Бүгінде кофе жай ғана сусын емес, бөлек бір мәдениет ретінде қалыптасты. Оны ішудің өзіндік әдебі мен дәстүрі де бар. Ең қызығы, кей халықтар үшін ол ата-бабадан мирас болған ажырамас салт болса, енді бірі оны сергектік сыйлайтын емдік құрал санайды.

Әлемге әйгілі «Nestle» компаниясының зерттеулеріне сүйенсек, әр елдің кофеге қатысты ырым-тиымы бар. Ендеше, бойға қуат беріп, ойды ширататын бұл сиқырлы сусынның қандай беймәлім тұсы бар екенін қарастырайық.

Әуелі Қазақстанға зер салсақ, 2024 жылы кофені тұтыну деңгейі 12,85 мың тоннаны құраған. Бұл «Euromonitor International»-дың жүргізен зерттеуінен шыққан сан. Бірақ «MAF Group» компаниясының айтуынша, Финляндия секілді елдерде бұл көрсеткіш 300 есе жоғары. Себебі олар үшін кофе тек ұйқыны бәсеңдету құралы емес, мәдениеттің бір бөлігі саналады. Мұнда тіпті кофеге арналған фестиваль өтеді. «Meira» компаниясының қызметкері Хэйди Пяйвянием Финляндияның 90% тұрғыны кофе ішетіні және бір жыл көлемінде халық 50 миллион келі өнім тұтынатыны туралы мәлімдеді. Бұл күніне шамамен 4-5 порцияны құрайды.

Ал кофені ұлттық қазынаға айналдырған Эфиопия елінде бұл өнімнің дәмі алғаш дәннің дәмімен бірдей. Себебі мұнда оны өсіру үшін ешқандай дәрі-дәрмек қолданылмайды. Ал оны қонаққа ұсыну – ерекше дәстүр. Ең алдымен сусынды үлкендерге береді. Бұл сыйластықтың белгісі. Ұсыныстан бас тарту әдепсіздік саналады. Қазақтың «өзіміз отырып шай ішейік» дегені Эфиопияда «бірге кофе демдейік» дегенімен теңеседі.

Кофе Түркияда да танымал сусынның бірі. Түрік сериалдарын қарасаңыз, үйлену тойдың алдында қалыңдық күйеу жігіттің ата-анасына кофе әзірлейді. Яғни кофеге байланысты кей дәстүрлері бүгінге дейін сақталған. Егер қонақ сусынды мақтаса, бұл күйеу жігіттің таңдаудан қателеспегенін білдіреді.

Ұқсас дәстүр Грецияда да бар. Қыздар жігіті сөз салған жағдайда жауабын кофе арқылы білдіреді екен. Егер кофенің дәмі жақсы, көбігі қалың болса − келіскені, ал керісінше, көбіксіз сусын – жігіт қыздың көңілінен шықпады деген сөз.

P.S. «Жүрекке кофе де, кофехана да керек емес. Жүрекке дос, сырлас керек. Ал кофе – жай ғана сылтау» деген бар емес пе еді?! Сондықтан келесі жолы кофе ішкенде досыңызды шақыруды ұмытпаңыз.

М. МАЙБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!