Сенатор Дана Нұржігіт еліміз жастарының әскери-патриоттық тәрбиесіне алаңдаушылық білдірді. Ол Премьер-Министрдің атына депутаттық сауалында жағдайды жақсартуға ықпал ететін бірқатар қадамдар ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі күні Қорғаныс министрлігіне әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмыстарды жүргізу заңнамамен бекітіліп берілді. Ол патриоттық тәрбие – бұл баршаға ортақ іс екеніне тоқтала келіп, барлық мемлекеттік органдар осы жұмысқа жұмылуы тиіс екенін атап өтті.
Сенатор осы мақсатта жеке заң жобасын әзірлеуді және үйлестіру органын белгілеу қажеттігін айтты.
«Бүгінде патриоттық тәрбие беру жүйесінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесі, рөлі, орны, мақсаты және патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізетін үйлестіруші органның құрылуы заңнамалық тұрғыда айқындалмаған. Әрбір мемлекеттік органның, ведомствоның, ұйымның қызметтерінің бір тармағы патриоттық тәрбиеге бағытталуы тиіс екені көрсетілмеген. Бұл мәселенің заң бойынша реттелмеуі қоғамдық ұйымдардың, патриоттық клубтардың материалды-техникалық базасына да әсер етіп отыр», – деді Дана Нұржігіт Сенаттың жалпы отырысында.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!