22 тамызда Жамбыл облысында әскери міндетін өтеп жүріп көз жұмған Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы, 18 жастағы жауынгер Бекбол Мираштың денесі жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

Айта кетсек, осы жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге жіберілген Бекбол Мираш 19 тамызда өз-өзіне қол жұмсаған болатын.

Бекбол Миялыдағы орта мектептің түлегі. Жасы 18-ге толғаннан кейін екі күннен соң көктемде, яғни 7 сәуір күні әскери борышын өтеуге аттанған. Осы уақыт бойына туыстарымен үнемі хабарласып тұрған. 19 тамыз күні көз жұмардан бірер сағат бұрын анасы Үмітпен сөйлескен. Ал екі сағаттан соң Бекбол асылып қалды деген қаралы хабар жетеді.

«Қайғылы хабарды естігенде, не болғанын түсінбей аңтарылып қалдық, себебі баланың тарапынан қандай да бір шағым болған емес. Сол күні бірден әскери бөлімге баруға ұшаққа билет болмады, 20 тамыз күні әкесі екеуміз Ақтау арқылы Шымкенте ұшып барып, таксимен Таразға әскери бөлімге жеттік. Бірден моргтегі баланың денесін көруді талап еттік. Денесі таза, жарақаттың ізін көрмедік. Сол жерде құқық қорғау органдарына, прокуратуға барғанымызда олар тексеріс қорытындысымен таныстыратынын айтты. Бекболдың денесін алып келіп, аталарының қорымы жатқан «Бәйсеу» зиратына арулап жөнелтіп отырмыз. Қайғыдан қан жұтып әке-шешесі, бауырлары қалды. Ол бөлек бала еді, не себептен мұндай қадамға барғанына қайран қалып отырмыз, күдік те жоқ емес. Өзі әскерге барам деп құлшынып тұрған Бекболымыз табытпен оралды», – дейді Бекболдың немере ағасы Қанат Қожахметов.

Бекбол отбасында үш баланың екіншісі. Өзінен үлкен әпкесі университетте оқиды, кенже ұл бала кезінен мүгедек екен. Бекболды туыстары көпшіл, адамды жатырқамайтын, ақкөңіл еді дейді. Жылқылардың құлағында ойнайтын, асау атты мініске үйрететін шеберлігі де болған. Әскерде де аттарды күтімге алумен айналысыпты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!