Сырдың төменгі ағысында Кирдің басын алып, әскерін тоқтатқан Томиристің ерлігі әмбеге аян. Міне, сол оқиға Қармақшы топырағында, Қуанның бойында болған деседі. Тарих бетін парақтаған Айдынбек Айтбайұлы осы дерекпен бөлісті.

Иә… Қармақшы топырағы кие мен қасиетке тұнып тұр. Ағаш атқа мінген алты жасар баласы да жыраулар шығармасын жатқа білетін, бір ауылдан жүз шайыр шыққан мекен төрінде елдің өткені мен бүгінін сабақтастырар талай ескерткіш бар. Тарихтың тамырын тартып, Көшеней Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» директорының орынбасары, өлкетанушы Айдынбек Айтбайұлымен сұқбаттасудың сәті түскен еді…

– Айдынбек Айтбайұлы, қасиетті Қармақшы деген тіркес құлағымызға сіңісті болып қалған. Қармақшыға қасиет беріп тұрған не нәрсе?

– Қай қазақ болмасын, Қармақшыны жай айтпайды, қасиетті Қармақшы деп атайды. Мұның түп-төркінінде үлкен мән жатыр. Осы ретте айта кетейік, қазақта төрт құбылаң тең болсын, төртеу түгел болса, төбедегі келеді деген сөз бар. Қорқыт бабаның жамбасы жерге тиген қасиетті мекеннің оңтүстігі мен солтүсігінде, шығысы мен батысында Қорқыт баба, Сейтпембет әулие, Жәрімбет әулие мен Қармақшы ата бар. Үш жүздің пірі атанған Марал ишан, оның баласы Қалқай ишан да осы Қармақшыдан жай тапқан. Марал ишан қорымының өзінде 20-дан астам ишандар мен әулиелер жерленген. Олардың өзінің де тарихы сан тарау. Бұқара көрген, Қоқанда оқып келген белгілі тұлғалар мұнда. Ахундар мен ақындар, жыраулар мен батырлары көптеп танылған мекен. Қарт Қаратау мен айдынды Аралдың арасында ғұмыры көпке үлгі талай тұлғалар өмір сүрген ғой.

Сақ, қаңлы дәуірінен бастап тіршілік тіні жақсы дамыған. Ұлы Жібек жолының бойында қаншама асарлар орналасқан. Ұзын саны 50-ден астам. Шірік рабат қалашығының өзі талай тарихтан сыр тартады. Сақ ханзадасының сауыты, Түгіскен көсемінің сауыты орталық мұражайда көрсетіліп жүр. Мұның барлығы ауданның тарихымен астасып жатады. Мұндай тарихы бай қастерлі мекенді қасиетті деп қалай атамайсың?!

– Сіз айтып отырған нысандардың біршамасын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізімінен көрдік. Мұнан бөлек те кісі қызығарлық жәдігерлеріміз жетерлік…

– Иә, елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған іс-шара еді бұл. Қазақстан бойынша 100 киелі орынның тізімі қалыптасты. Сақтардың астанасы болған Шірік-Рабат, Баланды ІІ кесенесі, Бәбіш мола қалашығы да осы тізімде.

Бұл – ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік. Қармақшы ауданында екі бренд болса, оның бірі – Қорқыт ата кешені, екіншісі – Байқоңыр ғарыш айлағы. Сондықтан, киелі жерлер қай қоғамда да өз орнын табады, қай қоғамда да құнын жоғалтпайды. Жылына кем дегенде 2 мыңнан астам, 3 мыңға жуық адам осы біз айтып отырған кешендерге туристік сапармен келеді. Бұл – елдің әлеуетін көтеретін бастама.

Айдынбек ІСКЕНДІРОВ: Томирис Кирдің басын Қуанның бойында алған

– Қармақшыдағы ескерткіштердің көнелігі қалай? Қай дәуірден басталады?

