фото: burdastyle.ru
Тарихтағы ұлы жаңалықтардың көбі кездейсоқ ашылған десек, қате болмас. Пенициллин, микротолқынды пеш, рентген сәулелері. Мұның бәрі мүлдем басқа дүниені іздеп жүргенде пайда болды. Соның ішінде бүгінде әр үйдің құрал-сайман жәшігінен табылатын желім де бар. Оның шығу тарихы туралы білу үшін желім шығаратын «Д.В.А.-Атлант» компаниясының зерттеуіне зер салайық.
Бұл химиялық қосындының авторы – америкалық химик Гарри Кувер. Бәрі 1942 жылы басталды. ІІ дүниежүзілік соғыс қызып тұрған уақытта Гарри Кувер алдына үлкен мақсат қойды. Ол мергендік винтовкалардың оптикалық нысаналары үшін өте мөлдір әрі төзімді пластик жасап шығуы керек еді. Зерттеу барысында ол «цианоакрилат» деп аталатын жаңа химиялық затты синтездейді. Алайда Кувер бұл жаңалыққа қуана қоймады. Керісінше, ол жаңа заттың тым жабысқақ екеніне көріп, көңілі түседі. Бұл дүние тиген жеріне бірден жабысып, зертханалық құралдарды бүлдіреді. Оптикалық линзаларға мүлдем жарамайтын сәтсіз материалды Кувер қоқыс жәшігіне тастайды.
1951 жылы Гарри Кувер әлі де сол әйгілі «Eastman Kodak» компаниясында қызмет етіп жүрді. Бұл жолы оның тапсырмасы басқаша – реактивті ұшақтардың кабинасына арналған ыстыққа төзімді желім ойлап табу. Зерттеу тізіміндегі материалдардың ішінде баяғы цианоакрилаттардың бірі – «910» нөмірімен тіркелген үлгі де бар еді. Зертханада жұмыс істеп жүргенде Кувер бұл заттың екі линзаны бір-біріне айырылмастай жабыстырып тастағанын көреді. Ол 1942 жылғы сәтсіз тәжірибесін есіне түсіріп, бұл заттың кемшілігі шын мәнінде оның ең басты артықшылығы екенін түсінеді. Химиктің басына «Бұл пластик емес, бұл – әлемдегі ең мықты желім» деген ой сап ете түседі. Алайда затты нарыққа шығару оңай болған жоқ. Оның құрамын оңтайландырып, тұрақты күйге келтіру үшін тағы жеті жыл уақыт кетті. Осылайша, 1958 жылы әлемдік нарыққа алғаш рет «Eastman 910» деген атаумен алғашқы супержелім шықты.
Жаңа өнертабысты халыққа таныту үшін Гарри Кувер танымал «I’ve Got a Secret» телешоуына қатысты. Тікелей эфирде Кувер темірге бір тамшы желім тамызып, оны тросқа жабыстырды. Бірнеше секундтан кейін ол сол тросқа асылып, ауада қалықтап тұрғандай көрініс берді.
Жарнама мұнымен тоқтамады. 1959 жылы Кувер тағы бір таңғажайып трюк жасады. Ол желіммен бекітілген кранның көмегімен үлкен жеңіл автокөлікті жерден көтеріп, халыққа көрсетті. Бұл демонстрация супержелімнің атағын аспандатып жіберді. Гарри Кувер суперклейдің арқасында миллиардер болған жоқ, өйткені патент «Eastman Kodak» компаниясына тиесілі еді. Дегенмен, ол өмірінің соңына дейін 460-тан астам патент иегері атанып, ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Суперклей тек тұрмыста ғана емес, медицинада да кеңінен қолданыла бастады. Вьетнам соғысы кезінде бұл желім мыңдаған сарбаздың өмірін сақтап қалды, өйткені ол қан кетуді лезде тоқтатуға мүмкіндік беретін.
Тек өмірінің соңғы жылдарында ғана Гарри Куверге тиісті құрмет көрсетілді. АҚШ Президенті оны «Технология және инновация саласындағы еңбегі үшін» ұлттық медалімен марапаттады.
Қоқысқа тасталған идея бірнеше жылдан кейін әлемді өзгерткен ұлы жаңалыққа айналды. Бүгінде біз бір дүниені сындырып алсақ, ойланбастан Гарри Кувердің «сәтсіз» ашылған ғажайып желімін іздейтініміз анық.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!