Әділет министрлігі балаға ат қою рәсіміне байланысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистер министрлікке «Балаларға Алдар Көсе, Аяз Ата сияқты ертегі не мифологиялық кейіпкерлердің есімін беруге бола ма? 30 таңбадан асатын есімдерге шектеу бар ма?» деген сауал тастаған.
Құзырлы орган ат қоюда арнайы шектеулер жоқ екенін мәлімдеді.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балаға есім беру – ата-ананың немесе заңды өкілдердің құқығы. Есім қоюға қатысты қандайда бір шектеу не тыйым салынған есімдер тізімі жоқ»,—делінген жауапта.
Яғни, ата-аналар баласына қалаған есімін қоя алады, оның ішінде халық ертегісіндегі кейіпкерлердің есімдері де бар. Алайда бұл есімдер бала құқығын бұзбауы және ақылға қонымды болуы тиіс.
Айта кетейік, 2022 жылғы 14 шілдеден бастап Қазақстанда есім, тегін немесе әкесінің атын өзгерту бойынша жеке мемлекеттік тіркеу процедурасы алынып тасталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!