Қазақстанда 2023 жылдың шілдесінен бастап төрт күндік жұмыс аптасын енгізу жоспарланып отыр. Осы арқылы ел тұрғындарына жеке мәселелеріне уақыт бөліп, жұмысты тиімді істеуге мүмкіндік берілмек. Осы тұста Stan.kz тілшісі қазақстандық мамандардан бұл өзгерістің қызметкерлер мен компания жұмысына қалай әсер ететінін сұрап білді.

Алғаш рет Исландия мен Жаңа Зеландияда көптеген ұйым жалақыны төмендетпей, төрт күндік жұмыс аптасына көшті. Алайда қызметкерлердің жұмыс пен өмірдегі тепе-теңдігінің жақсарғанына қарамастан, зерттеулер бойынша олардың жұмыс өнімділігі артпаған да кемімеген де. Сондай-ақ Испанияның Валенсия қаласы төрт күндік жұмыс аптасына көшу бойынша тәжірибе жасауда. Билік жүргізілген тәжірибенің қала тұрғындарының экономикасына, өнімділігіне, денсаулығы мен әл-ауқатына қалай әсер ететінін қарастырады және оны жалғастыру керек пе, жоқ па шешеді. Ал Қазақстанда компаниялар бұған көшсе не өзгереді?

“Жұмыс тиімділігін нәтижелермен емес, тек жұмыс уақытына байланысты өлшейді”

HeadHunter Қазақстан компаниясының бас директоры Оксана Бричевская алдымен аптадағы жұмыс күндерінің санына емес, оның өнімділігі мен тиімділігіне мән беру қажет екенін айтады. 

«Төрт күндік жұмыс аптасы туралы мезгіл-мезгіл пікірталастар мен түрлі эксперименттер болып жатыр. Егер компания жұмыс өнімділігі мен пайдасын төмендетпестен төрт күндік жұмыс аптасына ауыса алса неге болмасқа? Өкінішке қарай, бізде көптеген компаниялар өз қызметкерлерінің тиімділігін орындалған жұмыс нәтижелерімен емес, тек жұмыс уақытына байланысты өлшейді”, – дейді Оксана Бричевская. 

Оның сөзінше, қазақстандықтар жақсы қызмет көрсетуге дағдыланған және көптеген компаниялардан барлығы 24/7 қолдауды күтеді.

“Сондықтан, егер компания қысқартылған жұмыс аптасына ауысу туралы шешім қабылдаса, бірақ сонымен бірге бес-алты-жеті күндік апта ішінде өз қызметтерін толығымен көрсеткісі келсе, онда штатты ұлғайту мәселесі туындайды. Бұл бір жағынан компания шығындарының өсуіне әкеледі, ал екінші жағынан қызметкерлердің әдеттегі кірісіне кепілдік бермейді. Медициналық мекемелердің, азық-түлік және қажетті тауарлар өндірісінің үздіксіз жұмысы туралы айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Мұнда бәрі түсінікті”, – дейді ол. 

Сондай-ақ Оксана Брическая егер бес күндік жұмыс аптадасынғыдай жұмыс көлемі бірдей болса және компания өз кірістерін жоғалтпаса еңбекақыны қысқартуға болмайды. Мұнда біз қайтадан тиімділікке және оны қалай өлшеп жүргенімізге ораламыз. Қалай болғанда да, әр компания мұны өз мүмкіндіктері мен өндірістік қажеттіліктеріне қарай дербес шешеді”, – дейді HeadHunter Қазақстан компаниясының бас директоры. 

Төрт күндік жұмыс аптасының артықшылықтары мен кемшіліктері 

Jusan Bank HR департаменті төрт күндік жұмыс аптасының қызметкерге жеке мәселелерін шешуде, денсаулығын қалыпқа келтіруде, отбасымен қарым-қатынасын жақсартып, хоббиі үшін қосымша уақыт табуда артықшылықтары барын айтады. 

Сондай-ақ жұмыстағы белсенділікке тікелей әсер етіп, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалту сезімдерінің алдын алады. 

Ал кемшіліктеріне келер болсақ, жұмыс беруші үшін қосымша міндеттемелер пайда болуы мүмкін. Өйткені 4 күндік жұмыс аптасын ұйымдастыру үшін жобаларды және бизнес-процестерді оңтайландыру және автоматтандыру қажет. Сонымен қатар жұмыс уақытын кейбір мәселелерді шешуге ыңғайластырып реттеу керек болады. Себебі жұмыс көлемі бәрібір де өзгеріссіз қалады. 

Дегенмен департамент 4 күндік жұмыс аптасына ауысқан кезде жұмыс кестесі банк клиенттерінің мүдделерін және ҚР еңбек заңнамасының жұмыс уақыты мен қызметкерлердің демалу уақыты туралы талаптарын ескеріп жасалуы керектігін жеткізді.  

