Жаңа Қазақстанда жастарға жан-жақты жағдай жасалғанын жиі айтамыз. Сырттай қарағанда баспана алуға арналған тиімді бағдарламалар, кәсіп ашуға қолжетімді гранттар, білім алудың мүмкіндіктері жетерлік. Бірақ бұл жастарды алаңдататын мәселе жоқ деген сөз емес. Осы аптада Z буынды алаңдататын қоғам түйткілдерін бірге талқы­лауды жөн көрдік.

Жасанды интеллект және төртінші индустриялық революция тұсында туған қазіргі буынның құндылығы ерекше, ойлау қабілеті жетістікке жетуге бейім. Бірақ Ғаламдық Жастар Ассамблеясының деректерінде дамушы елдердің жастары ғаламдық экономикадан маргинал болып бөлініп қалғаны айтылады. Олар білім стандарттарының озық елдердегіден төмен болуы, шектеулі тәжірибе, кедейшілік немесе қара­пайым ғана ақпа­ратқа қол же­тім­сіз­дік салдарынан жа­ңа мүм­кіндік­терге қол жеткізе алмайды. Бұл мәселе біздің елде де өзекті екенін жастардың пікірінен анық аңғардық.

Айжан ОРЫНБАСАР, «Ақиқат» дебат клубының мүшесі:
− Әр адамның құндылығы түрлі бағытта болатыны сынды, алаңдататын мәселелері де бір-біріне ұқсамайды. Қазіргі қоғамда жастардың екі топқа бөлінетінін байқауға болады. Бірі – белсенді жастар, екіншісі − Neet санатындағы жастар. Бірінші топты әлеуметтік мәселелер қызықтырса, келесі буынды әлеуметтік желі ғана ойландырады. Екі тараптың құндылығы да басқаша. Менің ойымша, ізденіс жолында жүрген адамды білім мен ғылым мәселелері ғана қызықтырады. Әрине олар әлеуметтік мәселелерді шешуде қозғаушы күш саналады. Мысалы, белсенді жас ретінде мені әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану тақырыбы алаңдатады. Негізінде ғаламтор тек хат-хабар алмасатын орта емес. Іздеген адамға бұл ортадан көп дүние табуға болады. Бірақ біз бұл мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдаланып жүрміз? Бұл − ойланатын маңызды сауал.
Екіншіден, біз үшін шетелде білім алу тақырыбы үлкен мазмұнға ие. Бүгінде көпшілік халықаралық «Болашақ» бағдарламасынан хабардар. Бірақ оның да жастарға қоятын талаптары бар. Одан бөлек шетелде білім мен тәжірибе алмасуға көмектесетін түрлі бағдарламалар бар десек те, олар әлі стартап жобалар екенін ескеру керек. Біз үшін шетелде білім алудың маңызы зор. Себебі елдегі білім беру жүйесі жаңалауды қажет етеді. Өздеріңіз білесіздер, білім саласы әр үш жыл сайын өзгеріп отыру керек. Бірақ бізде сабақ беру әдістері әлі күнге дейін бұрынғы ізбен келе жатыр. Жастарға ең бірінші білім керегін ескерсек, осы саланың сапасын қадағалау қажет.
Бізді алаңдататын тағы бір жайт, қоғамның «қатып қалған қағидалары». Көбіне «ұят болады, қолыңнан келе ме» деген түсінік бізде әлі бар. Бұл батыс елдерге еліктейтін пікір емес. Халқымыз «елу жылда ел жаңа» деген сөзді бекер айтпаған. Қазір бәрі еркін, дамуға талпынуда. Бірақ ескі түсінік кейде жастарға кері әсерін тигізеді. Neet санатындағы жастардың қатарының артуына да осы жағдай әсер етеді. Заман талабына сай жастар білімімен, ғылымға қосқан жаңалығымен, сөйлеу, ойлау қабі­ле­тімен ерекше­ленеді. Сон­дықтан көптеген тыйыммен жас­тар­ға қысым жасау дұрыс емес деп ойлаймын.
Жастарға қазір мемлекеттен қолдау көп. Бірақ мені қоғамдағы әділеттік тақырыбы алаңдатады. Мысалы, жұмысқа орналасуда, жарыста бақ сынағанда жемқорлықтың бар екенін байқаймын. Бұл мәселемен мемлекет күресіп келе жатыр. Бірақ «басшы­ның баласы» немесе «ер бала түзде, қыз бала үйде жүру керек» деп бөлетін теңсіздік қоғамда әлі де бар.

