Кейде бір ғана дәлел жүздеген пікірден басым түседі. Ал кейде дұрыс қойылған сұрақтың өзі бүкіл талқылаудың бағытын өзгертіп жібереді. Дебат − дәл осындай сәттен тұратын, ой мен сөздің алаңы.

Жақында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде өткен республикалық дебат турнирі де тартысты өтті. Еліміздің әр өңірінен келген пікірсайысшылардың білімі мен шешендік қабілеттері сыналды.

Үздіктерді анықтау оңай болмады. Десе де әр өңірден жиналған пікірсайысшылардың арасынан алға суырылған қызылордалық «Ақиқат» дебат клубы I, шымкенттік «Болашақ» клубы II орынға ие болса, III орынды Алматы қаласының «UIB DC» дебат клубы иеленді.

Сонымен қатар, Бекзатхан Махамбет турнир барысында өзінің ұтымды аргументтері мен сенімді сөйлеу мәнері арқылы «Үздік спикер» номинациясын да жеңіп алды. Оның әрбір сөзі нақты дәлелге негізделіп, қарсы тараптың пікіріне орынды жауап бере білуінің арқасында қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Жеңімпаздың өзі бұл жетістік туралы былай дейді:

«Заң мен Тәртіп» тақырыбы біз үшін жай ғана қарар емес, қоғамның өзегін айқындайтын ұстанымға айналды. Қазақ «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді. Әр кезеңде осы әділдік пен жауапкершілік таразыға түсті.

Дебат – сөйлеу немесе жеңу емес, ол біріншіден, өз-өзіңмен күресу. Әр аргумент – ойдың сүзгісінен өтетін жауапкершілік, әр сөз – сана мен тәртіптің көрінісі. Сол себепті бұл турнир біз үшін тек нәтиже емес, үлкен мектеп болды.Қазақта «Өнер алды – қызыл тіл» дейді. Сол тіл арқылы қоғамға ой салу, тәртіп пен заңның маңызын жеткізу – біздің буынның міндеті деп білемін. Бұл жеңіс – меженің соңы емес, жаңа белестің басы, − дейді Бекзатхан Махамбет.

Дебаттың мәні мен маңызын түсінетін жастардың көбейгені қуантады. Себебі, мұндай зияткерлік турнирлер жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, еркін пікір білдіру мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Ақбота ҚОЛҒАНАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!