Сахна төрінде үлкен басшы елге еңбегі сіңген тұлғаларды марапаттап жатты. «Елдің қамын жеумен» қарны алдына екі метр шыққан алпауыттар алғыс хатқа көмілген. Қызыл кілеммен тура ортаға барып, қолына құрметті қағазды ұстаған күйі жымиып фотографқа қарайды. Пәлі, бәрі бір әдемі образға кіріп алған ғой. Сол образдан біразға дейін шыққысы келмейді. Жүргізуші кезекті «құрметті адамды» ортаға шақырып жатты.

– Ақбай Бақбайұлы марапатталады…

Сахнаға үп еткен желден құлап қалардай қара сирақ жіңішке бала жалт етіп шыға келді. Бәрі бір-біріне қарасты.

– «Қамқор» партиясының өкілі.

Әрі қарай өмірбаянын судыратып оқып жатты… Оқып жатты. Түгесілер емес. Бесіктен белі шықпай жатып, талайды қатырған, батыратынын батырған, аюдай ақырған кәттә өмірбаян екен. «Бұл не деген батпан құйрық» десті жұрт. Өмір дерегіне қарасаңыз, кәдімгі жұмыс жоққа жұмыс, тыныс жоққа тыныс берген, өліні тірілтіп, тіріні қуатты еткен, айналасын шуақты еткен бір керемет екен. Көрермен қатарында бастығынан әбден құқай көріп, әріптестерінен үш есе аз жалақы алатын Жалтырбайдың көңілі жібіп қалды. «Тура маған керек адам» деп түйді ол. Жиын біте сала дайындалып, қабылдауына жазылмақшы. Не дегенмен, партия ғой. Сөйтіп дереу әйеліне хабарласты.

– Мен бүгін «Қамқор» партиясына барамын. Жағдайды айтып, баяндап, бастықтың аяғын аспаннан келтіремін. Осыдан көр де тұр, менің күнім туатын болады. Ішім сезеді, – деді қуанып.

– Жалтырбай десе Жалтырбайсың ғой. Шашы түсіп, жалтыраған басыңның ішінде титтей ми болса, осылай демес едің, – деп әлгі тұтқаны қоя салды.

Не болса да көрмекші. Тартып алар түгі жоқ. Айдың жартысына жетеғабыл болатын жалақысын алмаса, басқа несі бар?! Бұдан төмен түсер, құлдилар не қалды?!

– Ақбай Бақбайұлы, кіруге бола ма екен?

Әлдекіммен телефон арқылы сөйлесіп отыр. Бағанағы фотоға түсердегі жымиған кескін жоқ. Қабағынан қар жауып, түйенің үстінде отырған дөкейдің баласы. Сәлем жоқ, сауқат жоқ.

– Не мәселемен келдің? – деп дүңк еткізді.

– Мәселе болғанда мұғалім едім. Бастығым Мырқымбай Таштайұлы осындай жағдайға жеткізді. «Қамқор» партиясының, оның арғы жағында өзіңіздің бастамаңызбен талайдың мәселесін шешіп беріпсіз. Мен де үміт артып келіп отырмын.

– Жақсы, оны танимын. Мәселеңіз шешіледі. Уайымдамай бара беріңіз, – деп қысқа қайырды да телефонымен әлдекіммен сөйлесе бастады. – Е-е, марапат деймісіз. Ех-еее-ххххх, бізден басқа лайықты кім бар дейсіз. Күндіз-түні елдің қамымен жүріп жатырмыз. Осы біз болмасақ, мекемелер ішіндегі жағдайды да шеше алмайды ғой. Уа-ха-ха…

Жалтырбайға шыға бер деп, қолымен есікті нұсқады. Дәлізде шығып бара жатып, не жазбаша өтініш, не сұраныс жаздырмай қала берген Ақбайдың әдісіне марқайып, үйіне қайтып барады. Жолда телефонына хат келді. Бастықтан екен.

«Сен енді боссың. Ақбайдың менің інім екенін білмейтін бе едің?..»

Мұртын балта шаппайтындармен күресемін деген Жалтырбай болашағына балта шаптырып, отырып қалды.

Ал бұл уақытта жұмысы жоққа жұмыс, тынысы жоққа тыныс тауып берген партия өкілі, меценат қара бала әкесімен дауласып, «Сен не білесің ей?» деп соғып жатқан…

Айнаға қарап тұрайықшы. Бәлкім, «Құрметті адам» деген аттан ұят болып жатқан жоқ па?..

Нұр ТӨРЕ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!