«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын». Осы сөздің төркінінде терең мән жатыр. Өйткені шаңырақтың беріктігі, отбасындағы ынтымақ, бардың бағасын білу, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, бәрі-бәрі келіндердің бойындағы жақсы қасиеттермен астасып жатады. Иә, заман түрленген сайын қазіргі келіндерде жаңа ғасырдың іс-әрекетіне бейімделуде. Тіпті әлеуметтік желінің көмегімен тындырымды тіршілігін оқырман қауымға ұсынып, көптің ықыласына бөленгендер де аз емес. Соның бірі – “робот келін”. Алғашында роботтан келін жасапты деген ой қалыптасуы мүмкін. Бірақ Ақтолқын Серікбай шапшаң тірілігінің арқасында ғаламтордағы аудиториясынан  “робот келін” деген атқа ие болды.

Оқырмандар бағасы

– 23 жасымда тұрмысқа шықтым. Үйдің тіршілігі де, бала бағу да, қызмет атқарып, ата-ене мен жолдасыңның тілін табу да оңай емес. Бірақ бәріне үлгеруге тырысамын. Ғаламтор билеген заманда гаджетсіз өмірді елестете алмайтындай болдық. Үйдегі күнделікті тіршілігімді телефонның көмегімен instagram-ға сала бастадым. Күн сайын үзбей бейнероликтер салғаннан кейін оқырмандар бірте-бірте  жинала бастады. Алғашында инстаграмдағы аккаунтымды Ақтолқын Серікбай деп қарапайым түрде аштым. Ол кезде 317-ғана оқырманым бар еді (күліп). Instagram-ның ауқымы кең ғой. Кез келген адамның аудиториясын қарауға мүмкіндік бар. Insta-да батыс пен оңтүстіктің блогер келіндері қалыптасыпты. Адамның істегенін адам істейді деп тәуекелге бел буып, аймақта алғашқы блогер келін ретінде Instagramда пайда болдым. Керек кеңестерді ұсынғаннан кейін оқырман жиналды. Бүгінде 508 мың оқырманым бар. Кейде роликтерден қауырт тіршілігімді көрген оқырмандар “Бәріне қалай үлгересіз?”, “Сіз осы демаласыз ба?”, “Қалай шаршамайсыз?” деген сұрақтарын жаудырады. Алғашында оларға әзілдеп, өзімді “робот келінмін” деп атайтынмын. Кейін осы ат тез таралып, әлеуметтік желіде “робот келін” атанып кеттім.

Халықтың келінімін

– «Келіннің аяғынан» дегендей үйдегі келіннің жүріс-тұрысынан, бойындағы ізеттілігінен оның тәлім-тәрбиесі, адамгершілігі айқын көрініп тұратыны сөзсіз. «Пәленше үйдің келіні жақсы екен, түгенше үйдің келіні осындай екен» деп, ақ жаулықты апаларымыз келін туралы тек жақсы пікір айтуға әдеттенген. Жалпы барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Бірақ қал қадірімізше өзімізді жақсы қырынан танытуға барымызды саламыз. Күн сайын Instagram-дағы Stories арқылы сәлем салып, елмен амандасамын. Үлкендер баталарын жазып, риза болады. Арасында “Неге сәлем саласыз? Сізді өзіңізден кішілер де қарайды ғой” деген хаттар келеді. Сәлем салғаным – мені қарап отырған үлкендерге деген құрметім, ал жастарға берген өнегем деп білемін. Еліміздің кей өңірлерінде бұл дәстүр ұмытылып барады. Мәселен, солтүстік өңірлерде сәлем салу дәстүрі жоқ екен. Сол жақтың келіндері “сәлем салғымыз-ақ келеді, бірақ біз жақта біртүрліқарайды” деп жазады. Мүмкін біз секілді келін-блогерлер “сәлем салу” эстафетасын барша келіндерге жолдасақ, көпшілікте қызығушылық оянып, керемет салтымызды жаңғыртуға болатын шығар. Осы ойымды құптаушылар табылса, эстафета бастауға болады. Ел арасында «халықтың келіні» деген дәрежеге жеткенімді көріп, бойымды мақтаныш сезімі кернейді.

Instagram-да сыйлық таратамын

– 508 мың адам назарын аударып көретін болған соң, кейде Instagram-дағы оқырмандарымды сергіту аясында сыйлық ойнатамын. Әрине барлығы тегін таратылады. Гив арқылы демеушілер іздеп, оқырмандар үшін ең қажетті сыйлықтарды алуға тырысамын. Өзге блогерлерден айырмашылығым – менде ұйымдастыру алқасы болмайды. Барлығына өзім атсалысамын. Өйткені ұйымдастырушыға сеніп, абыройсыздыққа ұшырағым келмейді.

Енесі бар адамдар шаршамайды

– Қоғамда ене мен келін тақырыбы жиі қозғалады. Келін туралы да, ене туралы да жағымсыз пікір баршылық. Енесімен бірге тұрып жатқан келіншектерге жаны ашып қарайтындар да жеткілікті. Ал негізінде, келіннің енесімен қара шаңырақта бірге тұрғанның пайдасы мен артықшылығы өте көп. Ата-енемен бірге тұруды құптаймын. “Қарты бар үйдің қазынасы бар” дейді. Жастар үлкендермен бірге тұрса, біраз нәрсе үйренеді. Береке болады. Ата-әженің қолында өскен немере де көпшіл, бауырмал болып өседі. Сол үшін тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға, жас келіндерге “атаңа не қылсаң, алдына сол келеді” дегенді айтқым келеді. Қара шаңырақтан қашпау керек!

Ерасыл ШӘРІБЕК