ретінде 16 дана алынған. Ал қалған 1133 түп оқиға орнында өртелді. Енді күдіктілерді темір тор күтеді. Бұдан бөлек те есірткінің кесірінен қаншама тағдырдың үзілгені, қанша адамның жұмыстан шығып, қарызға батып, отбасын ойрандап, өзін жоғалтып, қылмысқа жол бергені белгісіз.

Жылтыраққа алданбаңыз!

Қазір есірткі мен оларды саудалайтын сайттарды жарнамалайтын, жасыратын орын дайындап, ақша табуға шақыратын хабарламалар саны көбейген. «Закладка» әдісімен арам пиғылын іске асырып жүргендер бар.Психотропты заттарды жарнамалауға және таратуға қарсы заң қатайса да, қаскөйлер айылын жимай отқаны алаңдатады.

– Кең таралған есірткінің синтетикалық түріне «Альфа» жатады. Одан кейінгі орында мефедрон, гашиш, мари­хуана бар. Есірткі көбіне оңтүстік өңірлерден әкелінеді. Шу алқабы мен Қызылорда облысындағы үнді қарасорасынан жасалатын есірткі және синтетикалық есірткі көп тарағандар қатарында.

Өкінішке қарай, оларды саудалаудың жолы көп. Мысалы, 2 ай көлеміндегі ауқымды жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде есірткі тарататын сайттарды жарнамалаған Қызылорда қаласының 20 жасар азаматшасы ұсталып, оның 110 фактісі дәлелденіп, бекітілді. Күдікті азаматша өзінің қылмыстық іс-әрекеті үшін 70 мың теңге көлемінде ақша алғанын тергеу амалдары кезінде мойындады. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері.

Бір қыз қаншама адамның өмірін уласа, бәрін қосып санағанда мәселенің ауқымын ойлай беріңіз. Арнайы органдар бұған дейін бірталай сайтты анықтап, жолын кесті. Бірақ бұғаттап жатқанмен қазіргі жастардың барлығы дерлік әлеуметтік желіде отыра­ты­нын ес­кер­ген дұрыс. Маман­дар  ата-ана­лар­дың жасөс­пірім­дер­дің интер­нет арқылы жұмыс іздеуіне назар аударуға, «Курьер қажет, жұмыс кестесі ыңғайлы, жалақысы жоғары» деген жарнамаларды жіті тексеруге, жылтыраққа алданбауға шақырады.

Бір доза – бір жылдық тәуелділік

Мамандардың пікірінше, адамдардың 80-90 процентінде героин, метадон секілді ауыр есірткілерге қарсы иммунитет қалыптасқанымен қазіргі жаңа түрлеріне қауқарсыз. Оған қоса тәуелді болған адамдардың көбі мемлекеттік медициналық орындарға баруға қорқады. Бұл ретте облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов бізге мынадай пікір білдірді.

– Есірткіден арылудың бірден-бір жолы – адамның өзіне деген сенімі. Күш-жігері, шешіміне, ниетіне байланысты. Егер науқас шынымен де есірткіден бас тартып, жаңа өмір бастаймын деген сенімі болса, онда ол мамандардың көмегі арқылы дерттен айыға алады. Бұл біздің практикада бар. Көп жыл есірткіге тәуелді болып, кейін дертінен айығып, жаңа өмір бастағандар бар. Өкінішке қарай емдеу мекемесінен шыққаннан кейін бұрынғы әдетіне қайтадан әуестенетіндер бары жасырын емес. Тағы да айтайын, бұл ретте ең бірінші адамның күш-жігері үлкен рөл атқарады. Егер ол әлсіз болса, есірткіден бас тартып, емделіп кету екіталай, – дейді А.Бөкенбайұлы.

Сондай-ақ ол жақын адамдардың мінез-құлқындағы оғаш өзгерістерге ерекше назар аударуға кеңес береді. «Құнды заттарды жоғалту, үнемі шаршап жүру, телефонда күні-түні отыру, ұйқының дұрыс болмауы, әдеттегі тамақтану ырғағының бұзылуы сияқты күдік тудырарлық белгілер байқалса, бұл сіздің отбасыңыздың сол мүшесіне тез арада көмек керек деген сигнал болуы мүмкін. Әсіресе, психологиясы енді ғана қалыптасып келе жатқан жастарды бұдан аулақ ұстау қажет. Тәрбиесіне, бос уақытын тиімді өткізуіне, бүге-шүгеге араласқан артық емес. Тағылым-тәрбие тұғырдан түспесін, мұндай дүниелерді енді ғана ойлана бастағанда бәрі тым кеш болмасын», – дейді ол.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!