Ел аумағында әкімшілік әділет институтын енгізу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Осыған байланысты 2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізіледі. Сонымен қатар мамандандырылған әкімшілік соттар құрылады.

Жаңа заңнама мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексімен реттелетін қатынастардың қатысушылары.

Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізілгеннен кейін сот өндірісінің әкімшілік іс деп аталатын жаңа түрі пайда болады. Ол қазіргі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің өндірісінен мүлдем өзгеше. Яғни, сот ісін жүргізудің жаңа түрі жеке және заңды тұлғалар мен әкімшілік органдардың арасындағы жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарайды.

Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Сотқа дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қойып жүгінуге болады. Кодекс аясында судья құзыреттілігі кеңейтіледі. Судьялар заңнама аясында қажет еткен жағдайда істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға ықпал етеді. Сонымен қатар кодекс аясында сот тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдап, дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдеседі. Бұл ретте жауапкердің әкімшілік қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі, сонымен бірге татуластыру рәсімдері нәтижесінде жасалған келісімнің шарттары заңға қайшы келетін болса немесе басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, сот аталған келісімді бекітпейді.

Тараптар татуласу келісімін немесе дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаған жағдайда, сот аталған келісімді бекітсе, талап қоюды қайтару жайлы ұйғарым шығарады. Атап өтетіні, дауларды қарау кезінде азаматтардың мүддесінің басым болуына мән беріледі. Бұл жөнінде Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан  осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу керек»  деп атап өткен болатын. Бұл дегеніміз – мамандандырылған әкімшілік соттар талап қоюшылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, әкімшілік органдар мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы теңсіздікті болдырмау бағытында жұмыс істейді деген сөз.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексін қолданысқа енгізіп, мамандандырылған әкімшілік соттарды құру жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың ерекше тетігіне айналады деген сенімдеміз.

Нұрлан ЕЛАМАНОВ,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!