Журналистика – адам жанының айнасы, таспаға басылған қолтаңба. Бүгінде медиа кеңістігіне қадам басып келе жатқан жас толқынның мамандықты таңдаудағы өз оқиғасы бар. Олар ізденіске, «Қоғамға кішкене болса да, өз үлесімді қосайыншы» деген ақ ниетке және мамандыққа деген шексіз махаббатқа толы. Біз, журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында назарларыңызға заманауи қазақ журналистикасының ертеңін қалап жүрген төрт кейіпкердің әлемін ұсынамыз.

Журналистиканың жаңа толқыны

Нұрай СЫЗДЫҚОВА: Сурет тек әдемі кадр ғана емес

Нұрай үшін әлем әу баста түрлі-түсті бояулар мен әдемі сәттердің жиынтығы еді. Онымен танысқанда «Қолыма үлкен қаражат түскен кезде оны алғаш профессионалды камера алуға жұмсадым» деп айтқаны есімде. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қолынан камерасы түспейтін қыздың болашағы фотожурналистикамен ұштасады деп ешкім ойламаған. Тіпті өзі де. Бірақ университет табалдырығын аттап, фотожурналистика сабағына кірген сәтте оның әлемі өзгерді

– Сол кезде сурет тек әдемі кадр емес екенін түсіндім. Оның артында оқиға, эмоция, сұхбат, бір адамның тағдыры тұратынын байқадым. Бір ғана фото арқылы оқырманға оқиғаны сезінуге, қызықтыруға, кейде ұзақ мәтінсіз де көп дүние айтуға болатынын түсіндім. Сол сәттен бастап фотожурналистика мен үшін жай қызығушылық емес, бөлек әлемге айналды, – дейді ол.

Оның алғашқы қадамы «The Steppe» басылымынан басталды. Музейге барып, экспонаттардың тілін камера объективімен сөйлетіп, оған жанды мәтін жазғанда, ол өзінің нағыз миссиясын тапқанын білді. Алайда Нұрайдың нағыз бетбұрысы 2025 жылғы Almaty Open теннис турнирінде болды. Спорттың қарқындылығы мен эмоциясын кадрға сыйғызу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Одан кейін сән әлемі – Visa Fashion Week пен Kazakhstan Fashion Week 2026. Подиум, дизайнер шешімі, сахна сыртындағы уайым көрсету – Нұрайдың басты мақсатына айналды. Ал бүгінде ол фильм премьераларының, сән әлемінің бояуын оқырманға ұсынып жүрген маман.

Журналистиканың жаңа толқыны

Анар ХИЯДИНА: Департаменттерге қоңырау шалу, спикерді сұхбатқа көндіру – алғашқыда қиын сынақ болып көрінді

Егер Нұрай әлемді кадрмен көрсе, келесі кейіпкеріміз Анар оны сөзбен өруді таңдады. Оның жолы университеттегі екінші оқу жылында Петропавл қаласындағы «Қызылжар нұры» газетінен басталды. Жас студент үшін газеттің иісі, мәтінді өңдеу, дизайнерлермен жұмыс істеу – кәсіби баспалдақтың басы еді. Бірақ бәрі оңай басталған жоқ.

«Департаменттерге қоңырау шалу, сұхбатқа адам көндіру – алғашқыда бұл қиын сынақ болып көрінді», – деп еске алады Анар. Бір жағынан сабақ, бір жағынан университеттегі «Parasat» бағдарламасының сюжеттері, екінші жағынан газет материалдары. Осындай тығыз кестеде оған қанат бітірген – оқытушысы Назира Байрбек болды. Америкадан келіп, қазақ қыздарының бойындағы отты маздатқан ұстаз Анардың кәсіби деңгейге көтерілуіне зор ықпал етті.

– Осы жұмысқа орналасуыма бірден-бір себепші болған кісі Назира Байрбек апайым. Шетел асып келген кісі болған соң, оның білетіні де, бізге үйретері көп болды. Біздің университетте 4 ай ғана сабақ берсе де, осы уақыт ішінде үлкен тәжірибемен бөлісті. Түрлі тапсырма беріп, мақала жазуға ықшамдады. Сол мақалаларымыз – Айқын, Солтүстік Қазақстан газеттеріне шықты. «Кейін бізге қалып, жартылай болса да газетке жұмысқа орналассаңдар болады » деп бағыт-бағдар берді, – дейді жас журналист.

Анардың басынан өткен қызықты оқиғалар да жетерлік. Бірде ол маңызды жиында спикердің сөзін диктофонға жазып отырдым деп ойлап, соңында телефоны қалтасындағы «AirPods» құлапқабына қосылып кетіп, дыбыс мүлдем жазылмай қалған. «Жүрегім зу ете түсті, бірақ амалын тауып, мақаланы бәрібір шығардық», – деп күледі ол.

