Фото: Pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылында бір топ адам алтын өндіретін фабриканың құрылысына қарсылық білдіріп, рұқсат етілмеген жиынға шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Altainews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

100-ге жуық адам фабриканың құрылысын тоқтатуды талап етті. Кейінірек олар зауыт аумағына басып кірді. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, олардың қызметкерлері зардап шегіп, материалдық шығын да болған.

Оқиға орнына полиция мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлері келді. Қауіпсіздік күштері жиналғандарды тәртіпке шақырып, заңнаманы түсіндірді, бірақ шабуылдаушыларға қарсы күш қолданбаған.

Аталған факті бойынша ШҚО ІІД қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу шаралары аясында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.

Еске сала кетейік, 2013 жылдан бері Маралды ауылының аумағында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2022 жылы алтын қоры анықталғаннан кейін алтын өндіру фабрикасын салу жобасы қолға алынды. Жобаны тиісті министрліктер мақұлдады. Сонымен қатар өндірістің қоршаған ортаға қауіпсіздігі бойынша барлық қажет қорытындылар алынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!