фото: baq.kz
Ұлыбританияда 10 жастағы Альберто Давила Арагон жылдамдық бойынша π (пи) санының мәндерін қайталау рекордын орнатты. Ол бір минут ішінде үтірден кейінгі 280 санды дұрыс атады. Бұл туралы BAQ.KZ Гиннестің рекордтар кітабының сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Альберто π санын жаттап алуға қызығушылығы 2024 жылдың наурызында мектебінде ұйымдастырылған жарыстан кейін пайда болған. Ол кезде 150 санды есте сақтап, жеңімпаз атанған.
Бұл оқиға оны әрі қарай жаттығуға шабыттандырып, ол одан да көп санды жаттап, жылдамдығын арттыруды мақсат еткен.
Жеңіске жетуге бел будым, үйге барып, π санының мүмкіндігінше көп мәнін жаттап алуға кірістім, – дейді Альберто.
Ол бұл қабілетін дамытуға музыкалық ырғақтар көмектескенін айтты.
Рекорд орнату үшін Альберто ерекше орын – Клифтон обсерваториясының төбесін таңдады. Бұл жерді ол ерекше санайды, өйткені күн сайын мектепке осы жерден көрінетін аспалы көпір арқылы барады.
Альбертоның феноменалды нәтижесін Бристоль университетінің математиктері тіркеп, Гиннестің рекордтар кітабына енгізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!