Бүгінде ол тұйық мінезін жеңіп, пресс-қызметтермен тіл табысатын, кез келген тақырыпты қаузай алатын кәсіби маманға айналды. Ұстаз берген тәлім оған бүгінде үлкен мүмкіндерге жол ашты.

Журналистиканың жаңа толқыны

Нұрбибі АЙТБАЙҚЫЗЫ: Қазіргі Нұрбибі мен бұрынғы Нұрбибіні салыстырып келемін

Нұрбибінің журналистикаға келуі – үлкен оқиға. Ол бұл мамандықты 4-сыныпта- ақ таңдап қойған. Оның басты ұстазы да, шабыт берушісі де – нағашы атасы. Атасының жанында жүріп музей, кітапханаларды аралау, көргенін қойын дәптеріне түртіп алу – кішкентай Нұрбибінің күнделікті ісі еді. Бірақ оның алғаш мақаласы 2018 жылы жарық көрді. Бұл – атасына арналған естелік еді. Уақыт өте келе Нұрбибінің қаламы ұштала түсті. 9-10 сыныпта ол қарапайым адамдардың тағдырын жаза бастады. Ал университет жылдары оның мүлдем басқа қырлары ашылды. «Күлтөбе» ютуб жобасы, Medianet орталығындағы фактчек мектебі оны ақпараттың ақ-қарасын ажыратуға үйретті. Қазір ол – baribar.kz сайтының тілшісі. Нұрбибіні толғандыратын тақырыптар салмақты. Әйел құқығы, тарих, мәнспрединг. Әрине бұл жас журналистің жазған бағыттарының аз бөлігі. Бірақ оның жұмыстарын оқи келе, оның заманауи бағытта жазылғанын байқадық. Әрине мәнспрединг сияқты тақырыптар күрделі көрінуі мүмкін. Алайда бұл мәселені күнделікті мыңдаған әйел бастан кешіреді.

Жас тілшінің басты ерекшелігі – стилі. Әрине ол қалыптасу үшін біршама уақыт керек.

– Қазіргі Нұрбибі мен бұрынғы Нұрбибіні салыстырып келемін. Әлі де білерім, үйренерім көп. Кішкентай кезімнен-ақ «Ұлан» газетіне шыққан мақаламды поштаға жіберген нұсқамен салыстырамын. Қателіктермен жұмыс істейтінмін, – деді ол.

Журналистиканың жаңа толқыны

Лағыл НАМАЗ: Егер сізге мүмкіндік берілсе, оны жіберіп алмаңыз

«Журналист – халық пен білік арасындағы көпір» деген тұжырыммен таныс шығарсыз? Лағыл үшін журналистика есту, тыңдау, жазу емес, ол халықпен бірге құлау, бірге өсу, өну. Лағылды сипаттағанда бірден бұлбұл елестейді. Оның жауаптарын түсіну үшін аудионы кемінде 4 рет тыңдауға тура келді. Дауысы тура бір «Қалайсың, замандас?» секілді ерекше леппен айтылады. Ол Сауық Жақанова апамыздың жолын жалғаған жан. Арманы – диктор болу, жаңалық тізгіндеу. Бірақ алғаш тізгінді ол «Шалқар» радиосында ұстады. Ұстаздары Лағылдың дауыс ырғағы мен дикциясына қарап, оны «Шалқар» радиосына бағыттаған.

Радио – жан дүниенің толқыны. Ал ол болса, сол толқынды тыңдарманға жеткізе алады. Күнделікті жаттығулар, монтаж, сұхбат алу – Лағыл осының бәрін өз еркімен, үлкен махаббатпен атқарады.

– Егер сізге мүмкіндік берілсе, оны жіберіп алмаңыз. Тек диктор боламын деп шектелсеңіз, құлдырайсыз, – дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, «Шалқар» радиосы – оның үздік ортада жүруіне әсер еткен. Үздіктерден тәлім алғанға не жетсін…

Кейіпкерлеріміздің әрқайсысы қиындықтарға тап болды. Бірақ оларды бір дүние біріктіреді. Бұл – мамандыққа деген адалдық. Журналистика – бұл қауіпті де қызықты сапар. Бұл сапарда олар әлі талай бағындырары анық. Өйткені олардың бойында жастықтың жалыны, мамандыққа ерекше махаббат пен ізденіс бар. Біз оқығанда сүйсінетін мақалалар, көріп тамсанатын кадрлар мен тыңдайтын эфирлер – осы төрт кейіпкер секілді жандардың қарқынды жұмысы мен қызметінің арқасы.

М.МАЙБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!