Адам баласы өзінің өмірлік мәнін іздеу үшін алдымен физикалық қажеттіліктерін өтеуге тиіс. Жылы баспана, қауіпсіздік, тоқшылық және жақындардың қолдауы – осының бәрі тұлғалық дамудың алғышарты ретінде қарастырылады. Бұл теорияны естімеген адам кемде-кем шығар. Себебі бұл – мектеп бағдарламасынан белгілі Абрахам Маслоудың қажеттіліктер пирамидасы.
Дегенмен, күнделікті өмірде біз бұл қатаң иерархияның бұзылатынын жиі байқаймыз. Мысалы маңызды емтиханға немесе жобаға дайындалған адам ұйқы мен тамақты ұмытып, жұмысқа бас салады. Ал ұлы туынды жасауға ұмтылған суретші материалдық таршылық пен аштыққа қарамастан, өз шығармашылығын жалғастыра береді. Осындай заңдылықтарды ескере отырып, Клейтон Альдерфер өзінің ERG теориясын ұсынды.
Альдерфер адам қажеттіліктерінің бір уақытта қатар өмір сүре алатынын және бұл иерархияның қатып қалған қағида емес, өте икемді дүние екенін дәлелдеді. Яғни адам тұлға ретінде өсе отырып, әлеуметтік байланыстарын да нығайта алады. Алайда бұл теорияда да кері шегіну ұғымы бар. Егер жоғары деңгейдегі қажеттіліктер қанағаттандырылмаса, адам төменге қайта оралады. Бірақ бұл екі теория да адамды белгілі бір дәрежеде сыртқы факторларға бағынышты тіршілік иесі ретінде қарастырумен шектеледі.
Бұл көзқарасқа түбегейлі бетбұрыс жасаған – белгілі австриялық психотерапевт, логотерапияның негізін қалаушы Виктор Франкл. Фашистік концлагерьде өткізген жылдарын сипаттаған «Мән іздеген жан» атты еңбегінде Франкл адамның басты қозғаушы күші физиологиялық қажеттілік немесе билікке ұмтылыс емес, ең алдымен өмірдің мәнін іздеу екенін алға тартты.
Франклдың бұл тұжырымы Маслоу пирамидасын түбегейлі төңкеріп тастады. Концлагерь жағдайында адамдардың қарапайым физиологиялық мұқтаждықтары мүлдем қанағаттандырылмады. Егер Маслоу теориясына сүйенсек, ондай жағдайда адам тек тән амандығын ойлап, рухани құндылықтан мүлдем жұрдай болуы керек еді. Алайда Франкл мүлдем басқа құбылысты байқады. Лагерьдегі ең ауыр сынақтарға төтеп беріп, тірі қалғандар – физикалық тұрғыдан ең мықтылар емес, болашаққа деген үмітін үзбей, өмірінің мәнін жоғалтпаған жандар болды. Олар үйіне оралып жақындарын құшақтауды, басқаларға қол ұшын созуды мақсат етті. Олардың «не үшін?» деген сұрағына жауап бар еді, сондықтан олар кез келген «қалай?» деген қиындыққа төзе алды.
Сонымен қатар Франкл заманауи қоғамдағы рухани қаңырау мәселесін және оның салдарынан туындайтын қиындықты сипаттады. Адамның барлық физиологиялық және әлеуметтік қажеттіліктері өтелген кезде де бойында өмір мәнін түсінбеушілік болса, ол депрессия мен мағынасыздыққа бой алдырады. Психолог Юрий Михеевтің пайымы да мұны растайды. Материалдық жағдайы жақсы, қоғамда орны бар адамдардың жиі депрессияға шалдығуының негізгі себебі – мәннің жоқтығы. Бұл мән іздеудің қажеттіліктер тізбегінің соңында емес, дәл басында тұрған ең басты экзистенциалды мұқтаждық екенін дәлелдейді.
Осы идеяны жазушы Санжар Керімбайдың бала тәрбиесі мен сәби психологиясына қатысты пайымдауымен байланыстырсақ, заңдылықты көреміз. Сәбидің дүниеге келуі – тек физиологиялық өсу ғана емес, сонымен бірге әлемді тану, оның мағыналық құрылымын қабылдау процесі. Жазушы бұл туралы былай дейді: «Сәби екеш сәбидің өзі мағынасыз, мәнсіз қызыққа жұтылғанда сана-сезімі ауытқып шыға келеді. Сол үшін де мамандар: «Балаға смартфон берме! Мағынасыз ойынға жолатпа! Ол отырған жерде мәнсіз, бос сөйлеме! Миына зақым келеді», – деп ескертуден шаршамайды. Сәби үшін Мән әлемі мағынаға толы Бесік жырымен ғана ашылады».
Ал егер адамның ішкі әлемі мәнге толмаса не болмақ? Онда материалды байлық та, өзгенің қошеметі де болар, бірақ мәнсіз өмір – іші бос қуыс сияқты. Сонда бізге өз Мәнімізді табуға не кедергі?
Адам қарыны тоқ, уайымы жоқ кезде ғана ойланатын машина емес. Біз дүниеге келген сәттен бастап, тіпті бесікте жатқан кездің өзінен-ақ мағыналық кеңістікке мұқтажбыз. Сондықтан өмір мәнін іздеуді физиологиялық қажеттіліктер өтелгеннен кейін ғана басталатын кезең деп қарастыру – қателік. Адам тән ретінде ғана емес, ең алдымен мән мен мағына ретінде өмір сүреді.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
