Сыбайлас жемқорлық – қазіргі қоғамның өзекті мәселесі болып отыр. Бұл дерт заманмен бірге өсіп, өркендеп, басқа мелекеттер сияқты біздің елімізді де сырт айналып өтпей, қоғамымыздың дамуына кедергі келтіруде. Сондықтан да ел үкіметі осы кеселмен күресу үшін маңызды шешімдер мен заңнамалық актілер қабылдап, халықтың құқықтық мәдениетін көтеру арқылы жүзеге асыруда.
Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері, оның пайда болуы, онымен күрес жүргізудің қылмыстық-құқықтық құралдары қызу пікір таластарын туғызу үстінде. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бір қалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе болып табылады. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, басқару жүйесіндегі әр түрлі процестердің реттеушісі болып табылады.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандайда бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігін нақты жолдарын білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, біріңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекетпен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлықпен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгігі күндегі басты мақсат болып табылады.
Оразғали Нұрғалиұлы
Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің
экологиялық реттеу бөлімінің бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!