Халықтың рухани болмысын, тарихи жады мен мәдени құндылығын танып-білемін деген кез келген жас үшін кітапхананың есігі әрқашан ашық. Осы мақсатта біз де Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына барып, көне қолжазбалар және сирек кітаптарды көзбен көріп қайттық. Ал кітапхананың негізгі қорларды сақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлдерайым Досбергенқызы біздің барлық сауалға жауап берді. Қорда қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, араб, парсы, латын, тәжік, түрік, шағатай, татар және корей тілдеріндегі жазба мұралар жинақталған. Бүгінде қор көлемі 1040 дана болса, оның 11-і – көне қолжазба, ал 959-ы – сирек кітап.

Сонымен қатар қорда қазақ және орыс тілдеріндегі мерзімді басылымдар, соның ішінде 1913-1918 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақ» газетінің тігінділері мен Тұрмағамбет Ізтілеуовтің араб қарпінде жарық көрген «Шахнама» еңбегінің көшірмелері сақталған. Барлық қор кітапхананың WEB-РАБИС бағдарламасының «сирек кітаптар» мәлімет базасына енгізіліп, оқырман игілігіне ұсынылған.

Ал қордың ерекше бөлігінің бірі – 1925-1929 жылдары қалада жарық көрген 33 сирек кітаптың көшірмелері. Бұл кітаптардың түпнұсқасы Ұлттық кітапханада сақталса, олардың көшірмелері Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана қорында жинақталған. Бұл басылымдар – Қызылорданың ел астанасы болған тарихи кезеңдегі рухани өмірді, қоғамдық ой-пікірді, әдебиеті мен ғылымды айқын көрсететін бірегей мұралар.

Аталған 33 кітаптың басым бөлігі араб графикасымен, яғни төте жазу арқылы жазылған. Сондықтан бүгінгі оқырман үшін оларды оқу оңай емес. Осы тарихи мұраны жаңа буынға түсінікті ету мақсатында зерттеуші Әубәкір Жұмабай Байзақұлы араб қарпіндегі кітаптарды қазіргі кирилл әліпбиіне аудару жұмыстарын қолға алған. Бұл – ұлттық руханият үшін аса маңызды еңбек. Қазір осы жоба аясында үш кітап – Сәкен Сейфуллиннің «Тұрмыс толқынында», «Экспресс» және Смағұл Садуақасовтың «Ұлт театры туралы» еңбектері кирилл қарпіне аударылып, оқырманға жол тартты. Қалған кітаптарда алдағы уақытта аударылмақ. Бұл игі бастама өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір іспетті.

Қызылорданың ел астанасы болған кезеңінде жарық көрген кітаптар сол уақыттағы қоғамның саяси, мәдени, әдеби және ғылыми тынысын бейнелейді. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлының «Әліп-би (Жаңа құрал)» оқулығының орны ерекше. Бұл еңбек қазақ тілінің табиғатына негізделген жаңа әліпбиді үйретуге арналған маңызды оқулық болып, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосты. Кітаптың суреттермен безендірілуі де сол кезеңдегі оқыту әдістемесінің жаңашылдығын көрсетеді.

Әдеби мұралардың қатарында Сәкен Сейфуллиннің «Экспресс», «Тұрмыс толқынында», «Жер қазғандар» шығармалары, Ілияс Жансүгіровтің «Сағанақ», «Сықақ», «Жаңқа», «Шәркей» жинақтары, Асқар Тоқмағамбетовтің «Еңбек жыры», «Тазалық тәрбие», «Сықақ өлеңдер» еңбектері ерекше маңызға ие. Бұл шығармаларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, еңбек адамының бейнесі, елдік рух, жас ұрпақты білім мен еңбекке тәрбиелеу идеялары кеңінен көрініс тапқан.

Қордағы сирек кітаптар арасында қоғамдық-саяси мазмұндағы еңбектер де аз емес. Мәселен, Тұрар Рысқұловтың «Қазақстан» кітабында халқымыздың көне тарихы ғылыми тұрғыдан талданса, Смағұл Садуақасовтың «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» мен «Ұлт театры туралы» еңбектерінде білім беру мен ұлттық мәдениетті дамыту мәселелері қозғалады. Сонымен бірге «Неке, үй-іші және қамқорлық туралы заң», «Нотариат туралы заң, ереже-нұсқаулары» сияқты құқықтық жинақтар сол кезеңдегі мемлекеттік басқару жүйесі мен құқықтық реформалардың көрінісі болған.

Бұл ретте Сара Есованың әйел теңдігіне арналған кітаптарының да тарихи маңызы ерекше. Оның еңбектерінде қазақ әйелдерінің қоғамдық өмірге араласуы, білім алуы, құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік белсенділігі туралы құнды мәлімет берілген. Ал «Қазақ әйелдерінің өткендегісі мен қазіргі жайы» атты еңбек қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің тарихи өзгерістерін саралап көрсетеді.

Қордағы бұл кітаптар – тек әдеби немесе ғылыми туындылар ғана емес, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ қоғамының даму жолын, ұлттық сананың қалыптасуын, ағарту ісінің өркендеуін және мемлекет құру идеясын айғақтайтын тарихи құжаттар. Әр кітаптың сан тарау бетінде сол дәуірдің тынысы, ұлт зиялыларының ойы мен халықтың тағдыры көрсетілген.

Фариза ТӨРЕХАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!