Жалқаулық – бұл адам баласына тән ең жағымсыз қасиеттердің бірі. Жалқаулықтың біздің өмірімізге қандай теріс әсер ететінін түсіну үшін дін туралы үлкен білімнің немесе өмірлік тәжірибенің қажеті жоқ.
Жалқаулыққа берілген адам қымбат уақытын жоғалтады. Өмірінің минуттары, сағаттары, күндері, тіпті айлары мен жылдары зымырап өте береді.
Осындай өмір салтына үйреніп алған адам мойнындағы міндеттерден, жауапкершіліктен, күш-жігерді қажет ететін кез келген ауыр әрекеттен бойын аулақ ұстауға тырысады.
Ислам діні жалқаулықты құптамайды. Себебі ол – мұсылманның екі дүниеде де бақытқа жету жолындағы ең үлкен кедергілердің бірі.
Құранда, ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде және ізгі ғұламалардың сөздерінде еңбек етуге, табысқа жетуге және жалқаулықпен күресуге қатысты үндеулерді көреміз.
Қасиетті Құранда:
«Біздің жолымызда аянбай күрескендерді (яғни, бойындағы күш-жігерін үлгілі мұсылман болу жолында жұмсағандарды) міндетті түрде Өзіміздің жетістікке жеткізетін жолдарымызға бағыттаймыз»[1], деп келеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса:
«Уа, Алла Тағала! Қайғы-қасіреттен, уайым жеуден, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқаулықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан Өзіңе сыйынамын», – деп дұға жасап, бұл сөздерді үмбетіне де үйреткен.
Салиқалы сөздері мен ізгі амалдары арқылы танылған ғұламаларымыз да жалқаулық туралы көп айтып, халықты одан сақтандырып, оның мүміннің өміріне тигізетін кері әсерін түсіндірген.
Имам Абу Хатим (Алла оны рақымына алсын): «Жетістікке жетудің себебі – (істі) кейінге қалдырудан бас тарту, ал жоқшылыққа апаратын жол – жалқаулық» десе,
Қазақ даласының белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Жігітті кедейлікке апаратын үш тамыр: желкедегі қырсықтық, шынтақтағы маубастық, құйрықтағы жалқаулық тамырлары» дейді.
Әлсіздік пен жалқаулық – өзара серік. Егер Алланың құлы пайдасын жіберіп алса немесе одан алыстап кетсе және оның себебі қабілетсіздік болса, бұл әлсіздік, ал егер себебі құлықсыздық болса, бұл жалқаулық.
Адам баласы бойындағы жалқаулықпен барынша күресу керек. Алайда, бұл күресте пенде шектен шықпауы керек. Яғни мүмкіндігінше көп ғибадат пен игі істер жасауға тырысып, қосымша құлшылықтан бөлек, негізгі діни міндеттерді орындай алмайтындай жағдайға жетпеуі керек.
Алланың разылығына жетуге ұмтылған мұсылманның өмірінде босаңсу кезеңдері болары сөзсіз. Осындай кездерде ниетті түзеп, алға ұмтылып, талаптансақ болғаны, қалғанын Алланың өзі реттейді деп үміттенеміз.
Алла баршамызға жалқаулықты жеңіп, тек Өзі разы болатын игі істерді көбірек жасауымызды нәсіп етсін. Әмин!
Ислам МАРАТҰЛЫ,
Байқоңыр қалалық «Жәрімбет»
мешітінің бас имамы
[1] («әл-Анкәбут» сүресі, 69 аят)
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!