Құралай ВЛАДИМИРҚЫЗЫ, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері:
− Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарды, тарихи дәстүрлердi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Десек те, жастар мемлекет үшін тек капитал болып қана қоймай, барлық мүмкіндік пен қол­дауды толық пайдалана алатын қоғамның ең негізгі бөлігі екенін ұмытпаға­ны­мыз дұрыс. Жастарды не толғандырады? Өз кезегінде баспана мәселесі, қордаланған несие, айлық табыстың аздығы, өз мамандығымен жұмысқа орналаса алмау, тіпті қоғамнан өз орнын таба алмау да − бүгінгі басты мәселе. Қайтпек керек? Мемлекеттік бағдар­ламалар, жастарға арналған түрлі жобалар, мүмкіндіктер жасалып жатыр. Кейде сол мүмкіндіктерді мейлінше пайдаланып жүрміз бе деген ой келеді. Иә, қоғамда біздің көңіліміз толмайтын мәселе көп. Бірақ ең алдымен не нәрсені де өзімізден бастауымыз керек сияқты. Алған білімді дұрыс пайдалану, денсаулықты күту, заманға бейімделу жастарға аса қиын дүние емес. Сондықтан жалқаулықты жеңіп, жауапкершілік алып үйренген абзалырақ дер едім.

Абзал ТҰРАРҰЛЫ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті:
− Жастар − еліміздің ең маңызды бөлігі. Себебі уақыты келгенде алдыңғы толқынның міндетін кейінгі толқын атқаратыны сөзсіз. Енді осы арада әлеуметке және оның ішінде жастарға қатысты өзекті мәселелер туындап отыр. Мені қоғамда бірқатар мәселелер алаңдатады. Біріншіден, біз қазір алып жатқан білімнің маңыздылығы. Яғни, төрт жылда алатын білімнің қаншалықты сұранысқа ие екені мені алаңдатады. Екіншіден, оқи отырып, мамандық бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі. Бұл жерде бір нәрсенің аражігін ажыратып алу керек. Заңгер оқуын оқып, даяшы болып жүру басқа, ал мұғалім оқуын оқып, оқу орталығында ұстаз болу бір басқа. Сондықтан жастарға жұмыс беруші мекемелердің де сұранысы жоғары болса тиімді мүмкіндік болар еді.

Үшіншіден, тұрғын үй мәселесі де жастарды айналып өтпейді. Күздегі жағдайдан кейін көптеген студенттер, жастар үлкен қалаға баруға жүрексініп қалған тәрізді. Барынша қолжетімді жатақханалар көп болса осы мәселе шешілер еді.
Сондай-ақ жастарда «өзім ұнатқан маман­дықта жүрмін бе?» деген уайым бар. Кезінде профориентологпен жұ­мыстың дұрыс жүргі­зіл­меуі­нен немесе жай ғана адам­ның өзін танып үлгер­меуі­нен кей жастар диплом алатын сәт­ке де­йін өз­де­рі­нің таң­дау­ла­ры­на кү­мән­мен қа­рай­ды. Қоры­тын­дылай келе айтқым келгені, билік біз үшін онсыз да көп нәрсе жасап жатыр. Бірақ негізгі мәселелер шешімін таппайынша, үкіметтің жасаған жағдайы ешқашан еленбейтін болады.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!