4 күндік жұмыс аптасы кезінде қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін? 

Jusan Bank HR департаменті 4 күндік жұмыс аптасына көшу клиенттердің қызмет көрсету кестесіне әсер етпейтінін хабарлады.

“Бұл жерде қызметтің сапасына, банктің жұмыс кестесіне жақсы әсерін тигізері анық. Банк клиенттері үшін қызмет көрсету сапасы да жақсарады деп ойлаймыз. Дегенмен бұл жерде ең бірінші, бизнес-процестерді оңтайландырып, қызметкерлердің жұмыста уақытты дұрыс жұмсауына, яғни тайм-менежментті жұмыстың маңыздылығына қарай реттеу міндеті тұр”, – дейді олар. 

Департаменттің мәлімдеуінше, 4 күндік жұмыс аптасына көшу клиенттердің қызмет көрсету кестесіне әсер етпейді.

“Беделімізге де әсер етеді деп ойламаймыз. Банктегі еңбек қатынастары ҚР еңбек заңнамасының талаптары шеңберінде оның ішінде жұмыскерлердің жұмыс уақыты мен демалыс уақытына сәйкес реттеледі”, – дейді банктің HR департаменті.

Банк өкілдері қазіргі кезде 4 күндік жұмыс аптасына көшудің жоспарламағанын дегенмен алдағы уақытта бұл тәжірибені іске асыруға дайын екенін жеткізді. 

Демалыста адамдар көбірек ақша құртады, экономикаға әсер етеді

Экономист Мақсат Халық, егер қызметкерлер көбірек демалыс алса өнімдірек жұмыс істейді деп ойлайды. 

“Кемшіліктері ретінде бір көзбен қарағанда бірден сағат санының қысқаруы немесе тағы бір жұмыс күнінен айырылып тұрған секілді көрінеді. Бірақ азаматтар бұл төрт жұмыс күнінде бес жұмыс күніндегідей жұмыс атқарып, тиісінше үш күн демалыс алады. Сондай-ақ бір күн ғана жұмыс істейтін азаматтарға бұл жұмыс күнінің тигізер пайдасы көп. Олар көбінесе өздерінің демалып үлгермейтінін, ағайын-туыс, бауырларымен араласпайтынын, отбасына көңіл бөле алмайтынын айтып, шағымданып жатады. Ал егер үш күн демалатын болса керемет емес пе? Бірінші күні демалады, екінші күні отбасына көңіл бөледі. Үшінші күні басқа да жұмыстарын атқарып, ағайын-туғанын аралап, қыдырып қайта алады. Осылайша төрт жұмыс күнінде олардың еңбек өнімділігі артып, жоғары дәрежеде жұмыс жасауына септігін тигізетіні анық. Жалпы, кез келген жұмыс орнында нәтиже маңызды. Сол себепті төрт күн жұмыс істейтіндер барынша нәтиже шығаруға тырысары анық”, – дейді ол. 

Экономистің сөзінше, бір кемшілігі ретінде демалыс күндерінде адамдар көбірек шығын жұмсайтынын айтады.

“Ойын-сауық орталықтары мен кинотеатрларға барады. Үлкен супермаркет желілеріне барып, сауда жасайды. Осылайша демалыс күнінде адамдар көп шығын жұмсайды. Ал ол өз кезегінде экономикадағы ақша айналымының жылдам артуына септігін тигізеді. Демек, бұл жағдай кәсіпкерлердің көбірек ақша табуына әкеліп, экономиканың дамуына белгілі бір дәрежеде үлес қосады”, – дейді ол. 

“Білім саласын төрт күндік жұмыс аптасына көшіру керек”

Экономист Қазақстанда төрт күндік жұмыс аптасына көшуге дайын салалар көп екенін тілге тиек етті.

“Менің ойымша, мемлекеттік органдар мен білім саласын төрт күндік жұмыс аптасына көшіруге болады. Балалар мен мұғалімдерге тиімді болар еді деп ойлаймын. Сондай-ақ колледж бен университеттер, түрлі компаниялар да жұмысын солай ыңғайластыра алады. Дегенмен бұл жерде жалақыларыңызды қысқартамыз деген секілді мәселелер көтерілері анық. Ал кейбір жерлерде жалақыңызды қалдырамыз, бірақ күніне 10-12 сағаттан жұмыс істейсіздер деуі мүмкін”, – дейді Мақсат Халық. 

Дегенмен экономист қызметкерлердің сондай-ақ компаниялардың басшылары өзгеріске бірден бейімделіп кете алмайтынын айтады. 

Жұмыс кестесі өзгергенімен бәрін ескі тәсілмен жасау әдеті қалады. Тиісінше, жұмыс уақыты қысқарған кезде өнімділік төмендейді, әсіресе бұл өндірісте байқалуы мүмкін және компаниялардың қаржылық көрсеткіштеріне әсер етеді”, – дейді ол. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!