Фото ЖИ арқылы жасалған
Қазіргі заманғы автокөліктер жаңа технологияның жетістігі саналады. Жеңіл қорытпалар, жоғары берікті болат, тозуға қарсы төзімді полимерлер мен сандық басқару жүйелері бүгінде тіпті бюджеттік санаттағы көліктерде де кеңінен қолданылады. Мұндай жаңашылдықтар көліктің қызмет ету мерзімін ұзартуы тиіс деген түсінік қалыптасқанымен, іс жүзінде жағдай басқаша. Кейбір су жаңа автокөліктерді көп ұзамай-ақ тот басып жатқанына куә болып жүрміз. Ендеше темір тұлпардың тез тозу себептеріне тереңірек үңіліп көрейік.
Жаңа көліктердің ұзаққа шыдамауына әсер ететін басты факторлардың бірі – экологиялық талаптардың күшеюі. Бүгінде әлем елдері атмосфераға таралатын көмірқышқыл газының көлемін азайтуды талап етеді. Экологиялық нормаларды бұзған өндірушілерге қомақты айыппұл салынып қана қоймай, кейбір модельдердің нарыққа шығуына да шектеу қойылуы мүмкін. Сондықтан автокомпаниялар көліктің салмағын барынша азайтуға ұмтылады. Себебі жеңіл көлік аз жанармай жұмсайды, тиісінше зиянды қалдық та аз бөлінеді. Салмақты азайтудың ең қарапайым жолы – кузовқа қолданылатын металдың қалыңдығын жұқарту.
Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдарында кузов металлының қалыңдығы 0,8–1 миллиметр болса, бүгінде бұл көрсеткіш 0,6–0,7 миллиметрге дейін қысқарған.
Айырмашылық аз көрінгенімен, бүкіл кузов бойынша есептегенде ондаған килограмм салмақ үнемделеді. Алайда мұның елеулі кемшілігі бар. Жұқа металл әлдеқайда тез шіриді. Коррозия металды қысқа мерзімде тесіп өтетіндіктен, көліктің пайдалану мерзімі де қысқарады.
Қазіргі көліктерде жоғары берікті болат кеңінен пайдаланылады. Мұндай болат негізінен кузовтың беріктігін арттыру үшін тіректер, бойлық арқалықтар сияқты маңызды бөліктерге ғана қолданылады. Бұл материал механикалық жүктемеге өте төзімді болғанымен, тоттан қорғайтын ерекше қасиетке ие емес. Сондықтан оның коррозияға төзімділігі түгелдей сыртқы қорғаныс қабатының сапасына байланысты. Ал бұл көрсеткіш көліктің бағасы мен өндірушінің технологиясына қарай әртүрлі болады.
Ескі көліктерде тот көбіне сыртқы бөліктен байқалса, қазіргі автомобильдерде коррозия көбіне ішкі жағынан басталады. Бұған көліктің күрделі дизайны себеп. Әдемі пішін, өткір сызықтар, түрлі сәндік қалыптар мен пластик қаптамалар автокөлікке тартымды көрініс береді. Бірақ дәл осы бөлшектердің арасына су мен лай жиналып, ұзақ уақыт кеппей қалады. Уақыт өте келе ылғал қорғаныш қабатын бүлдіріп, металлдың тоттануына жол ашады. Бірнеше жылдан кейін жаңа көліктің өзінде молдингтер мен пластик қаптамалардың астынан тоттың пайда болуы жиі кездеседі.
Одан да күрделі мәселе – кузовтың ішкі қуыстарындағы коррозия. Қазіргі автомобильдердің құрылымы өте күрделі болғандықтан, ішінде көптеген жабық кеңістік пен техникалық қуыс бар. Зауыттағы тотқа қарсы өңдеу кезінде бұл бөліктерге қорғаныш материалдары толық жетпеуі мүмкін. Ал су керісінше дренаждық тесіктер немесе резеңке тығындар арқылы оңай енеді. Ішке жиналған ылғалды шығару қиын болғандықтан, тот ұзақ уақыт көзге көрінбей дамиды. Көлік иесі бұл мәселені көбіне техникалық қызмет көрсету кезінде ғана байқайды.
Қазіргі автокөліктерде алюминийден жасалған бөлшектердің саны артып келеді. Капот, алдыңғы қанаттар және аспа жүйесінің кейбір элементтері осы материалдан өндіріледі. Оның негізгі мақсаты көліктің салмағын азайту және коррозияға төзімділікті арттыру. Шынында да, алюминий темір секілді тот баспайды. Оның бетін химиялық әсерден қорғайтын табиғи оксид қабаты болады. Алайда мәселе алюминийдің болатпен түйіскен жерінде туындайды. Екі түрлі металл бір-бірімен жанасып, арасына ылғал түскен кезде гальваникалық реакция жүреді. Соның салдарынан болат бөлшектердің тотығуы әлдеқайда жылдамдайды.
Қазіргі қалалардағы қысқы жолдар да автомобиль кузовы үшін үлкен қауіп төндіреді. Қар мен мұзды еріту үшін жолдарға мол мөлшерде химиялық реагенттер себіледі. Олар қармен, сумен және лаймен араласып, көліктің барлық бөлігіне жабысады. Химиялық қоспалар әсіресе доңғалақтар арқылы кузовтың қол жетпейтін тұстарына шашырайды. Бұл заттар лак-бояу қабатындағы ұсақ жарықтар мен сызаттар арқылы металға жетіп, коррозия процесін жылдамдатады. Тіпті қосымша антикоррозиялық өңдеуден өткен көліктердің өзі қала жағдайында мұндай әсерден толық қорғана алмайды.
Зерттеулерге сәйкес, жолдарға химиялық реагенттер қолданылатын өңірлерде кузовтың бұзылу жылдамдығы орта есеппен төрт есеге дейін артады. Оның үстіне реагенттер тек металға ғана емес, қорғаныш жабындарына да әсер етіп, оларды біртіндеп әлсіретеді. Қорғаныш қабаты бүлінген соң коррозия металлға тікелей шабуыл жасайды. Әдетте қымбат санаттағы көліктер бұл тұрғыда жақсырақ қорғалған. Олардың лак-бояу жабыны сапалырақ әрі қалың болады, сондықтан жарықтар мен ұсақ сызаттардың пайда болу ықтималдығы төменірек.
Жаңа автокөліктердің тезірек тот басуы олардың сапасының төмендігін білдірмейді. Бұл экологиялық талаптардың күшеюі, салмақты азайтуға бағытталған инженерлік шешімдер, күрделі кузов конструкциясы, әртүрлі металдың қатар қолданылуы және қысқы жолдарға себілетін химиялық реагенттердің жиынтық әсерінен туындайтын құбылыс. Сондықтан көліктің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін кузовты жүйелі түрде жуып тұру, қыс мезгілінен кейін толық тазалау, лак-бояу қабатындағы зақымдарды уақытылы қалпына келтіру және антикоррозиялық өңдеуді мерзімінде жүргізу маңызды.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!