Өскеменде 11 жасар бала жоғалып кетті. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті хабарлады.

11 жасар баланың есімі – Ахмеджанов Тамирлан Тимурұлы. Оның жоғалғаны туралы хабарлама Ертіс полиция бөліміне 14 тамызда түнгі 02:30 шамасында түскен.

Жақындарының сөзінше, кәмелет жасына толмаған бала үйінен шығып кетіп қайта оралмаған. Хабар алысымен тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарын бастап кетті.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына құтқарушылар, кинологтар, Ұлттық Ұлан сарбаздары, волонтерлер, құқық қорғау саласының мамандары жұмылдырылған. Олардың саны 500-ден астам екенән айтады ведомство.

«Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, үйлер мен аулаларды аралап тексерілуде. Квадрокоптермен де іздеу жұмысы жүріп жатыр», – делінген хабарламада.