Бойын үрей билесе де, хоррор жанрындағы фильмдерді ұнататын көрермен көп. Иә, аяқ асты шыққан дыбыс, елес пен қорқынышты музыканың орны бөлек.
Кейінгі жылдары әлемдік кинематографияда ерекше танылған бірнеше туынды бар. Олардың қатарында «Астрал», «Синистер» мен «Оно» фильмдері бар.
Джеймс Ванның «Астрал» туындысы хоррор жанрдағы культтік фильмдердің біріне айналды. Елестетіңізші, денсаулығыңыз сыр бере бастайды, дегенмен дәрігерлер нақты диагнозды да қоя алмайды. Міне, осы фильмде оқиға қарапайым отбасының айналасында өрбиді. Кішкентай бала белгісіз себеппен комаға түсіп, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмайды. Бірақ уақыт өте келе бұл жағдайға басқа дүние себеп екені анықтала бастайды.
Фильмнің басты ерекшелігі – көрінбейтін әлеммен байланысты сюжетінде. «Астрал» көрерменді тек айқай мен шошытатын көріністер арқылы емес, керісінше тыныштық, психологиялық қысым арқылы үрейге бөлейді. Экран алдында отырған адам әр сәтте бір оқиғаның болатынын іштей сезіп, дайындалады. Бірақ ондай сәттер аяқ асты болады емес пе?
«Синистерге» келетін болсақ, бұл фильм – психологиялық қорқынышты көрсетеді. Кейіпкер жаңа кітап жазу үшін бұрын соңды қылмыс болған үйге көшіп барады. Сәйкесінше қызықтың барлығы осы жерде басталады. Иә, бастапқыда барлығы қалыпты, тыныш көрінеді. Бірақ үйдің ішінен табылған ескі бейнежазбалар оқиғаны күрт өзгертеді.
Стивен Кингті білмейтін адам кемде кем шығар. Оның шығармасы негізінде 2017 жылы түсірілген «Оно» фильмі қазіргі хоррор жанрындағы ең танымал туындылардың бірі. Себебі балалар ұнататын сайқымазақ мұнда зұлым кейіпкер ретінде көрсетіледі. Сол үшін балалардың арасында кең танылды.
Бұл үш фильмнің ортақ тұсы – көрерменді тек шошыту емес, әсер қалдыру. Бірі тылсым әлем арқылы, бірі психологиялық қысыммен, енді бірі ішкі қорқыныш арқылы жұмыс істейді. Сол себепті олар бүгінге дейін көрерменнің есіндет сақталған.
Камилла САҒЫНДЫҚОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!