Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Павлодар облысында Қаныш Сәтбаев атындағы канал мен бірқатар су шаруашылығы нысандарын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, – деп хабарлайды KAZINFORM . Жоба аясында сорғы агрегаттары мен трансформаторлар ауыстырылып, «Ертіс-Успенка» каналы қайта жөнделуде. Бұл өңірді сумен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан негізгі су шаруашылығы жобаларының орындалу барысын тексерді.

Атап айтқанда, вице-министр Қаныш Сәтбаев атындағы каналдағы сорғы агрегаттарын жаңғырту және № 87 бөгетті реконструкциялау жұмыстарының, сондай-ақ «Ертіс-Успенка» каналын реконструкциялау жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын көрді.

Нысандарды аралау кезінде Жандос Сәлімов мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, қолға алынған жобаның барлығын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

— Бұл жобалардың жүзеге асырылуы гидротехникалық нысандардың сенімділігін арттыруға, тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға, сондай-ақ өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ауқымы мен маңызын ескере отырып, министрлік бұл жобалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі.

Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес нысанда 19 сорғы агрегаты мен 17 трансформаторды ауыстыру көзделген.

Қазіргі уақытта 5 сорғы агрегатын ауыстыру жұмыстары аяқталу кезеңіне жақындады. Жақын арада тағы 5 агрегатты реконструкциялау жұмыстары басталады.

Сонымен қатар каналдың энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту аясында жоспарланған 17 трансформатордың 8-і орнатылды.

Жол картасының толық орындалуы канал жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттырып, тұтынушыларды сумен үздіксіз қамтамасыз етуге, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды пайдалану тәуекелдері мен оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!