Тіршілік тынысы телефонға тәуелді кезең ақпарат алу мен таратуға, адамдардың тікелей байланысына қолжетімділік сыйлады. Алайда «жарықтың жылдамдығын жолда қалдыратын» ақпарат ағыны түрлі жағдайда көпшілікке қауіп төндіруі де мүмкін. Себебі апатты және төтенше жайларда, әсіресе, елде саяси оқиғалар орын алған кезде жалған ақпарат легі тез тарайды. Ресми БАҚ-тың басты өкілі ұлттық арналар мен ұсынған дүниесін сүзгіден өткізе білетін санаулы сайтты қарамайтын адамдардың желі ішінде желдей ескен өсек-аяң сынды жалған ақпаратқа сенетіні тағы бар. Мойындау керек, жалған ақпарат ел ішіне іріткі салу мақсатында әдейі таратылуы мүмкін. Қалай болғанмен де жалған ақпаратты жазған да, оны таратқаны да жазасыз қалмайды.

Жоғарыда айтқандай жұрт дүрлігіп, митинг сынды саяси оқиғалар орын алғанда, қарапайым халық мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмай жатады. Оны анықтау мен жақындарына баяндау үшін желідегі топтарға тарата түсетіні де рас. Жалған ақпарат жай ғана қате ойлау мен алып-қашпа әңгімеге жол сілтемейді. Сонымен бірге елдің тыныштығын бұзып, түрлі қылмысқа да апарып жатады. Тіпті, қандай тақырыпта болмасын жалған ақпарат таратудың өзі қылмыс екенінен көпшілік бейхабар. Қазақстанда жалған ақпарат таратқан адамға 20 АЕК сомасында айыппұл төлеуден бастап 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза белгіленген. 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін жалған ақпарат тарату 274-бапқа сәйкес қылмыс түрінде қарастырыла бастады. Атап айтсақ, бұл бапта былай жазылған: « Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, сонымен қатар бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».

Журналист, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова ақпаратты тексерудің оп-оңай екенін, алайда адамдардың бұған назар аудармайтынын айтады.

– Адам бір ақпаратқа назар аудармай, тексеруді қажет етпей өтіп кетсе де, кейін біреумен дауласқанда аргумент ретінде оны шын ақпарат ретінде беретін феномен бар. Кез келген ақпарат адам санасында сақталып қалады. Сөйтіп, жалған ақпаратпен күресушінің өзі де фейк ақпаратқа сеніп, оны кейін қолдануы мүмкін. Сондықтан әр ақпаратты тексеріп тұруды әдетке айналдыру керек, – дейді ол.

Психолог Ержан Мырзабаев болса бұл туралы: «Ақпарат айдынында шынайы ақпарат пен өтірік әрдайым жарысады. Жалған ақпарат тез тарап кетеді, ал шынайы ақпарат кешігіп барады. Бұл жерде мынаны ескеру керек. Өтірікті тарату оңай. Ал шындықты зерттеп, зерделеу керек, факт жинау керек, оны сананың сүзгізісінен өткізіп, қорытынды жасау қажет», – дейді. Демек кез келген ақпарат – жауапкершілік. Сондықтан жалған ақпаратты дер кезінде анықтап, өзгелерге таратудан аулақ болайық.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!