– Асарларымызды, Шірік-Рабат қаласын ертеден басталған деп айта аламыз. Сол ескерткіштер арқылы өңірде сол кездің өзінде өркениет болғанын байқаймыз. Сол кездегі халықтың мәдениеті, шаруашылығы осы жәдігерлер арқылы белгілі болады. Асарларды мысалға алсақ, сол халықтың егіншілікпен айналысып, жүздеген гектар жерді игергенін білуге болады. Күріш пен бидай еккенін байқадық. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде құмырада сақталған арпа табылған. Оның бұзылмай осы күнге дейін жеткенінің өзінде озық технология жатыр. Сондай-ақ, салынған үйлердің, моншалардың ерекше шеберлікпен салынған. Кей деректерде жерасты жолдарының қалыптасқанының өзі өркениет емес пе?! Тұтқиылдан жау шапқанда қосымша қорғаныстың бір түрі – бұл.

Кей ескерткіштердің жағдайы қанағаттанарлық, кейбірінікі – жақсы. Жағдайы төмендеулеріне қарап, көп ойланамын. Мемлекет ең әуелі әлеуметтік нысандарға қарайды, халықтың жағдайын көтеруге жұмыс істейді. Ал мұндай ескерткіштер мен кесенелерге сол кісілердің ұрпақтары көз қырын салып, ұрпақтың бабалар алдындағы парызын орындаса екен деймін. Қармақшы атаны найман руынан шыққан тұлға ретінде айтамыз. Елге қызмет еткен тұлға. Сол кісілердің ұрпақтары баба рухына осылай тағзым жасаса құптарлық іс болар еді…

– Жерасты жолдары туралы көп жерден мәлімет кездестіреміз. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген бе?

– Жоқ, ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Бірақ, тұрғындармен сұқбаттасу барысында, қариялардың айтқан ауызекі әңгімелерінің арасында жерасты жолдары туралы көп кезігеді. Тіпті дариядан жармаға түскен су ары қарай қайда кетіп жатқаны белгісіз. Бақша егіп жүргендер бұған сан мәрте куә болған.

Жаңадария мен Қуаңдария арналарының арасы кезінде ну орман болған. Ұшқан құс, жүгірген аң көп болған. Сол аралықта жерасты жолы болған деген де аңыз-әңгімелер бар. Тіпті, атақты патшайым Томирис парсы патшасы Кирдің басын осы Қуанның бойында алды деген де ауызекі әңгімелер бар. Шындыққа жанасуы да әбден мүмкін.

– Кирдің басы осында алынса, бұл үлкен тарихи дүмпу болары анық. Осы тарихи ескерткіштерді аралап жүріп, кез болған ең қызықты деректеріңіз бар ма?

– Әрине, таңданыс танытқан сәттерім көп. Біздің бабалар салған нысандардың сапасының өте жоғарылығына тәнті болдым. Қармақшы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Кесенелерді салуға пайдаланған кірпіштерге биенің сүті мен қылы қосылған деген деректер бар. Бірнеше ғасыр бойы сыр бермей, әлі күнге сақталып тұрған осындай нысандарға таң қалдым. Құрылыс материалдарының өзін өте жоғары шеберлікпен жасап жатқан бабалардың тағы бір ерекше ісі сол кездің өзінде кәріз жүйесіне қосылған. Оны саз балшықтан иінін қандырып отырып, жасаған екен. Тамаша емес пе?

Айдынбек ІСКЕНДІРОВ: Томирис Кирдің басын Қуанның бойында алған

– Қорқыт ата ескерткіш-кешенінен оңтүстікке, сегіз жүз елу метрдей жерде Ақсақ қызға арналып кішігірім ескерткіш қойылған. Осы ескерткіш туралы айтып өтсеңіз…

