Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебі жанынан ашылатын Джереми Коллердің Жануарлар Сезімталдығы орталығы үй жануарларымен байланыс орнатудың тың жолдарын зерттей бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Independent-ке сілтеме жасап.
Ғалымдар жасанды интеллект көмегімен ит, мысық секілді жануарлардың мінез-құлқы мен «тілін» түсінуге талпынып отыр.
Жоба аясында мамандар ЖИ арқылы жануарлардың эмоциясы мен қажеттілігін «аударуға» болатын құралдар жасауды көздейді.
Алайда сарапшылар бұл технологияның адамға ұнау үшін жалған жауаптар беру қаупіне де назар аударып отыр.
Сондықтан орталық жануарларға қатысты ЖИ-ді қолданудың этикалық және қауіпсіз негіздерін қалыптастыруды маңызды деп санайды.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл зерттеу тек жануарлармен қарым-қатынасты ғана емес, жалпы адам санасын түсінуге де жол ашуы мүмкін.
Біз үй жануарлардың адамға тән қасиеттер танытқанын ұнатамыз. Енді жасанды интеллекттің арқасында олар бізбен «сөйлесе» алатын дәрежеге жетуі мүмкін. Яғни, мүлде жаңа деңгейге көтеріледі, – дейді Орталықтың алғашқы директоры, профессор Джонатан Бёрч.
Оның айтуынша, қауіп те жоқ емес. Жасанды интеллект көбінесе шындыққа негізделмеген, тек қолданушыны қуанту үшін ойдан шығарылған жауаптар ұсынады. Бұл жануарлардың әл-ауқатына қатысты қолданылса – нағыз апат болуы мүмкін.
Жануарларға қатысты жасанды интеллектті жауапты және этикалық түрде қолдануды реттейтін ережелер шұғыл қажет. Қазіргі таңда бұл салада ешқандай реттеу жоқ. Орталық осы бағытта әлемдік деңгейде мойындалатын этикалық нұсқаулықтар әзірлеуді мақсат етіп отыр, – деді ол.
Орталық үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс істеп, әлемдік деңгейде қолдануға болатын ғылыми ұсынымдар мен зерттеу нәтижелерін әзірлеуді көздейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!