Саяхаттау деген керемет қой, шіркін. Жаныңда жақын жандар, қолда шабадан мен камера, еркіндік, жаңа жер, жаңа сезім мен керемет эмоция. Десе де жалғыз саяхаттап көрдіңіз бе?

Жалғыз? Иә-иә, қорқынышты естілетінін білеміз. Десе де әлемде жалғыз саяхаттауға болатын, қауіпсіз елдер де бар көрінеді. Бүгінгі мақаламызда сол елдердің бірнешеуіне тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бұл тізімде қандай мемлекеттер бар екенін бірге білейік.

Жалғыз саяхатшыны жатсынбай, керісінше құшақ жая қарсы алатын елдердің қатарында тыныштық мекеніне айналған Исландия бар. Солтүстік Атлант мұхитының қақ ортасында орналасқан Исландия әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі саналады. Мұнда қылмыс деңгейі өте төмен, полиция қызметкерлері де көп жағдайда қару қолданбайды. Әскер жоқ, тек жағалау күзеті ғана бар. Қоғамдық тәртібі сенімге негізделген. Көптеген үйде тіпті қоршау да салынбайды, себебі жергілікті түсінік бойынша кеңістік пен ашықтық – өзара құрметтің белгісі. Табиғат заңдылығы да ерекше: ағаш кесілсе, орнына міндетті түрде қайтадан ағаш егеді. Рейкьявик көшелерінде түн мезгілінде де еркін жүруге болады. Қоғамдық қауіпсіздік деңгейі жоғары болғандықтан, жалғыз саяхаттайтын жандар үшін де алаңдауға негіз жоқ.

Швейцарияны әлем көбіне қаржы орталығы ретінде таниды. Бірақ оның ең басты ерекшелігі – қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәдениеті. мысалы балалардың өз бетінше мектепке баруы қалыпты жағдай. Қоғам баланың ерте жастан дербес болуына мүмкіндік береді. Бұл сенім мәдениеті елдің қауіпсіздігін қалыптастырып отыр. Мұнда қылмыс деңгейі өте төмен, алкогольді сусындардың саудасы 22:00-де тоқтайды. Бұл жақта айыппұл мөлшері заң бұзушының жалақысына байланысты. Неғұрлым көп табыс тапсаңыз, айыппұлды да соғұрлым көп төлейсіз. Ал ең ірі экспорт тауары – шоколад. Әр жыл сайын Бернде 7 млн тонна Tablerone шоколады өндіріледі. Швейцария табиғаты да ерекше. Таулары, таза көлдер мен шағын қалалар саяхатшыға тыныштық сыйлайтынына сенімдіміз.

Жапония – қауіпсіздік пен мәдениеттің ерекше үйлесімін сақтаған мемлекет. Токио сияқты мегаполисте де жалғыз саяхатшы өзін еркін сезіне алады. Тіпті қалада жоғалған зат иесіне қайта оралады. Қоғамда тәртіп пен жауапкершілік жоғары бағаланады. Қоқыс жәшіктері сирек болғанымен, әр адам өз қоқысын үйіне дейін алып кетеді. Қалдықтарды сұрыптау – халықтың күнделікті әдетіне айналған. Мұнда уақытқа, жұмысқа және қоғамдық кеңістікке деген құрмет ерекше. Кешігу – сирек жағдай, ал ерте келу – қалыпты мәдени норма.

Жапондар өз ана тілдерінде бір-екі ауыз сөз айта алған адамды аса қатты құрметтейді. Өйткені олар бұл тілді үйрену еш мүмкін емес деп санайды. Сондай-ақ олар еңбекқор, тыным таппайтын жандар. Түскі асын ішпей-ақ күніне 15-18 сағат жұмыс істей беруі мүмкін. Ал сіз мұражайда, метрода, аялдамада, тіпті жұмыс арасында да көз шырымын алып отырған жапондықтарды көрсеңіз, таңырқамаңыз.

Біздегі дерек – осы. Десе де кез келген сапарда қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Сапарыңыз сәтті болсын, саяхатшы!

Мерейім ӘЛІБАТЫР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!