Мемлекеттің жастар саясатына қатысты ұстанымы – келешектің даму бағытын айқындайтын бірден-бір маңызды шешім. Қазақстанда жастардың саны 4 млн-ға жуықтағанын, соңғы жылдағы бала туу көрсеткішінің артуын қаперге алсақ, бұл тұжырым нақтылана түспек. Себебі елдегі экономикалық, әлеуметтік-психологиялық ахуалдың жай-күйі қашанда жастардың потенциалымен өлшенеді. Сондықтан қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастардың мүмкіндігін арттыру, дамуға жағдай жасау – Үкімет алдындағы негізгі міндет. Осыған орай мамыр айында парламенттік тыңдаудың негізгі бөлігі «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдау сайын жастарға қатысты мәселелерді көтеріп, шешу жолын ұсынуы тақырыпқа бейжай қарамау қажетін ұқтырғандай.  Содан болар, сенатта өткен жиында жастар кезігетін келеңсіздік пен оларға арналған бағдарламалардың бағыт-бағдарын саралауға, келеңсіз тұстарын  реттеуге бағытталды. Әсіресе, жұмыссыздық, білім беру ісі, кәсіпкерлік, баспана мәселесі қызу талқыға түскенін байқау қиын емес.

Жұмыссыздың

күйі жоқ

Жалпы жастарға арналған бағдарлама әрқашан керек-ақ. Себебі, жасөспірімдер мен өмірге қызуқанды көзқараспен қарайтын жас буын бағыт көрсетуге мұқтаж, қолдауға зәру. Бұл, әсіресе, білім беру мен жұмыспен қамту ісінде ерек байқалады. Мәселен, өткен жылы жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірі еңбек нарығында сұранысқа ие болмаған. Парламент тыңдауында осы мазмұндағы сауалды Сенатор Нұртөре Жүсіп көтеріп, түйіткілдің шетін шығаруға тырысқан:

«Елдегі ЖОО мен колледждерді бітірген, бір емес, қолдарында бірнеше дипломы бар жастар еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Жұмыс берушілердің сұранысы бір бөлек, білім беру жүйесінің оқу бағдарламасы бір бөлек. Соның салдарынан жұмыссыз жүрген жас азаматтардың қатары толығып келеді. 2021 жылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша оқу бітірген 168 000-нан астам адамның, 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. ЖОО түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 пайызы жұмыс таппай сандалып жүр», – деді депутат.

Тіпті, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың өзі мәселені жоққа шығармай, кей бағдарламаның көңіл көншітерлік нәтиже бермегенін жасырмады. «Жоғары білім туралы дипломы бар жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», –  деді ол.

Расында салада атқарылар тілік пен жоспарланған меже жетерлік. Өңірлік бағдарламаларды айтпағанда, республикалық бастамалардың басым дені жұмыссыз жастардың санын азайтуға тырысып келеді. Мысалы, жақында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ және Eurasian Resources Group компаниясының арасындағы келісім негізінде жаңа бастама жүзеге асты. Ол  – «Жастарды жұмысқа орналастыру» жобасы. Жоба жүзеге асса  35 жасқа дейінгі 10 мың жасқа жұмыс орындарын ұсыну жоспарланған. Яғни, мамыр айынан бастап «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасында кез келген азамат ERG компаниялар тобынан жұмыс таба алады деген сөз.

Жұмыс ұсыну жүйесі де қарапайым. «Enbek.kz» порталының басты бетінде баннер орналасқан. Жұмыс іздеушілер сілтемені басу арқылы ERG тобындағы компаниялардың HR-қызметтері орналастырған бос жұмыс орындарының тізімімен таныса алады. Бүгінде аталған тізімге 346 бос жұмыс орны орналастырылған екен. Олардың арасында техникалық немесе медициналық біліктілікті қажет ететін және арнайы білімі жоқ адамдарға арналған мүмкіндік те бар.

Негізінен ERG 28 жылдан бері табысты жұмыс тәжірибесі бар, табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы жетекші компаниялардың қатарында. ERG құрамына «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Еуразия» Медициналық орталығы» ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар кіреді.

Жұмыспен қамту саласындағы бар жаңалық жаңалық бұл емес. ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаменті халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Биыл департамент 200 мыңға жуық жұмыспен қамту шарасын ұйымдастырып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарға мүмкіндік бермек. Жоба аясында азаматтарды жұмыспен қамту, тұрмысы төмен отбасыларға жәрдем беру үшін көзделіп отыр.

«Электронды еңбек биржасында 41,7 мыңнан астам адамға арналған тұрақты жұмыс орындарына вакансиялар жарияланған. Өз кәсібін ашам деген 20 300-ден астам адамға гранттар қарастырылған. Тиісті қаражат қаралған. Жастар практикасына 20 мыңнан астам жолдама берілмек. Оқу орындарын жаңа бітіріп келген азаматтардың алғашқы жұмыс орны ретінде 3 мың жұмыс орнын субсидиялау көзделген. 36 мың адамға біліктілігін арттыру курстары ұсынылады. 16600 уақытша әлеуметтік жұмыс орындары қаралса, 52 100 аса уақытша қоғамдық жұмыс орындары көзделген. Одан басқа 8100 тарта адамды еңбек күші аз өңірлерге көшіруге субси­дия­лар бар», – деді ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов.

