Өткен жылдың ішінде тағзым алаңындағы 70-ке жуық көше шамын бұзақылар қиратыпты. Ол жөнделгеннен кейін де шам сындыру тәртіпсіздер  үшін дағдыға айналғандай. Апта сайын шам ауыстырып жүрген мамандарды көресіз. Таяуда ғана пайдалануға берілген «Шұғыла» мөлтек ауданынан «КБИ» шағын ауданына өтетін көпірдің әйнегі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифтінің есіктерін, әйнектерін тағы бүлдірді. Бойындағы бұла күшің тасыса, рингке бар немесе қолыңа күрек ұстап, еңбек ет. Ал елге салынған нысанды мұнша ессіздікпен қирататындай қандай ақың кетті екен?! Иә, бұл тәп-тәуір дүниенің тоз-тозы шығып жатқанын көргендегі ой.

Кейінгі бес-он жылдықтың көлемінде Қызылорданың көркейіп, жаңа кейіпке енгенін күн сайын көз көріп, көңіл сезіп келеді. Тұрғындар игілігіне көптеген нысандар бой көтерді. Елге қолайлы жағдай жасалып, демалыс алаңдарына дейін салынуда. Бірақ бір әттеген-ай бар. Барды ұқсатып, салынған дүниенің қадіріне жетіп, күтіп ұстаудың кемшін екенін байқайсың. Көшедегі орындықтың ағаштары төбелескіш тентектердің қолында кеткенін талай көрдік. Иә анығы осы?! Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңіс Файзуллаев вандализммен тұрақты күрес жүргізіліп жатқанын айтады.

– Қала бойынша бұзақылар әлсін-әлсін қиратып жүрген бірнеше нысан бар. Оның қатарында тағзым алаңы, Әл-Фараби ауданындағы мектеп жанындағы демалыс алаңы, қала көшелеріндегі орындықтарды айтуға болады. Бұл – үлкен шығын. «Шұғыла» шағын ауданындағы көпірдегі мүгедектерге арналған лифтінің есіктерін ауыстырып жатырмыз. Бұзақылар ұсталып жатыр ғой, бірақ тым әдемі көріністі бұзып, қиратқаннан не пайда? Бәрі өзіміз үшін. Осы қаланың тұрғыны ретінде сол әдеміліктің ортасында жүрмейміз бе?! Бұрындары аялдаманың әйнектерін шағып кететін, қазір азайды. Бірақ орындықтар мен саябақтарды қиратып, сындыру тыйылмай тұр, – дейді бөлім басшысы.

 Биылдың өзінде қала орталығы абаттандырылып, жаңаша күйге енді. Кіреберістен бастап, құдды бір Елорда төсіндегі Ақорданы көргендей болатынымыз жасырын емес. Алаңқайлар жасыл-желекпен көмкеріліп, жолдар кеңейіп, шаһардың шырайы арта түсті. Тек осы бір әдемілікке сызат түсіріп, көзге шыққан сүйелдей әрекеттерді жасамасақ игі. Қала тұрғындары да бұл бағытта өздерінің ойымен бөлісті.

Бұрын сырт қалалардан келген таныстарым мұрнын шүйіретін, қазір Қызылорданы аузынан тастамайды. Олардың қызығушылығы жақсы. Бұрын «Большая деревня» дейтін, қазір пікірлері өзгерген. Біздің де, сіздің де ортақ үйіміз бар. Ол – туған қаламыз. Облыстың бас қаласы, айнасы. Оған залал келтірмейік. Пайдаң тимесе де, зияныңды тигізбе. Меніңше, әрбір отбасында осылай тәрбие беруіміз керек. Бала обал-сауапты естіп өссе, мұндай ерсі тірлікке бармайды, – дейді қала тұрғыны Ботакөз Сүлейменова.

Таяуда «Шұғыла» мөлтек ауданындағы жаңа көпірдің де жағдайы жантүршігерлік кейіпте қалды. Әлбетте, мамандар қайта жасап, ретке келтіріп жатыр. Бірақ елдің игілігіне берілген тәп-тәуір дүниеге зиянын тигізген адамдардың әрекетіне қалай баға беруге болатыны түсініксіз.

Кім болса да, көзбен көрмей кінә арта алмаймыз. Маскүнемдер шығар… Ағайындар, қол-аяқтарың бүтін болса, өздігінен жүре алмайтын жандарға жасалған жағдайға неге қиянат жасайсыңдар? Қаламыздың тыныштығы да, тазалығы да өз қолымызда. Еңбекті бағалайық, – дейді қала тұрғыны Нұржан Мұсабеков.

Әйтсе де ұрлықтың да, қылмыстың да түптің түбінде ашылатыны, елге белгілі болатыны анық. Бұл ретте Қызылорда қалалық полиция басқармасы аталған жағдайға қатысты «Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесі бойында орналасқан жаяу жүргіншілер көпірінің мүгедектерге арналған лифтінің жоғары жағындағы ақ түсті пластик есіктерін сындырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 147-1 бабының 1 бөлігімен әкімшілік шара көрілгенін жеткіземіз» деп мәлімдеме жасады.

Рас, аулалардағы брусчатканың жұлынып әр жерде жататыны, орындықтардың ағашсыз қалғаны тәрізді деректерден көз сүрінетін. Қазір, жағдай түзеліп, вандализм әрекеттері тыйылды дегенмен, мүгедектерге жасалған жағдайға қырын қараған кім екен?! Әлбетте қылмыстың өтеуі – жаза. 

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!