Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына ықпал ететін ауқымды бастамалар айтылды.

Алдағы уақытта елімізде Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылады. Бұл – ұлттың руханиятын дамыту жолындағы үлкен өзгеріс. Ел Президенті саяси құжатта ұланғайыр жеріміздің байырғы атаулары, ұлы тұлғалардың есімі ұрпақ санасында жаңғыра беретінін ерекше атап өтті.

«Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айрылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады» деді Мемлекет басшысы.
Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертпек. Оны жүзеге асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізіліп, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылданбақ.

Президент қаңтардағы оқиғаның әлі де зерделенетінін, елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында күрделі кезеңді еңсергенімізді ерекше айтып өттІ. Халқымыз осы бір сәтте ел тыныштығы мен тұрақтылығының қаншалықты маңызды екенін ұғына түсті. Ел тұтастығын сақтау, әлеуметтік-экономикалық салалардың дамуына үлес қосу, жаңа Қазақстанды қалыптастыру – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

Жандос БАЗАРТАЙ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, Іскерлік әкімшіліктендіру докторы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!