– «Қорқыт ата» ескерткіш кешенінің авторы, сәулетші Бек Ыбыраевтың журналистерге берген бір сұқбатында: «…Аңыз бойынша, Қорқыт қайтыс болғаннан кейін Ақсақ қыз судың ортасында қалған Қорқыттың қобызын әкеліп, дарияның жағасына қояды. Жел соққанда қобыздың ішектері азалы үн шығарып тұрады. Содан Қорқыт атаның басына белгі тұрғызу туралы идея пайда болды…» дейді. Ал, Ақсақ қыз кесенесінің салыну тарихына келер болсақ, бұл кісі тағы былай дейді: «…біздің айналамызда жүргендердің туыстары арасынан 11 адам о дүниелік болды. Өзім өлімнен қалдым. Содан мектепте оқитын кішкентай бақсы қызға бардық. Болған жағдайдың бәрін баяндап, себебін айтып беруін сұрадым. Сонда әлгі қыз баланың айтқаны: «Бір әжені көріп тұрмын, аяғы ақсақ, сол кісі назалы, ажалдың себепшісі сол». Есіме Қорқыт жайлы аңыздағы Ақсақ қыздың сап ете қалғаны. «Ақсақ қыз ба?» десем, «Атын қайдан білесіз? дейді кішкентай бақсы қыз.

Ақсақ қыздың бірнеше жыл бұрын тұрған мұнарасын солдаттардың қиратып тастағанын естігенмін. Дереу пойызға отырып, Жосалыға келдім. Қармақшы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ө.Мұхамбедиевке кіріп, жағдайды түсіндіріп: «Ақсақ қыздың мұнарасын қайта тұрғызбасақ, бәріміз де ана жаққа кетеміз» дедім. Кірпіш, цемент тауып берді. Мұнарасын қалап біткеннен кейін Ақсақ қыздың әруағынан тізерлеп отырып кешірім сұрадым. Содан кейін тынышталды ғой. Ажалдың бәрін әкеп жүрген Ақсақ қыз болып шықты» дейді. Біз бұл жерде Ақсақ қыздың киелі, әулие кісі болғандығын байқауымызға болады.

– Бұл аңыздың тағы бір нұсқасы болуы мүмкін бе?

– Қорқыт туралы айтылатын қазақ аңыздары өте көп. Оның бірі «Қорқыт пен қырық қыз». Қазақтың аса көрнекті ғалымы әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» атты ғылыми-зерттеу кітабында ол былай айтылады: Қорқыт қашан дүниеден көшкенше өлімге мойын ұсынбаған. Өлімнен қалай құтылудың емін іздейді, ылғи дүние кезіп жүрген. Бірақ қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» шыға берген. Қара жерде тұру қорқыныш бола берген соң, Қорқыт су үстінде тұрып көрейін деп, кілемін Сыр суының бетіне төсейді, қарындасын қасына алып, кілемнің үстінде отырып өмірге, еліне, жеріне арнап мұңлы күйлер тартады. Сарнап шыққан Қорқыттың қобызының даусын естігенде өзен бойында отырған елдер үйінде шыдап отыра алмайды. Олар тобымен өзеннің екі жағалауына жиналып, Қорқыттың күйін емірене тыңдайды. Қобыздың дауысы кешқұрым Сырдариядан алыс жатқан Арқадағы елдерге де жетеді. Қобыз дауысымен елегізген Арқаның қырық қызы Қорқыттың күйін тыңдауға құмартып үйлерінен жүгіре шығады. Басында қобыздың даусы жақыннан шыққан сияқты еді, бірақ қыздар күндіз-түні жүріп жете алмады. Бетпақтың шөліне кездеседі. Жол-жөнекей ел таба алмай, 39 қыз өкпесі өшіп өледі. Тек қырқыншы қыз аяғынан айрылып, Сыр жағасына жетіп, Қорқытты көріп өледі.

Және де тағы бір аңыздарға үңілетін болсақ, Арқадан іздеп келген Ақсақ қыздан Қорқыт бір перзент көріпті дейді. Бірақ күндіз-түні ажалдан қашып, қобызын сарнатқан Қорқыт баласы мен зайыбына көңіл бөле алмайды. Ал, баласы мен зайыбы Сырдың жағасында өмірлерін өткеріп, Қорқыттың тілеуін тілеумен болады. Содан бала есейе бастағанда анасының бағып-қағып алдандырғанына місе тұтпай, қобыз тартып отырған әкесіне талпынуды шығарады. Уыздай білегін созып, бұлқына ұмтылып, неше түрлі қызық көрсете бастайды. Бұған Қорқыттың да жүрегі елжіреп, бауыры аяғының басына түскендей күй кешеді. Бірақ, амал жоқ, қобызын тоқтатып, жағалауға шықса, ажал тұзағына ілігетінін біледі. Сонда Қорқыт баласына телміре қарап, көзі көріп тұрса да, емірене иіскей алмай, бауырына қысып мауқын баса алмай мұңаяды. Мұңая отырып баласын алдандыра жұбататын «Әупбай-әупбай» күйін тартады. Осы көріністің куәсіндей болып ұрпақ есінде «Әупбай» күйі сақталған.