Жұмыссыз жасқа қолдауға арналған үздік бағдарлама қатарында «Жастар іс-тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» секілді жобалардың бары анық. Биыл бұл бағдарламаға қатысу мерзімі ұзарып, жастардың еңбекақысы көбеюі ықтимал. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сала басшыларына аталған жобаларды назарға алуды тапсырған болатын.

«Жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аудару керек. Әсіресе жастар арасында. Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүр. Кейбіреулері табыс іздеп жүріп заңнан аттап кетуі мүмкін. Үкіметке «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы жастардың іскерлік бастамаларын іске асыруға жағдай жасау маңызды», – деген Мемлекет басшысы.

Көп өтпеу, тапсырма мәресіне жетіп, «Жастар іс-тәжірибесіне» қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, оған қатыса­тындар­дың субсидия­ланатын жалақы мөл­шері 20-дан 30 ай­лық есептік көрсет­кішке дейін ұл­ғай­тыл­ған.

Білім беру қалыс қалмайды

Парламенттік тыңдауда көтерілген тақырыптың тағы бір бөлігі – білім беру ісі. Жиында саладағы біршама кемшілік талқыланғанымен, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтқан жағымды жаңалық елді қуантты. Оның айтуынша, Қазақстандағы колледж студенттерінің 40 проценттен астамы ақылы негізде оқып жатыр. 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болмақ. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінсе, колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілетін болады. Сондай-ақ, студент шәкіртақысы мен грант көлемі артып, 2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 процентке ұлғайту жоспарланған көрінеді.

«Жоғары оқу сапасы сенаторлар тарапынан өткір көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі. Бұл салада бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әлемдік үздік университеттер филиалдарын елімізде ашу қолға алынды. Былтыр Алматы қаласында британдық Де-Монфорт университетінің филиалы құрылды. Жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Аризона университетімен бірлесіп маман дайындау жобасы іске қосылады. Бұл жастарға шетелге шықпастан, әлемдік рейтингіде алдыңғы қатарда тұрған университеттерде білім алуға, ата-аналарға шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар, Үкімет қазақстандық жас ғалымдардың үлесін 50 процентке ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл үшін жас ғалымдардың идеяларын қаржыландыру бойынша арнайы конкурстар өткізілмек. Қазірдің өзінде 26 млрд теңге болатын 451 жоба қаржыландырылуда. Биылдан бастап «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Ал «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы аясында 4 жыл ішінде 160 мыңнан аса жас азамат «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларымен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантпен қамтылатын болады. Бұл – отандық ғылымға деген ең айтулы көмек.

Баспана – басты мәселе

Жастардың баспана мәселесі Сенат спикерлерін де бейжай қалдырмады. Бірқатар депутаттар елдегі «7-20-25», «5-10-15» және басқа тұрғын үй бағдарламасы болғанымен, аталған жоба мәселені түбегейлі шешпегеніне наразы. Сенат спикерлері бұл олқылықтың себебін жастардың алғашқы жарнаны төлеу қабілетінің төмендігі мен пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуына сілтеуде.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов аталған мәселеге жауап бере келе, алда атқарылар жұмыстарға тоқталып өткен. Оның сөзінше, алдағы уақытта барлық өңірде әкімдіктерімен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарлануда.

«2025 жылға дейін барлық өңірде әкімдіктермен бірлескен «Отбасы банкінің» жеңілдетілген ипотека бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 3 өңірде, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Енді жыл соңына дейін басқа да өңірлерде осы тектес бағдарламаны іске қосу қарастырылып отыр», – деді Е. Тоғжанов.

Жалпы 2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға 7 мың жалға берілетін  баспана ұсынылған. 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтер беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін жалдамалы тұрғын үй беру қағидаларына жастардың айлық табысын растау талаптарын 40 АЕК-тен 25 АЕК-ке дейін төмендету енгізіледі. Бұл жастардың жалға берілетін баспана алу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтпек.

Айта кетейік, бүгінде «Отбасы банкінде» жастардың 500 мыңнан аса депозиті ашылды. Онда жалпы сомасы 250 млрд теңгеден астам қаржы жиналған екен. 2025 жылға қарай жастардың баспана жинақтарының көлемін 800 мың депозитке дейін жеткізу, жастар арасында баспанаға алуға жинақ ашу мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілмек.

P.S. Әрине, жастарды толғандырған өзге де мәселе жетерлік. Алайда жұмыссыздық пен баспана мәселесі ең негізгі келеңсіздік бастауына айналғаны жасырын емес. Тіпті, кей жас отбасылардың ажырасу себебі де осы мәселеден туындап отырғанын көріп жүрміз.  Сол себепті Сенатта айтылға ұсыныс пен қолға алынға бастамалар жастардың жаңа мүмкіндікке қол жеткізуін қамтамасыз етері анық.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!