KAZINFORM – Елімізде шыны, пластик және макулатура сияқты қоқыс түрлерін қайта өңдеу көрсеткіші төмен. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.
«Әкімдіктердің мәліметінше, былтыр 2023 жылы елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналған, оның 1 млн тоннасы (24%) сұрыпталып, қайта өңделіп, қалғаны полигондарда көмілген. Ал 2022 жылы 4,3 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтың 25% қайта өңделген», – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Е. Нысанбаев еліміздің 80% жуық халқы тұратын қалалар мен ірі елді мекендер қоқыс шығару қызметімен қамтамасыз етілгенін айтты.
«39 ірі елді мекен бойынша ғана ғарыштық мониторинг былтыр 5 533 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтады, бұл қалдықтардың нақты көлемі есепке алынатын көлемнен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді», – деді Экология министрі.
Коммуналдық қалдықтардың шамамен 70% пайдалы фракциялардан тұрады, атап айтқанда 16% пластик (656 мың тонна), 11% макулатура (451 мың тонна), 9% шыны (369 мың тонна), 37% органикалық қалдықтар және 27% басқа қоқыстар.
«Бұл көрсеткіштің өңірлерге байланысты айырмашылығы болуы мүмкін. Қалдықтардың шыны, пластик және макулатура сияқты негізгі түрлері бойынша қазіргі қайта өңдеу қуаты төмен», – деді министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!