Адам өміріндегі ең маңызды таңдаудың бірі – мамандықтан қателеспеу. Бұл жолда бірі бала күнгі арманын қуып, бірі отбасы өнегесінен бағыт алады. Ал кейбір жандар үшін елге қызмет ету – жай ғана мамандық емес, жүректің қалауы. Осындай жанның бірі – Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы, Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы – өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы Назерке Дакен.

Назеркенің мемлекеттік қызметке келуі кездейсоқ емес. Бұл таңдаудың бастауында отбасы тәрбиесі, әсіресе әкесінің өмірлік өнегесі жатыр. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен әкесінің жауапкершілігі, өз ісіне адалдығы мен адамдармен жылы қарым-қатынас орната білуі жас маманға үлкен әсер қалдырған.

– Мемлекеттік қызметке келу бала күнгі арманым еді. Әкемнің өз қызметіне деген көзқарасы, халықпен жұмыс істеудегі мәдениеті мені осы салаға жетеледі. Бүгінде сол арманымның орындалғанына қуаныштымын, – дейді ол.

Мемлекеттік қызмет – үздіксіз ізденіс пен кәсіби өсуді талап ететін сала. Назерке Серікқызы бұл мамандықтың басты артықшылығы даму жолыңды айқын көре алуыңда, тәжірибе жинап, сатылап өсу мүмкіндігінде екенін айтады.

– Бұл сала маған нақты шешім қабылдауды, адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуды және түрлі жағдайға бейімделуді үйретті. Мемлекеттік қызметшінің басты қағидаты – өз міндетіңе жоғары жауапкершілікпен қарау, – дейді жас маман.

Оның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған жаңа бастамалардың бірі аясында басталды. 2024 жылы GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау бағдарламасы арқылы ол алғаш рет Қазалы ауданы, Бозкөл ауылдық округі әкімі аппаратына қызметке қабылданды.

Мемлекеттік қызмет - халықтың аманаты

Ауылдық округтегі алғашқы еңбек тәжірибесі жас маман үшін үлкен мектеп болды. Елмен етене жұмыс істеу, тұрғындардың мәселелерін тыңдау, мемлекеттік басқару жүйесінің қыр-сырын меңгеру оның кәсіби қалыптасуына жол ашты. Сол кезеңде есте қалған сәттің бірі – аудан жастары арасында ұйымдастырылған мемлекеттік қызметшілерге арналған «Жайдарман» ойыны болды. Назерке аудан атынан өнер көрсетіп, команда құрамында жүлделі үшінші орын иеленді. Бұл тек шығармашылық сайыс емес, әріптестік пен ұйымшылдықты нығайтқан ерекше тәжірибе еді.

Бүгінде Назерке Серікқызы өз қызметін өсімдіктер карантині саласында жалғастыруда. Мемлекеттік инспектор ретінде оның негізгі міндеті – еліміздің аумағын карантиндік зиянды организмдерден қорғау, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң талаптарының орындалуын бақылау.

Карантиндік инспектор қызметі – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Мамандар өтініштерді қарап, ақпараттық базаларды тексеріп, импорттық өнімдерді бақылаудан өткізеді. Сонымен қатар аумақта таралу қаупі бар карантиндік объектілерді анықтау мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізеді.

Импорттық жүктердің талаптарға сәйкестігін тексеру, экспортқа шығарылатын өнімдерді бақылау, қажетті үлгілерді зертханалық сараптамаға жолдау – осы саланың маңызды бағытының бірі. Зерттеу нәтижелері талаптарға сай болған жағдайда өнімге фитосанитариялық сертификат рәсімделеді.

Кәсіпкерлермен жұмыс барысында да өзара келісім қалыптасқан. Себебі фитосанитариялық талаптардың басты мақсаты – шектеу қою емес. Керісінше ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, карантиндік зиянды организмдердің таралуына жол бермеуге және отандық өнімдердің экспорттық мүмкіндігін арттыруға жұмыс істейді.

– Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты – өсімдіктер карантині саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл тек құжат рәсімдеу емес, елдің ауыл шаруашылығы әлеуетін қорғауға бағытталған маңызды міндет, – дейді мемлекеттік инспектор.

Қызмет жолын енді бастап келе жатқан жас маман үшін тәжірибелі әріптестерінің қолдауы үлкен рөл атқаруда. Ол азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу барысында үлкендерден алған тәжірибе мен кәсіби кеңестің көмегі зор екенін атап өтті.

Мемлекеттік қызмет - халықтың аманаты

Назерке Серікқызы мемлекеттік басқару саласындағы маңызды бағыттың бірі – халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру деп есептейді. Оның пікірінше, цифрландыру үдерісімен қатар, азаматтармен ашық байланыс орнату, олардың өтініштеріне жедел әрі әділ жауап беру, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері әрдайым назарда болуы қажет.

– Мемлекеттік қызметші ең алдымен адал, жауапты және өз ісіне ұқыпты болу керек. Себебі халықтың мемлекетке деген сенімі көбіне мемлекеттік қызметшінің әрекеті арқылы қалыптасады, – дейді ол.

Жас маман үшін мемлекеттік қызмет – тек жұмыс орны емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін азаматтық міндет. Ол болашақ мемлекеттік қызметшілерге үнемі білімін жетілдіріп, жаңа өзгерістерге бейім болуға кеңес береді.

Кейіпкеріміздің алдағы мақсаттары да айқын. Ол кәсіби білімін тереңдетіп, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алып, білікті мемлекеттік басқарушы маман болуды жоспарлайды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені зерделеп, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу арқылы өз саласының дамуына үлес қосуды көздейді.

Екі жылға жуық уақыт ішінде ауылдық округ деңгейінен бастап, қалалық аумақтық инспекциядағы мемлекеттік инспектор қызметіне дейінгі жол – жас маман үшін үлкен жетістік. Әр кезең оған жаңа тәжірибе, жаңа білім және жауапкершілік сыйлады.

Бүгінде Назерке Дакен өз еңбегі арқылы мемлекеттік қызметтің мәнін түсініп, ел игілігі жолында қызмет етудің маңызын сезініп келеді. Оның басты мақсаты кәсіби тұрғыдан дамып, өз саласының білікті маманы атану және мемлекетке адал қызмет ету екені анық. Өйткені мемлекеттік қызмет – мансап қана емес, халық сенімін ақтау жолындағы үлкен аманат.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!