Айдынбек ІСКЕНДІРОВ: Томирис Кирдің басын Қуанның бойында алған

– Ақсақ қыз кесенесінің қазіргі күйі қандай?

– Қазіргі таңда Ақсақ қыз кесенесі мемлекет қорғауына алынып, алдын ала тарихи және мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілген. Ескерткіштің географиялық координаттары 45 35 4۫7,9 Е 063 55 46,3. Құлаған төрт қабырғасы төрт құбылаға қараған. 7х7 м. көлемді. Ескерткіштің орны бастапқы бейнесінде 1,5 м төбе түрінде сақталған. Қыш кірпіштен қаланғанға ұқсайды. Өлшемдері: 23х23х3 см, 25х25х7 см. 1998 жылы археолог Т.Мәмиев жан-жағын топырақтан аршып, зерттеген. Ол қабір үсті құрылыстың күмбезді түріне жатқызылады.

Қазақ халқының ғасырдан ғасырға ұштасқан тарихи мұрасын сақтау, өткені мен бүгінін жақындастырып байланыстыратын құнды жәдігерлерді қорғау және жас ұрпақтың өздерінің тарихын жете білуіне ұйытқы болу – бүгінгі біздің басты міндетіміз бола бермек.

– Ескерткіштер – ел тарихы. Қай-қайсысына болса да ғайыптан тайып тіл біте қалса, талай сырды ақтаратыны анық қой. Бабалар өткен сан тарау жолдан хабар беріп тұрған осы тарихты біз қалай қорғап жүрміз?

– Тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы», 1979 жылы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» қабылданған Конвенцияларды атауға болады.

Одан кейінгі тәуелсіздік жылдарынан бастап, қоғам мен мемлекеттің тарихимәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, еліміздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында ынтымақтастық белсенді дамыды. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленетін міндеті болып табылады. Заңнамада археология, ансамбль, киелі обьектілер, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондайақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган Мәдениет және спорт министрлігі болып табылады.

Жергілікті тұрғындар арасындағы көп кездесетін сұрақ болғандықтан монументті өнердің жаңа құрылыстары уәкілетті органның шешімі негізінде жүзеге асырылатынын атап өткім келеді.

Айдынбек ІСКЕНДІРОВ: Томирис Кирдің басын Қуанның бойында алған

Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11-бабына және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығына сәйкес, ұсыныстар уәкілетті органның монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясымен қаралады. Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады. Одан әрі монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібіне сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асырылады. Археологиялық зерттеулерді заңсыз жүргізу жағдайларына келер болсақ, қазіргі таңда далалық жерлерде белгісіз кен іздеушілер немесе «қара археологтар» металл іздегіш радарлармен археологиялық ескерткіштерді қазып, талқандап кету жағдайлары көп кездеседі. Олардың әрекеті ескерткіштің мәдени қабатын жойып, сақталған құрылысын анықтауға нұқсан келтіреді, құнды жәдігерлердің қайтарымсыз жоғалуына әкеліп соғады.

Сондай-ақ, осы аталған заңдылықта уәкілетті органмен археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының жоспары жасақталып бекітіледі. Жоспардан тыс археологиялық қазба жұмыстары заңсыз болып табылады. Осы орайда, арнайы тексеру рейдтерін жүргізіп, кез келген күдікті деп танылған әрбір әрекет бақылауға алыну керек. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қылмыстық кодексiнің 295-бабына сәйкес, археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу бойынша тарихи-мәдени мұра объектісінде археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу – іздестірудің арнайы техникалық құралдарын (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар, топырақ қабатында археологиялық заттардың болуын айқындауға мүмкіндік беретін басқа да техникалық құралдар) немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

– Ерекше сұқбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!