Әрбір банкрот болған кәсіпорын қызметкерлерінің «кәсіпорынның жағдайы қалай болады, жасаған еңбегіміздің өтемін ала аламыз ба?, кәсіпорын орындарында қала ма?» деген сияқты ойлар мазалайтыны анық. Сонымен қатар көбінесе банкрот болған мекемелер жұмысшыларының еңбек ақысын өтей алмай, сотқа жүгінетіндер де баршылық.

Банкроттық – кәсіпорындардың төлем қабілетсіздігі салдарынан өз жұмысын мәжбүрлі тоқтатуы. Мұндай жағдайда борышқор тек соттың шешімі бойынша ғана банкрот деп танылады. Кредиторлар талаптарын борышкер толық көлемде қанағаттандыруға дәрменсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастар, жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану негіздері, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізудің тәртібі мен шарттары «Оңалту және банкроттық туралы» заңында айқындалған.

         Алдымен, банкроттық дегеннің анықтамасына тоқталайық. Экономикалық сөздікте «банкроттық-қарызын қайтаруға ақша қаражатының жоқтығынан борышкердің міндеттемелерін өтеуге төлем қабілетінің болмауы» делінген. Мекеменің банкроттығы әдетте ұзақ уақыт ішінде шығысы кірістен артық болып, шығынның орнын толтыру көздерінің табылмауы салдарынан пайда болады. Банкроттық дегеніміз – сотпен қарызын толық өтей алмайтыны айқындалған соң, мекеменің борышын өтеу үшін жұмысын тоқтатуы. Бұл несие берушілердің қарызын қайтару үшін борышқорды барлық мүлкін сатуға мәжбүр етеді. Сот шешімі бойынша борышқорлық міндеттемесін өтеуге қабілетсіз кәсіпорындар қайта құрылуы мүмкін яғни оған борышын өтеп, банкроттықтан шығу үшін мөлшерлі мерзім беріледі, ал кей жағдайда борышқор фирмалар мен мекемелердің, өнеркәсіптердің шаруашылығын тоқтатып, тарату ашық жарияланып, мүлкін сату арқылы, не болмаса қаржы мүліктерін өнеркәсіптің өз адамдары сатып алу арқылы таратылады.

 Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Заңмен төлем қабілетсіздікті реттеудің негізгі 3 рәсімі көзделген: берешекті қайта құрылымдау (жаңа рәсімдердің бірі), оңалту рәсімі және банкроттық.

2019 жылғы 27 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджеттік, салықтық заңнаманы және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

 Аталған заң оңалту және банкроттық туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталып, сондай-ақ, микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан үш жыл мерзімге босатады, бірақ сонымен қатар республикалық бюджетті орындау бойынша бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Борышкер міндеттерін төрт айдан аса уақыт ішінде орындамауы оңалтуды қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінудің негізі болып табылатынын кәсіпкерлер білуі қажет. Банкроттық туралы істі қозғау үшін бизнес субъектісіне міндеттемелердің активтерден тұрақты асатындығы туралы деректерді ұсынуы жеткілікті, бұл оның орнықты төлемге қабілетсіздігін дәлелдейді.

Өз кезегінде, кредитор заңды күшіне енген сот актісі немесе борышкерден ақшаны өндіріп алу туралы атқарушылық құжат немесе борышкердің қарызды тануы негізінде оның алдындағы міндеттемелер орындалмаған кезде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Бұл ретте заң ақшалай міндеттемелердің мөлшеріне және олардың орындалмау ұзақтығына талап қоймайды.

Оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану туралы шешімді сот борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны ескере отырып қабылдайды.

Аталған заң аясында ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаған борышкерлерге, табысы мен мүлкі болмаған жағдайда банкроттық рәсімін қолданбай қызметін тоқтатуға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы С.Умарсерикова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!