Қазақстандықтар жылына бір рет жеке несие тарихын тегін тексеріп, қате деректерді даулауға құқылы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Несие тарихын қайдан тексеруге болады?
Әрбір азамат жылына бір рет өзінің несие тарихын тегін ала алады. Ол үшін Бірінші кредиттік бюроның мобильді қосымшасы немесе сайты, eGov.kz порталы, Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ЦОН), «Қазпошта» бөлімшелері немесе бюроның кеңсесіне жүгіну қажет. Сондай-ақ, мұндай қызметті Мемлекеттік кредиттік бюро да көрсетеді. Бір жыл ішіндегі қайталама сұраныстар ақылы болады.
Несие тарихындағы қателіктерді қалай түзетуге болады?
Егер несие тарихында қате мәліметтер табылса (мысалы, жабылған несие бойынша кешіктірілген төлем туралы жазба), онда қате ақпаратты жіберген банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарласу қажет. Шағымды дәлелдейтін құжаттар (мысалы, несие өтелгені туралы анықтама немесе банктік үзінді көшірме) ұсыну керек. Агенттік қате ақпаратты дер кезінде түзету қажет екенін ескертеді, өйткені бұл болашақта несие алуға кері әсер етуі мүмкін.
Қатені Fingramota.kz сайтында онлайн түрде тегін даулауға болады. Ол үшін сайттағы «Өнімдер мен қызметтер» бөліміндегі «Несие тарихындағы ақпаратты даулау» тармағына кіріп, ЖСН және телефон нөмірін көрсетіп, арнайы форманы толтыру керек.
Несие тарихын бақылау қызметі
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие тарихындағы кез келген өзгерістер туралы хабарлама алып отыру үшін «Несие тарихын бақылау» қызметіне қосылуды ұсынады. Бұл қызмет eGov.kz порталында, сондай-ақ Бірінші кредиттік бюроның мобильді қосымшасы немесе сайтында қолжетімді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!