Сүйінші! Қызылордалық Бағдат Калмановтың отбасы баспаналы болды. Бүгін «Dauletten» қайырымдылық қоры 53-баспананың кілтін көп балалы отбасыға табыс етті. Қосымша 2 млн теңгеге тұрмысқа қажетті техникалар мен ыдыстар керек-жарақтарын алып берген.

Баспана кілтін табыстау рәсіміне «Dauletten» қайырымдылық қорының қызметкерлері Абылай Бегалы, Жарқын Бейсенов және «Сыр Медиа» серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев қатысты. Қорға халық бір күнде 19 млн теңге қаржы аударған. КБИ мөлтек ауданынан газбен жылитын 6 бөлмелі жер үй сатып алынды. Бағдат пен әйелі жұмыс істейтін «Сыр Медиа» серіктестігінің ұжымы отбасыға бір күндік жалақыларын аударды.

Еске сала кетейік, өткен аптада Бағдат Калмановтың Сәулет мөлтек ауданындағы баспанасынан түн жарымда өртеніп кетті. Қыс қарсаңында далада қалған отбасының мұңын әріптесіміз Гүлбану Мақажан «Dauletten» қорына жеткізіп көмек сұраған. Журналистің өтініші қордан қолдау тапты. Ол қордың еріктісі ретінде үй іздеп, құжаттарын рәсімдеп баспаналы болуына атсалысты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!