Бала күнімізде дүкен сөресінен түрлі-түсті орамасы көз тартқан домалақ кәмпит көргенде, еріксіз қол созатынбыз. Аузымызға салған сәтте баяу еритін сол тәттінің артында тұтас бір тарих жатқанын көпшілік біле бермейді. Бүгінде әлемге танымал Chupa Chups қарапайым ғана ойдан туғанымен, нағыз жаңашылдықтың жемісіне айналды.

ХХ ғасырдың ортасында Испанияда кәмпиттер көбіне шайналатын немесе қолға жабысып қалатын күйде сатылатын. Балалар тәттіні жеген сайын қолын былғап, ата-ананы жиі әуреге салатын. Осы мәселені байқап, оны өзгертуді ойлаған испан кәсіпкері Энрик Бернат «Неге кәмпитті қолмен емес, таза күйінде жеуге болмайды?» деген сауалға әрекетпен жауап беруді шешті.

Осы ойдан кейін ол кәмпитті таяқшаға орналастыру идеясын ұсынады. Бұл тек ыңғайлылық қана емес, нағыз революциялық шешім еді. Бала кәмпитті ұстамай-ақ, таяқшасы арқылы жей алады. Алғашында өнімге «Gol» деген атау берілгенімен, кейін ол әлемге танымал атауға ие болды.

Бұл брендтің логотипін атақты суретші Сальвадор Дали жасаған. Ол логотипті кәмпиттің үстіне емес, дәл ортасына орналастыруды ұсынған. Сол себепті бүгінге дейін «Chupa Chups» орамасының дизайны ерекше әрі бірден көзге түседі.

Уақыт өте келе бұл тәтті тек Испанияда ғана емес, бүкіл әлемде кең тарады. Оның танымал болуының сыры қарапайымдылығында еді. Жеуге ыңғайлы, қол былғанбайды, әрі түрлі дәмде ұсынылады. Осылайша, қарапайым кәмпит балалар мәдениетінің бір бөлігіне айналды.

Қазір «Chupa Chups» бренді тәтті кәмпиттен бөлек, өзге де тіскебарда өндіреді. Мәселен, түрлі дәмі бар энергетикалық сусындар мен көпшілік сүйсіне жейтін мармеладтармен қатары толысты. Тіпті декоративті косметика өндірісінде де өзіндік орын қалыптастырып, сапалы дүниелерді шығарумен айналысады.

Тәттілердің тарихына үңілсек, ол адамзат өркениетімен қатар дамығанын көреміз. Ежелгі адамдар тәттіні алғаш рет табиғи балдан тапқан. Кейінірек қант өндірісі пайда болып, түрлі десерт жасала бастады. Орта ғасырларда тәттілер тек байлардың дастарқанында ғана болатын сирек тағам еді.

Қанттың кеңінен таралуы кондитерлік өнердің дамуына жол ашты. Франция, Италия секілді елдерде түрлі кәмпит пен десерттің жаңа түрі пайда болды. Бірте-бірте тәттілер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.

Бүгінде біз жейтін карамель, шоколад, мармелад секілді тәттілердің тарихы бар. Мысалы, карамель қантты қыздыру арқылы кездейсоқ ашылған тіскебасар саналады. Ал шоколад алғашында ащы сусын ретінде қолданылған.

Бүгінде дүкен сөресіндегі әрбір тәттінің артында осындай қызық оқиғалар бар.

Тәттінің зияны жайлы жиі айтылғанымен, оның ағзаға белгілі бір пайдасы да бар екенін ескерген жөн. Қант – адам ағзасы үшін жылдам энергия көзі. Әсіресе, ми жұмысы үшін глюкоза аса қажет, сондықтан аз мөлшердегі тәтті шаршағанда сергітіп, ойлау қабілетін уақытша жақсарта алады. Бұдан бөлек, тәтті жеген кезде ағзада қуаныш гормоны атанған эндорфин бөлініп, көңіл күй көтеріледі. Кей жағдайларда бұл күйзелісті жеңілдетуге де көмектеседі. Дегенмен мәселе мөлшерде жатыр. Шамадан тыс тұтыну зиян, орнымен жесек ағзаға кесірі жоқ, керісінше, аз да болса пайдасын тигізуі мүмкін.

Нұршат НЫШАНОВА


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!