фото: massaget.kz
Бүгінде білегіне сағат тақпаған адам бірен-саран. Смартфондар заманы келгенімен, қолсағат әлі де танымал әрі сұранысқа ие аксессуарлардың бірі болып қала береді. Алайда көпшілік оның адам өміріне енуіне соғыстың ықпал еткенін біле бермейді.
Ғасырлар бойы сағат қалтада алып жүретін бұйым саналған еді. XVIII-XIX ғасырдағы ерлер киімінде арнайы сағат қалтасы болған. Ал оған тағылған шынжыр қажеттілік қана емес, иесінің әлеуметтік мәртебесін білдіретін сәндік белгі еді. Қалтасынан сағатын шығарып, қақпағын ашып, уақытқа көз салу сол дәуірдің қалыпты көрінісі болатын.
Дегенмен оны қолға тағу идеясы XIX ғасырдың басында-ақ пайда болған. Тарихшылардың айтуынша, 1810 жылы сағат жасайтын шебер Авраам-Луи Бреге Наполеон Бонапарттың қарындасы Каролина Мюратқа арнайы білезік-сағат әзірлеген. Алайда мұндай бұйымдар уақыт көрсететін құралдан гөрі қымбат әшекей ретінде бағаланды. Оны көбіне әйелдер пайдаланса, ер адамдар мұндай жаңашылдыққа күмәнмен қараған.
Қолсағаттың шын мәніндегі қажеттілігі XIX ғасырдың екінші жартысында байқала бастады. Бұл кезеңде әскери қақтығыстардың сипаты өзгеріп, уақыттың дәлдігі ерекше маңызға ие болды. Артиллериялық шабуылдарды үйлестіру, әскер бөлімдерін басқару, барлау операцияларын жүргізу – мұның бәрі уақытқа тәуелді еді. Осы кезеңде қалта сағаты қолайсыздық тудыра бастады. Уақытты білу үшін офицер жұмысын тоқтатып, сағатын қалтасынан шығарып, тілшесіне қарауы қажет. Бейбіт жағдайда бұл бірнеше секунд қана алса, шайқас кезінде мұндай кідірістің өзі үлкен қауіпке айналуы мүмкін еді.
Осылайша сағатты арнайы белдікпен қолға тағу идеясы кең тарала бастады. Кейбір дерекке сүйенсек, мұндай өзгерістер алғаш рет үшінші ағылшын-бирма соғысы кезінде қолданылған. Ал басқа зерттеушілер қолсағатқа деген жаппай сұраныс XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы екінші ағылшын-бур соғысы кезінде пайда болғанын айтады. Офицерлер шеберлерден қалта сағатының корпусына белдік тағатын арнайы құлақшалар орнатып беруді өтінген. Осылайша қарапайым қалта сағаты қолсағатқа айналды.
Бұл шешімнің ыңғайлылығы көп ұзамай өндірушілердің назарын аударды. 1901 жылы британдық «Mappin & Webb» компаниясы әскери қызметкерлерге арналған алғашқы сериялық қолсағаттардың бірін шығарды. Ол қазіргі сағаттарға мүлде ұқсамайтын. Корпусы қалта сағатындай үлкен әрі дөңгелек болғанымен, оған тек белдік бекітетін бөлшектер қосылған еді. Оған қарамастан бұл модельдер қазіргі қолсағаттардың бастауына айналды. Қолсағаттардың нағыз гүлдену кезеңі бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді. Майдандағы миллиондаған сарбаз бен офицер уақытты үнемі бақылап отыруға мәжбүр еді. Сол кезеңде-ақ бүгінге дейін қолданылатын көптеген талап қалыптасты. Мәселен қараңғыда көріну үшін цифрлар мен тілшелерге радий негізіндегі жарық беретін қоспа жағылды. Сағат корпустары берік жасалып, шынылары судан қорғайтын арнайы қорғанышпен күшейтілді.
Ең қызығы, 1916 жылы жарық көрген британдық офицерлерге арналған анықтамалықта қолсағат майданға қажет заттардың тізімінде бірінші орында тұрған деседі. Ал одан кейін револьвер, дүрбі, компас және басқа да жабдықтар көрсетілген. Бұл сол кезеңде сағаттың қаншалықты маңызды құрал болғанын аңғартады.
І дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін күтпеген өзгеріс орын алды. Майданнан оралған ардагерлер қолсағат тағу әдетінен бас тартқысы келмеді. Бұрын тек әскери қажеттілік саналған бұйым күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. 1920 жылдары қолсағаттар қалта сағаттарын біртіндеп ығыстырып, кең қолданысқа енді.
Қолсағат эволюциясының келесі кезеңі авиациямен байланысты. Ұшқыштар үшін ұшақты басқару кезінде уақытты жылдам есептеу аса маңызды еді. Сондықтан үлкен цифрлы, анық тілшелі және көлемді циферблаты бар сағаттар шығарыла бастады. Кейін мұндай шешімдер азаматтық үлгілерге де енгізілді.
ІІ дүниежүзілік соғыс сағат индустриясына тағы бір серпіліс әкелді. Әскерилерге аптап ыстықта да, қақаған суықта да, жоғары ылғалдылық пен үздіксіз діріл жағдайында да жұмыс істей алатын сенімді құрылғылар қажет болды. Осы қажеттіліктің арқасында су өткізбейтін, соққыға төзімді әрі дәлдігі жоғары сағаттар жасалды. Сол кездегі көптеген технология әлі күнге дейін қолданылып келеді.
Қазір қолсағат уақыт көрсететін құралдан гөрі стиль мен талғамның белгісіне айналған. Дегенмен оның тарихына көз жүгіртсек, бұл қарапайым аксессуардың пайда болуы әскери қажеттіліктен басталғанын байқаймыз. Кейде адамзаттың күнделікті өміріндегі үйреншікті заттардың өзі күтпеген жағдайда дүниеге келеді.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!