Қиял-ғажайып оқиға мен тылсым тұлғаға сену балалардың ойлау қабілетін арттыратыны белгілі. Ал оны өнер арқылы суреттеп, айналаға өз әлемінің бейнесімен астастырып көрсету – тума таланттың белгісі. Қызылордалық 6 жасар Бағлан Амандықұлы да ермексаз арқылы қиялдағы кейіпкерлерді мүсіндеуіді әдетке айналдырған. Бүгінде оның мультфильм қаһармандары және бағзы заман жануарларын бейнелеген туындылары қарапайым халықтың ғана емес, кәсіби мамандардың да қызығушылығын тудыруда.

Біз де бала таланттың туындыларымен кездейсоқ таныстық. Бағланның әкесі, өнер жанашыры Амандық Қуандықұлы  әлеуметтік желіде жас өркеннің ермексазбен жасаған жұмысын жариялапты. Аңғарған жанға, туындылардың мүсіндеу қалпы мен көркемдік деңгейі көңіл көншітеді. Тіпті 6 жасар бала емес, ересек адам жасағандай әсер қалдырады екен. Содан болар, бала таланттың талғамын, танымынан сырт тартпақ ниетте әкелі-балалы өнер иелерімен әңімелесуді жөн санадық.

Жас мүсіншінің туындыларымен танысқан оқырман автордың мінез-құлқын өзгеше елестеуі мүмкін. Алайда Бағланды алғаш көргенде оның сабырлы, балаға тән ұяң қалпы сүйсіндірді. Осыдан-ақ баланың бойындағы эмоциялық қуаты мен ішкі энергиясын өнерге бағыттағанын ағару қиын емес. Қойылған сауалдарға да қысқа жауап қайтарып, ойын бір-екі ауыз сөзбен жеткізуге тырысады. Әкесі баланың бар зейінді оқу-білімге қойғанын, үйде де ермегі ермексазбен мүсін жасау екенін жеткізді.

– Бүгінгі баланың ойлау жүйесі, дүниетанымы мүлде бөлек. Бір көрген, естіген жаңалықты лезде есте сақтап, өзгеріске бейім келеді. Бағлан да аса зеректігінің арқасында түрлі салаға қызығушылығы оянып, даму үстінде. Соның ішінде ермексазбен мүсін жасауды ерекше ұнатады. 4 жасынан бастап осы өнерді серік етіп келеді. Алғаш балабақшада жүргенде түрлі кейіптегі мүсіндерді жасайтын. Кейін уақыт өте күрделі, көркемдік деңгейі жоғары бейнелерге әуестене бастады. Әдепкіде ойы бөлінсін деген мақсатта керекті құралдарды әперіп, ермек есебінде қараған едік. Кейін кәсіби мамандар мен халық баламның ерекше дарыны бар екенін айта бастады. Содан бері ықылас қойып, өнерін дамытуға күш салып келеміз, – деді әкесі.

Жас талант кейіпкерлерін даңдауда ерекше әдіске сүйенеді. Алдымен өзіне ұнаған мультфильм немесе ертегі кейіпкерін мұқият зерттесе, кейін ғаламтордан түрлі өңдегі суретін жүктеп, қағазға түсіреді. Соңы меже –мүсіндеу. Ата-анасы да зейінді баланың жұмыс процесіне кедергі келтірмеуге тырысып, үйде көп міндет жүктемейді. Кәсіби дағды, тәжірибенің енді қалыптасуы әсер етсе керек, Бағланның бір мүсінде толық дайындау уақыты 2-3 айға ұзайды екен. Осы аралықта бала бастаған істе аяқтау, Ал  мүсіндеуді бітірген бойда ол ата-анасына көрсетіп, ой-пікірін білуге талпынатын көрінеді.

Бүгінде Бағлан Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейдің  1-сынып оқушысы. Сабақ үлгерімі де жақсы. Ұстаздары дарынды баланың өнерге ғана емес, білімді де назардан тыс қалдырмайтынын айтуда. Орыс тілі мен ағылшын тілінде сөйлеуді меңгеріп жүр.

Бағланның тағы бір танымға жақындығы – ескі заман жануарларына жақындығы. Ермаксаздан жасаған мүсіннің тең жартысы бағзы заман жануарларынан құралған. Динозаврлардың түр-түр, жік-жікке бөліп айтатын Бағлан өнерде де білгенін пайдаға асырып келеді. Ескі заман жануарларын бейнелеу арқылы ой-өрісін кеңейтуге жол ашып, өзге балалардың да қызығушылығын оятуға талпынады. Мұнан бөлек, комикс, ертегі кейіпкерлері де жас дарынның қиялына қанат бітірген. Оның әрбір жұмысы жай бейнелік мүсін емес, эмоциялық әсер сыйлайтын толыққанды туындыға айналуда.

– Жақын арада Бағланның жасаған мүсінін көпке көрсету, халықтың пікірін білу мақсатында әлеуметтік желіге жүктеген едім. Баламның жасаған жұмысын көргендер лебіз білдіріп, сәттілік тілеп жатты. Тіпті Сыр елінің белгілі суретшісі Қайырбай Зәкіров ағаның өзі арнайы хат жазып, ақыл-кеңес берді. Ерекше дарыны бар баланы еркін өсіру керегін, бағыт-бағдар беруге асықпай қажетін ескертіп, баланың ойын жетілдіруге қолдау көрсетуді тапсырды. Біздің де мақсат-мүддеміз баланы бағыттау емес, оның сана-сезімінің қалыптасып, еліне лайықты азамат болуын қамтамасыз ету-тұғын. Түптеп келгенде өнер-ғылым адамының ең басты міндеті үлгі-өнеге көрсету екенін сезінгенін қалаймыз, – дейді Амандық Қуандықұлы.

Дарынның тегі де тегін емес. Өнер қонған әулеттің ұрпағы бабасынан қалған ізді жалғастырып келеді. Атасы Қуандық жырау Берлібайұлы Сыр өңірінің даңқын әлемге танытып, ұлттық өнерді ұлықтаған тұлға болған. Мұхит асып, Жапонияда өнер көрсеткен дарын қазақ руханиятының дамуына үлес қосты. Бағланның әкесі Амандық Қуандықұлы да ата-мұрадан алыс кетпеген жан. Мәдениет саласында адал еңбек етіп, көптің алғысын алуға талпынып келеді.

Осындай зиялы отбасының өкілі Бағланның да ерте жастан өнерге құштарлығы артып, ата-баба салған жолды жалғастырмақ ниетте. Жас өркеннің бүгінгі аяқ-алысы мен таным-түсінігін бағамдау арқылы талантты баланың әлі талай толымды туындыны өмірге әкелетініне сенім беки түсті.

Берен Шағыров

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!