Қазақта «жас келсе – іске» дейтін тәлімді тәмсіл бар. Яғни жас буынның іске, жұмысқа араласуы қажеттігін меңзейді. Ал бүгінгі буында деградация (белсенділіктің бәсеңдеуі – авт.) байқалып келеді. Бұл бұрын да болған. Таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Яғни жастардың жартысы оқу-білімге, ғылымға, жұмысқа ынталы болса, енді бір бөлігі құлдыраудың алдында тұр. Ол дегеніміз – қоғамда болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытпауы, бәсекеге қабілетінің бәсеңдеуі, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге бейімделуі, оңай жерден пайда табуға ниеттенуі. Осыдан кеп, еліміздің болашағына алаңдаушылық басталады. Сонымен қатар жастардың өз құқығын білмеуі де мәселеге айналып барады.

Еліміз бойынша 7 млн-ға жуық жас бар. Ол Қазақстан халқының 3\1 бөлігін құрайды. Демек, жастардың айтар ойы, олардың сұранысы қоғамда қозғаушы күш туғызуға қауқарлы. Сондықтан болар, жастардың үніне соңғы уақытта ерекше мән беріледі. Олардың мәселені ашық айтып, өз ойын білдіруге, ұсыныс тастауына мүмкіндік жасалып отыр. Бірақ «ұяламынның» ұясынан шықпайтындар артқа тартып тұр. «Кейін» деп кербезденетіндердің кері келешекті бұлдыратып жібермесіне кім кепіл? Сондықтан біздегі азаматтық институттың жұмысына жылдамдық, қызметіне қарқын қажет.
Айтпақшы, құқықтық сауаттылық жайында бірер дүние айтып өтейін. Танымал американдық өнертапқыш және бизнес-магнат Стив Джобс «жастардың өнертабысқа қызығуы – сол елді әйгілі етеді, құқығын білуі – әділ мемлекетті қалыптастырады, ал жалқау болуы – сол елдің түп-тамырымен жойылуына әкеледі» дейді. Расында, соңғы уақытта «Жаңа Қазақстан» деген ұғымды жиі пайдаланып келеміз. Бірақ оны мықтап қалыптастыру үшін түк істеп жатқан жоқпыз. Бұл үшін алдымен жастарға көңіл бөліп, білім беру реформасында, жұмыссыздықты жою мәселесінде нақты әрекетке көшіп, сапаға қызмет етуді қолға алу керек. Не десеңіз де, айтарым – осы. Жастарды заманауи болмыс пен көзқарасқа тәрбиелеуіміз керек! Джобс бұл сөзі арқылы стереотиптерді жоюға да үндейді. Мысалы, бізде бұрындары жас буынды билікке, саясатқа араластыра бермейтін. Өйткені оған деген сенім болмайтын. Ал қазір жастардың ойы маңызға ие. Неге десеңіз, билік басындағылардың мемлекетті дамытуға, өзгеше бағдарламаларды жасауға деген ойы сарқылып біткен. Бюрократизмнің шекпенінен шыққан шенеуніктер ендігі жастардың ойы мен идеяларына көңіл бөліп келеді. Жаңару деген осы емес пе, иә?
Бұрынғы «мәке-сәкенің» басымызға тигені қашан. Сауатсыз, тәжірибесіз, біліксіз мамандардың саны басым. Олардың барлығы дерлік қалтасындағы пұлды «қазынаға» құйып, «ақылы» жұмысқа орналасып, мансап жолындағы баспалдағын басқан. Олардан тәрбиеленіп шыққан буынның біліксіз болмасына кепіл бар ма? Бұл – біздің ұтылып жатқан тұсымыз. Істің артын бағатын болсақ, біраз дүниенің басын шаламыз. Алысқа бар­май-ақ қоя­йық. Құқық­тық сауат­тылық деген дүние қай кезде керек десеңіз, осы жерден бастап, өз құқығы­ңызға мән беруіңіз керек. Елімізде мынша заң, мынша бап бар деп жіпке тізіп жатудың қажеті шамалы. Ата Заңда айып жоқ. Барлық жағдай үшін шешім, үкім және жаза қарастырылып қойған. Оның бетін ашпай, өзімізге қажетті қатарын қарамайтын біздің құқығымыз тапталса, есеміз кетсе, заңға емес, қолында билігі бар көкеге жүгінеміз. Мұндайда шындық шырылдап қалатыны тағы бар. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, жастарға деген жан­айқа­йы­мызды жаза-жаза жет­кізе алма­уымыз мүмкін. Нақты іске көшетін кезге келіп тұрмыз.
– Біз құқықтық тұрғыдан зайыр­лы мем­ле­кетте өмір сүр­ген­нен кейін, әрбір жас осы дүниеге келгенде сауатты болғаны дұрыс. Кез келген оқу орнында жастардың түрлі жағдайға кездесу ықтималдығы жоғары. Ол құқықтық тұрғыдан болсын, басқа болсын. Қазірде сыбайлас жемқорлық мәселелері өте өзекті болып тұр. Мәселен, студенттер білместікпен емтиханды жабу үшін мұғалімге пара беріп, артынан бұл әшкере болатын болса, дипломсыз қалудан бөлек, болашақта жақсы жұмыс орнына тұра алмайтынын білмеуі мүмкін. Кейде біреудің мүлкін рұқсатсыз алып, ұрлық жасаса, бас бостандығынан айырылуға дейін баратынын білген болса, оның әрекеті басқа болар ма еді?! Міне осы жағынан қарасақ, жастар құқықтық сауаттылыққа мән бергені жөн. Мұндай әрекеттер болмауы үшін заңгерлер оқу орындарында арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастардың өз құқықтары мен міндеттерін таныстыру керек деп ойлаймын, – деді заңгер, «Әділдік жолы» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Ләззат Бақтыбаева.
Заңгердің айтуынша, қазіргі жастарда құқықтық сауаттылықтың болмауы оның түрлі сын-қатарде қиындыққа тап болып, құқығының тапталуына алып келеді. Кез келген топта өз сөзін дұрыс айта алмай, бәсекеге қабілеттің болмауы – өз мүддесі үшін күресе алмаудың белгісі. Мұндайда оған қажеті керемет қасиеттер емес. Құқығын білуі ғой. Бүгінде жас буынға тағылатын айып көп болса да, ол кешірімді. Себебі жас шыбық иіледі. Ал қураған ағаш морт сынады. Келешекті көркейтуге жастарға дұрыс бағдар беріп, болашаққа дайындау қажет. Осы үдеде жетілген жас болашақта бюрократтық жүйені жойып, нағыз ояу, креатив қоғамның пайда болуына жол ашады.

Түйін. Жағымпаздықтан құтылып, жампоз жасты жасақтау үшін үш-ақ дүние жеткілікті. Ол үшін еліне жанашыр әрбір жанның бойында нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек болса, Абай армандаған «толық адам» болмысы қалыптасып, өркениеттің өрісінде тұрақтаймыз. Жастарды – мәселе деп ғана қарағанды тоқтатсақ, сенім білдірсек, жетістік үшін күш жұмсасақ, кейін мәуелі жеміс береріне сенім мол. Құй сен, құй сенбе, бізде құқыққа құрмет, заңға сыйластық орнағанда жаңарған Қазақстанды көреміз.

Ердәулет ҚАЛИЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!