Биыл елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 528 мыңнан астам адам қатысып, 374 мыңға жуығы жұмысқа орналасты. Статистиканы толығырақ тарқатсақ.

Қазан айының қорытындысымен 6,5 мыңнан астам адам өз ісін ашу үшін жеңіл несие, ал 22,2 мыңы қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Субсидияланатын жұмыс орындарына 165,4 мың адам жұмысқа орналасқан. Соның ішінде қоғамдық жұмысқа 123 мың адам тартылған. Ал, өткен жылы аталған бағдарлама игілігін 649 мың адам көрген. 437,3 мың адам екі қолға бір күрек тапты деген дерек бар.

Өңірдегі ахуалға тоқталатын болсақ, өткен жылы облыста 40 мыңға жуық адам бағдарлама қатысушысы атанды. Оның жартысына жуығы жұмыссыздар, 6 мыңға жуығы өзін жұмыспен қамтығандар, 7,3 мыңы жұмыс іздеушілер және 1,6 мыңнан астамы кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқушылар, студенттер, зейнеткерлер.

Оқу орнын бітіріп, диплом алғаннан кейін түлектердің көпшілігі мамандық бойынша бірден жұмысқа орналаса алмайды. Кейбірі алған білімін басқа бағытта қолдануға мәжбүр. Осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат ететін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында биыл 362 адамды уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Жауапты ведомствоның мәліметіне сәйкес, бұл мақсатқа мемлекеттен 144 млн 549 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ бүгінгі таңда елімізде медбике, заңгер, техник-бағдарламашы, есеп және аудитмамандары сұранысқа ие екені белгілі болды. Өкініштісі, 2017 жылы басталған бағдарлама биыл соңғы жыл жүзеге аспақ.

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!