Соңғы уақытта мектептегі оқулыққа қатысты түрлі мәселе туындауда. Бірі пән оқулықтарының жазылу тілі қисынсыз екенін айтса, енді бірі тапсырма мен мәтіндегі логикалық алшақтық барын алға тартады. Әйтеуір, жаңа оқулық шыққан сайын әлеуметтік желіде қызу талқы туып, халық назары ауады. Осыған орай мемлекет те тиісті деңгейде қадағалауды күшейтіп, кітап сапасына қатысты келеңсіздіктерді жоюға бет бұрған.

Алдымен статистикаға көз жүгіртейік. Қазіргі таңда елдегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді 20-дан астам жеке баспа әзірлеуде. Мамандардың сөзінше, оқу әдебиеттері сараптау орталығында мемлекеттік сараптамадан өтіп, бақылауға алынады екен. Алайда тексеру көбейгенімен олқылық азаймай отыр. Оған Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында айтылған сын дәлел. Оқулық сапасы сын көтермейді, мазмұны жұтаң, баспаларға қойылатын талап солқылдақ. Мұндай келеңсіздік неге көбейді?

Мазмұннан бастайық. Көбі оқулықтағы орынсыз сөз тіркестері мен логикалық қайшылықтың өріп жүруін аудармадан көреді. Яғни, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің кейбірі орыс тілінде дайындалады. Кейіннен дайын мәтін қазақ тіліне аударылып, сараптамаға ұсынылады. Осылайша пәнге қатысты білім-білігі жоқ аудармашылардың салғырттығы, қаржыны ғана көздейтін баспаханалардың осалдығы жағдайды ушықтырған.

Бұл мәселені шешу үшін өткен жылдан бастап оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің мазмұнына қойылатын талаптар бекітілді. Осы құжатқа сәйкес оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тілінде дайындау талабы күшейтіліп отыр.

Мәселеге қатысты Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрлановтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде орынды пікір айтылған. Онда кітаптың қандай жүйемен әзірленетіні, алдағы уақытта нендей өзегеріс болатыны нақты көрсетілген.

«Ендігі кезекте оқулық шығару ісіне қойылатын талаптар қатаң қадағаланады. Ал оқулық авторларының құрамында кемінде үш маманның (сала бойынша ғалым, практик-мұғалім және әдіскердің) болуы міндетті. Оқулықты дайындауда бір ғалым мен екі практик-педагог пән мазмұнын толық игеруге тиіс. Баспалар авторлар ұжымын өңірлердегі әдіскерлік кабинеттердің, мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттарының мамандарын және өзінің жаңашылдығымен, іскерлігімен танылған, «Жыл мұғалімі», «Үздік педагог» сияқты байқаулардың жеңімпаздары арасынан іріктейді. Еңбек өтілі, санаты, шығармашылықпен жұмыс істеу қабілеті ескеріледі», – деді Елдос Нұрланов.

Кітап мазмұнына қатысты «таяқтың екінші ұшы» – жаңартылған бағдарлама. Ата-аналардың пікірінше, қазіргі оқулықтарды балалар түсінбейді. Тақырып күрделі, мазмұн жүйесіз. Нәтижесінде оқушының қабылдауы қиындап, үлгерім көрсеткіші төмендейді.

Иә, оқу бағдар­ламаларының мазмұнын жаңарту, білім беру саласына өзгеріс әкелу біркүндік жұмыс емес. Әлемдік үрдіс, ғылыми зерттеу, педагогикалық жаңалық ескеріліп, 4-5 жылдан кейін ғана нәтиже белгілі болмақ. Сондықтан бүгінгі өзгерістердің бағдарын анықтау, бақылау сәтті нәтижеге сеп болары анық.

Жанерке НҰРХАН,

Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектеп оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!