Қоюландырылған сүт – бүгінде көпшілік сүйіп тұтынатын тәтті сүт өнімдерінің бірі. Ол сүтті ұзақ уақыт қайнатып, құрамына қант қосу арқылы дайындалады. Осындай өңдеудің нәтижесінде өнім ерекше карамель дәміне ие болып, қою әрі біркелкі массаға айналады. Қазір танымал болғанымен, қоюландырылған сүт бірден халықтың сүйікті асына айнала қойған жоқ.

Қоюландырылған сүттің пайда болу тарихы туралы бірнеше нұсқа бар. Солардың бірі француз өнертапқышы Николя Франсуа Аппердің есімімен байланысты. Ол консервілеу саласының негізін қалаушылардың бірі. Аппер өз тәжірибесінде герметикалық жабылған банкідегі өнімдерді қайнату арқылы олардың сақтау мерзімін ұзартуға болатынын байқаған. Бұл жаңалық оны сүтке де осындай әдісті қолданып көруге жетеледі.

Алғашында ол шыны ыдыстарды пайдаланғанымен, жоғары температурада олардың жиі жарыла берген. Кейін шыныны металл банкаларға алмастырған. Осылайша консерві өндірісінің негізін қалады. Аппер түрлі тағамдарды консервілеуді жалғастырып, өз дүкенін ашады. Оның өнімдері сұранысқа ие болып, 1810 жылы еңбегі үшін Наполеон Бонапарттың марапатына ие болған. Сол жылы өнертапқыш тағамдарды консервілеу тәсілдерін баяндайтын басты еңбегін жариялады. Оның зерттеулері азық-түлік өнеркәсібінің дамуына үлкен үлес қосты.

Қоюландырылған сүттің дамуына елеулі үлес қосқан тағы бір тұлға – америкалық кәсіпкер Гейл Борден. Ол да азық-түлікті ұзақ сақтау жолдарын зерттеген. Тәжірибе барысында сүтке қант қосып қайнатқанда оның қоюланып, дәмінің байи түсетінін анықтайды. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Себебі бұл қоспа ыдыстың түбіне жабысып, күйіп кете берген. Мәселені шешу үшін Борден ыдыстың ішін майлап көреді. Осылайша проблема шешіліп, қоюландырылған сүт өндіретін арнайы құрылғы пайда болды. Кейін ол бұл өнімді жаппай өндіріске шығарады.

Қоюландырылған сүт АҚШ-тағы азамат соғысы кезінде ерекше танымалдыққа ие болды. Себебі ол ұзақ сақталатын, құнарлы әрі әскерилерге ыңғайлы тағам еді. Осы табыстан кейін Борден өз өндірісін кеңейтіп, бірнеше зауыт ашады. Сөйтіп, қоюландырылған сүт тек тәтті тағам ғана емес, азық-түлік өнеркәсібінің маңызды өніміне айналды.

Тағы бір аңыз бойынша, қоюландырылған сүт 1829 жылы Аргентинада кездейсоқ пайда болған көрінеді. Азамат соғысы аяқталар тұста екі қарсылас ге- нерал бітімге келіп, мереке ұйымдастырады. Сол тойға дайындалып жатқан аспаз әйел сүт құйылған банканы плитада ұмытып кетеді. Қайнап кеткен банка жарылып кетсе де, қалған өнімнің дәмін татып көрген генерал оның ерекше дәміне таңғалады. Содан бастап бұл тәтті Аргентинада кең таралған десертке айналған деген әңгіме бар.

Ал бұл өнімнің Ресейдегі тарихы да қызық. XIX ғасырда Орынборда алғашқы қоюландырылған сүт зауыты ашылғанымен, сұраныстың аздығынан көп ұзамай зауыт жабылып қалады. Ол кезде халық бұл жаңалықты бірден қабылдай қоймаған. Дегенмен кейбір кәсіпорындар өнімді аз көлемде шығаруды жалғастырады.

Жағдай Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде күрт өзгерді. Қоюландырылған сүт әскерилер мен жаралылар үшін құнарлы әрі қуат беретін тағам ретінде кеңінен қолданысқа енді. Соғыстан кейін, 1920 жылдардың басында оның өндірісі қарқынды дамып, жаңа зауыттар ашыла бастады. Сұраныс та жыл сайын арта түсті.

1979 жылы қоюландырылған сүт өндірісіне қатысты арнайы мемлекеттік стандарт қабылданды. Бұл стандарт өнімнің сапасы мен құрамына қойылатын талаптарды нақтылап, өндіріс процесін реттеді. Аталған талаптар бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Қоюландырылған сүтті дайындау технологиясы аса күрделі емес. Сүттің бір бөлігі буландырылады, содан кейін оған қант қосылып, қою әрі тәтті масса алынады. Қаласаңыз оны үй жағдайында да дайындауға болады. Бүгінде қоюландырылған сүт әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен қолданылады. Ол торт, бәліш, кекс, пудинг, крем, балмұздақ секілді көптеген десерттің ажырамас бөлігіне айналған. Сонымен қатар кейбір адамдар оны шай мен кофеге қосып, сусынның дәмін байыта түседі. Тіпті түрлі коктейль дайындауға да қолданады.

Осылайша бір кезде көпшілікке тосын көрінген қоюландырылған сүт бүгінде әмбебап әрі сүйікті өнімге айналды.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!