«AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильді көшпелі қабылдау тобы Қармақшы ауданына қарасты Жаңажол және Жалағаш ауданындағы Аққұм ауылдық округтерінде болып, халықты толғандырған сауалдарға жауап берді.

Оған партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов арнайы келіп қатысты.

Жалпы екі елді мекенде ұйымдастырылған мобильді қабылдауға 40-қа жуық тұрғын келді. Өтініштердің басым бөлігі жер, аяқсу, жол, ауызсу, денсаулық, білім саласы, әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты болды.

Қоғамдық кеңес

«AMANAT» партиясы жанындағы аймақтық экологиялық қоғамдық кеңес отырысы өтті.

Отырысқа қоғамдық кеңес мүшелері, облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, басқа да құзырлы органдар өкілдері мен фракция мүшелері және осы салаға жауапты аудан әкімдерінің орынбасарлары мен сала басшылары ZOOM бағдарламасы арқылы қатысты.

Жиында күзгі тал егу жұмыстары, қаладағы қоқыс қалдықтары мәселесі мен аймақтың экологиялық мәселелері талқыланды.

Бағдарлама барысы талқыланды

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Нәлібаев облыстық әділет департаментінде кездесу өткізді.

Жиында Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен  партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.

Интеллектуалды чемпионат

«AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының  Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау іс-шарасы өтті.

Жолдауда көрсетілген интеллектуалды, білімді ұрпақ қалыптастыру бағыты бойынша  «Жаңа Қазақстан жастары» тақырыбында «60 секунд» форматы мен интеллектуалды чемпионаты бастау алды. Чемпионат оқушылар және студенттер лигасы бағыттары бойынша өткізілуде.

Мәслихат депутаты қабылдау өткізді

Партияның облыстық филиалында облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Қ.Бисенов азаматтарды қабылдады.

Партия алаңында азаматтардың жеке мәселелері мен  тұрғындардың талап-тілектерінің оңтайлы шешілуіне ықпал жасады.

***

Жалпы апта ішінде аймақтық және аумақтық филиалдар мен БПҰ-да кездесулер, Жолдауды талқылаулар, тақырыптық қабылдаулар, фракция отырыстары, партиялық бақылау және т.б. түрлі форматтағы 67 қоғамдық-саяси іс-шара ұйымдастырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!