фото: kikkoman.ru

Буы бұрқыраған кеспенің иісі мұрынға жеткенде, көп адамның көзіне бірден корей дорамаларындағы көрініс келеді. Терезені сабалай соққан жаңбыр, үстел үстіндегі қызыл түсті ыстық сорпа, таяқшамен көтерілген ұзын кеспе және үнсіз ойға шомған кейіпкер. Қарапайым ғана тағам секілді көрінгенімен, рамён бүгінде әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі. Ол тек ас емес, тұтас бір дәуірдің, өмір салтының және жастар мәдениетінің символы.

Рамённың тарихы тереңде. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде халыққа тез дайындалатын әрі арзан тағам қажет болды. Уақыт өте келе қарапайым кеспе түрлі дәмдеуішпен толықтырылып, бүгінгі көпшілік сүйіп жейтін тағамға айналды. Қазір дүкен сөрелерінде оның ащы, теңіз өнімдері қосылған, ірімшік, тауық еті немесе көкөніс қосылған түрлері қосылған түрлері кездеседі.

Әдетте қаптамадағы кеспе қайнап тұрған суға салынып, 3-5 минут көлемінде пісіріледі. Кейін оған арнайы дәмдеуіш ұнтағы мен кептірілген көкөністер қоспасы қосылады Кейбір адамдар рамённың дәмін байыту үшін жұмыртқа, ірімшік, саңырауқұлақ, көк шөп немесе ет өнімдерін араластырып дайындайды. Осылайша бірнеше минутта хош иісі аңқыған, буы бұрқыраған ыстық тағам әзір болады.

Заманауи өмірдің жылдам қарқыны рамёнды ерекше танымал етті. Уақытың болмағанда, қарбалас кезеңде ауқаттанғың келсе бірнеше минутта дайын болатын тағам көптеген адамның құтқарушысына айналды.

Дегенмен оның атағын арттырған тағы бір құбылыс бар. Ол – корей мәдениетінің әлемге кеңінен таралуы. Кейінгі жылдары корей музыкасы, кино туындылары мен көп сериалы дорамалары миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулап алды. Экран алдында отырған көрермен сүйікті кейіпкерлерінің рамён жеп отырғанын көріп, оның дәмін сезініп көргісі келеді. Осылайша бір елдің күнделікті тағамы жаһандық қызығушылыққа ие болды.

Әрине, мамандар мұндай тағамды шамадан тыс тұтынуға болмайтынын ескертеді. Дұрыс тамақтану қағидаларын ұстану әрқашан маңызды. Сондықтан рамён күнделікті ас мәзірінің негізгі бөлігі емес, кейде уақыт үнемдеуге немесе жеңіл тамақтануға арналған арналған балама ретінде қарастырылғаны жөн.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!