Көпшілік ғылым тарихындағы ұлы тұлғалардың есімін олардың ең үлкен жаңалығымен байланыстырады. Алайда уақыт өте келе тарихи деректердің айналасында аңыз бен шындыққа жанаспайтын әңгімелер көбейген. Тіпті мектептен бері айтып келе жатқан кейбір «ақиқаттардың» өзі кейін миф болып шығады. Ғалымдардың еңбегін жоққа шығармай-ақ, олардың өмірі мен жаңалықтарына қатысты қалыптасқан кең таралған бес жаңсақ пікірге тоқталайық.
Галилео Галилей туралы ең танымал аңыздың бірі – оның ауыр және жеңіл денелердің бірдей жылдамдықпен құлайтынын дәлелдеу үшін Пиза мұнарасынан әртүрлі салмақтағы шарды тастағаны жөніндегі әңгіме. Бұл оқиға ғалымның шәкірттерінің бірінің естелігінде кездескенімен, тарихшылар оны нақты дерек ретінде қабылдамайды. Себебі бұл мәлімет тәжірибеден жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң ғана жазылған әрі өзге тарихи дереккөздерде кездеспейді. Шын мәнінде, Галилей тәжірибелерін көлбеу жазықтықтарда жүргізген. Ол шарларды еңіс бетпен домалату арқылы денелердің қозғалысын мұқият зерттеп, физика заңдарының қалай жұмыс істейтінін дәлелдейтін нақты нәтижелерге қол жеткізген.
Көпшілік бу қозғалтқышының авторы ретінде шотланд инженері Джеймс Уатты біледі. Алайда алғашқы бу машинасы одан шамамен алпыс жыл бұрын жасалған. 1712 жылы ағылшын өнертапқышы Томас Ньюкомен шахталардан суды сорып шығаруға арналған бу машинасын құрастырған. Бұл өнертабыс тау-кен өндірісінде үлкен серпіліс жасағанымен, басқа салаларда кеңінен қолданылмады. Ал Джеймс Уаттың басты еңбегі – осы механизмді түбегейлі жетілдіруінде. XVIII ғасырдың 70-жылдары ол қозғалтқыштың тиімділігін арттырып, оны түрлі өндіріс орындарында пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа шешімдер енгізді. Сондықтан Уатт бу қозғалтқышын алғаш ойлап тапқан өнертапқыш емес, оны өнеркәсіптік революцияның негізгі қозғаушы күшіне айналдырған инженер ретінде тарихта қалды.
Нобель сыйлығының математика саласы бойынша берілмейтіні белгілі. Осыған байланысты көпшілік арасында Альфред Нобель мұндай сыйлықты жеке басының өкпесіне бола енгізбеген деген аңыз кең таралған. Аңыз бойынша, швед математигі Гёста Миттаг-Леффлер Нобель ұнатқан әйелмен жақын қарым-қатынаста болған-мыс. Сондықтан ғалым математикаға арналған сыйлықты әдейі алып тастаған деген пікір кездеседі. Алайда тарихшылар бұл әңгімені растайтын ешқандай дәлел таппаған. Тіпті Нобель мен Миттаг-Леффлердің жақын таныс болғанына да нақты айғақ жоқ. Шындыққа жақын жалғыз дерек – Альфред Нобельдің өсиетінде математика саласы мүлде көрсетілмеген. Неліктен мұндай шешім қабылдағаны бүгінге дейін әлі белгісіз.
Ғылым тарихындағы ең әйгілі аңыздардың бірі – Исаак Ньютонның басына алма құлап, содан кейін бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқаны туралы оқиға. Негізінде Ньютонның замандастары мен достарының жазбаларында мұндай жағдай кездеспейді. Онда ғалымның тек ағаштан алманың жерге құлағанын байқағаны айтылады. Дәл сол көрініс оған «неге барлық дене жерге қарай құлайды?» деген сұрақты қайта ой елегінен өткізуге түрткі болған. Оның үстіне Ньютон бұл мәселе жайында бұрыннан ойланып жүрген. Алманың құлауы тек оның ғылыми ізденісіне жаңа серпін беріп, кейін бүкіләлемдік тартылыс теориясының қалыптасуына жол ашқан.
Ең көп таралған жаңсақ пікірдің бірі – электр шамын Томас Эдисон ойлап тапты деген түсінік. Шын мәнінде, электр жарығының алғашқы үлгілері XIX ғасырдың басында-ақ пайда болған. 1802 жылы ағылшын ғалымы Хамфри Дэви электр доғалы шамды көпшілікке таныстырған. Сондықтан электр шамы идеясының алғашқы авторы ретінде дәл осы ғалым аталады. Ал Томас Эдисонның тарихи еңбегі мүлде басқа. Ол зерттеушілер тобымен бірге бұрынғы технологияны жетілдіріп, ұзақ уақыт жанатын көмір жіпшелі қыздыру шамын жасап шығарды. Сонымен қатар электр энергиясын үйлерге жеткізетін тұтас тарату жүйесін қалыптастырды. Яғни Эдисон шамды алғаш ойлап тапқан жоқ. Бірақ оны күнделікті тұрмыста пайдалануға болатын, көпшілікке қолжетімді әрі сенімді технологияға айналдырды. Оның әлемдік ғылым мен техника тарихындағы орны дәл осы жаңалығымен ерекшеленеді.
Міне, тарихтағы ең танымал ғылыми оқиғалардың бәрі бірдей шындық емес. Кейде аңыз ақиқаттан да тез тарайды. Сондықтан ғылымды миф арқылы емес, нақты дерек арқылы тану маңызды. Ал сіз ғалымдар жайлы қандай дерек білесіз, оқырман?
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!